ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМ КӨЛЕМІ 120 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚТАҒАН

Жетісай ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай серпінге қол жеткізіп, өңірлік экономиканың маңызды тіректерінің біріне айналып отыр. Бұл туралы өткен брифинг барысында аудан әкімі Серік Мамытов мәлімдеп, негізгі көрсеткіштер мен жүзеге асырылып жатқан жобаларға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 267,2 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 83,6 млрд теңгеге артқан. Бұл өсім аудан экономикасының тұрақты даму траекториясына түскенін айқын көрсетеді.

Экономиканың негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Жыл қорытындысымен бұл саладағы өнім көлемі 119,4 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар өнеркәсіп саласында да оң динамика байқалып, өндірілген өнім көлемі 45,8 млрд теңгені құрады. Аудан экономикасындағы мұндай теңгерімді даму өндіріс, агросектор және инвестиция тарту бағыттарындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі болып отыр. Инвестициялық ахуалды жақсарту – Жетісай ауданы дамуының басым бағыттарының бірі. Қазіргі таңда ауданда 12 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Асықата кентінен 59 гектар аумақта «Жетісай» индустриялық аймағы құрылып, барлық қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. Аталған аймақта биыл жалпы құны 45 млрд теңгеден асатын 12 инвестициялық жобаның құрылысы жүргізілмек. Олардың қатарында жылына 3 мың тонна сүт өңдейтін, құны 15,3 млрд теңгеге жуық «АГРО СҮТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауыты, жылына 7,5 мың тонна жіп өндіретін, құны 13,6 млрд теңгені құрайтын «TST JETYSAY TEXTIL» фабрикасы, сондай-ақ жылына 50 мың тонна мақта өңдейтін өндіріс орындары бар. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 2024 жылы 39,5 млрд теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 46,8 млрд теңгеге жетіп, өсім 118,4 пайызды құраған.

Жетісай ауданының экономикасында ауыл шаруашылығы жетекші орын алады. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытында ауданда 10 мыңға жуық шаруа қожалығы жұмыс істейді. Өткен жылы 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Өнім көлемін арттыру мақсатында 321 шаруа қожалығы 1 500 гектар алқапта екі рет өнім алу жобасын жүзеге асырған. Су ресурстарын тиімді пайдалану да басты назарда. Ауданда 783 канал мен 217 қашыртқы егістік алқаптарды сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар 2024 жылы 5 646 гектар аумаққа тамшылатып суғару технологиясы енгізіліп, су үнемдеу мен өнімділікті арттыруға мүмкіндік жасалды. Әлеуметтік салада да ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында ауданда 3 жаңа мектеп салынды. 2024 жылы Асықата кентіндегі 900 орындық, ал 2025 жылы Ынтымақ ауылдық округіндегі 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Қазіргі таңда Жетісай қаласында 1 500 орындық мектептің құрылысы аяқталу сатысында. Бұл білім беру сапасын арттырумен қатар, оқушы орындарының тапшылығын шешуге бағытталған маңызды қадам.

Тұрғын үймен қамту мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Соңғы үш жылда 240 тұрғын баспанамен қамтамасыз етілсе, жеке инвесторлар есебінен 32 пәтерлі екі несиелік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, жалпы 64 пәтер пайдалануға берілді. Инфрақұрылымдық даму бағытында да айтарлықтай нәтижелер бар. Аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі табиғи газбен қамтылған, бұл жалпы көрсеткіштің 87,6 пайызына тең. Соңғы үш жылда газбен қамту деңгейі 34,2 пайызға артқан. Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Ұлттық қор, облыстық және жергілікті бюджет есебінен соңғы үш жылда 183 шақырым жол орта жөндеуден өтті. Қазіргі таңда аудандық маңызы бар жолдардың 84,4 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биыл ұзындығы 43,1 шақырымды құрайтын 56 көше орташа жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Сонымен бірге ауданның барлық 105 елді мекені орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтылған, электр қуаты да тұрақты жеткізілуде.

Денсаулық сақтау саласында өткен жылы 1 дәрігерлік амбулатория мен 6 фельдшерлік-акушерлік пункт жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Асықата кенті мен Жаңаауыл ауылдық округінде жеке инвесторлар есебінен медициналық орталықтар бой көтерді. Бұл тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыруға және қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Жалпы, Жетісай ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жүргізіліп жатқан жүйелі саясаттың тиімділігін дәлелдеп отыр. Алдағы кезеңде де инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табады.