ҚАРНАҚ АУЫЛЫ ҚОҚЫСТАН ТАЗАРДЫ: ТҰРҒЫНДАР ЖАЛПЫАУЫЛДЫҚ СЕНБІЛІКТЕ БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТТЫ

Ауызбіршілігі жарасқан Қарнақ ауылының тұрғындары бүгін таң шапағымен бірге үйлерінен шығып, туған жердің тазалығы үшін жұмыла кірісті. Ауыл іші тазаланып, жаңарудың белгісі ретінде тал-дарақ отырғызылды. Бұл – бірлігі бекем елдің нақты ісімен дәлелденген өнегелі қадамы.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткен бұл жалпы ауылдық сенбілікке аузы дуалы қариялардан бастап, ел ағалары мен жас буынға дейін түгел қатысты. «Бір тал кессең, он тал ек» деген қағиданы ұстанған жұрт қураған ағаштарды ретке келтіріп, олардың орнына жас көшеттер отырғызды. Ауылдың жас әкімі де халықпен бірге иық тірестіріп, ортақ іске белсене атсалысты.
Бұл – ауыл тарихындағы алғашқы ауқымды сенбілік. Экологиялық шарадан кішкентай тұрғындар да шет қалмай, үлкендерге көмектесіп, тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосты. Нәтижесінде, бірлігі жарасқан ауылдың айналасы толықтай тазарып, көз қуантарлық кейіпке енді.
Ауылдықтар: «Бүгін еккен талдарымыз ертеңгі ұрпаққа сая болып, ауылымыздың көркін арттырса – еңбегіміздің ақталғаны», – дейді.
Осылайша, Қарнақ жұрты тек тазалық шарасын өткізіп қана қоймай, ортақ құндылықтарға деген адалдығын, туған жерге деген жанашырлығын тағы бір мәрте дәлелдеді.


