44 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ 20-ДАН АСТАМ ӨНДІРІС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

Сайрам ауданы әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа белестерін бағындыруда. 2025 жылдың соңына дейін аудан көлемінде 43,9 млрд теңгеге 21 жобаның жүзеге асырылуы жоспарланған, нәтижесінде 1 232 жаңа жұмыс орны ашылады. Аудан әкімінің мәліметінше, қазіргі таңда «Kuzov Karabulak» ЖШС-нің құрылыс жұмыстары 95%-ға аяқталған. Жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайтын автобөлшектер өндіретін кәсіпорында 500 жаңа жұмыс орны құрылмақ, бұл ауданның өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Аудан әкімінің айтуынша, 2025 жылы жалпы құны 30,3 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылып, 570 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде «KAZ ECO MEAT» ЖШС-нің заманауи ірі мал бордақылау алаңы іске қосылып, жылына 5 мың бас ірі қара мал бордақыланып, 10 000 тонна ет өңделуде. Сонымен қатар, «MEAT MAGNAT» өндірістік кооперативі 10 000 басқа арналған заманауи мал бордақылау алаңы мен мал қалдықтарын өңдейтін цехты іске қосты. 2026 жылы ауданда «FATIMA MEAT MAGNATE» шаруа қожалығы 10 000 бас уақ мал бордақылауға арналған кешен мен мал сою алаңын, ал «BEK-AGRO.KZ» шаруа қожалығы 5 000 бас ірі қара мал бордақылауға арналған кешенді іске қосады. Бұл жобалар Сайрам ауданының ет өнімдерін экспорттау саласындағы әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталған. Аудан республика көлемінде ет өндірісі мен мал шаруашылығы бойынша көш бастап тұр.

Экономикалық көрсеткіштер де айтарлықтай өсімде. 2025 жылдың қорытындысымен ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 418,7 млрд теңгеге жетіп, өсім 31,2%-ды құрады. Биыл бұл көрсеткішті 467 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы 158,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, салаға 8,9 млрд теңге инвестиция тартылды. 2026 жылы ауыл шаруашылығы өнімін 166,3 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Өнеркәсіп саласында да оң өзгерістер бар: 86,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген, оның 78%-ы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Биыл саладағы өнім көлемін 96,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Ал инвестициялық тартылым 181,8 млрд теңгені құрап, екі есеге өсті. Инфрақұрылым саласында да ірі жобалар іске асырылуда. Ауданға қарасты 42 елді мекен 100% ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, тозығы жеткен электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Табиғи газбен қамту көрсеткіші 92,8%-ды, ал асфальтталған жолдардың үлесі 79%-ға жеткен. Бұл шаралар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және аудандағы экономикалық дамуға серпін беруде.

Тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында жаңа мөлтек ауданның құрылысы басталған. Қарасу ауылында 57 гектар аумақта көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Жобада 5 қабатты 47 тұрғын үй, ауыл әкімшілігі ғимараты және әлеуметтік нысандар салынуда. Бұл жұмыстар аудан тұрғындарының тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты көрінісі болып табылады. Сонымен қатар, аудандағы өндірістік және әлеуметтік жобалар тұрғындарды жұмыспен қамту, экономикалық белсенділікті арттыру, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің дамуына серпін береді. Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсетіп отырғандай, жергілікті билік пен кәсіпкерлердің бірлескен жұмысы облыстың жалпы экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бағытталған. Ауданда ашылып жатқан жаңа өндіріс орындары, заманауи инфрақұрылым жобалары және әлеуметтік нысандар тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, өңірдің тұрақты дамуына елеулі үлес қосуда.