“ТАЗА ҚАЗАҚСТАН”: БАС МҮФТИ МЕН ӨҢІР БАСШЫСЫ АҒАШ ЕГУ АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

Көне шаһардың келбеті – жасыл желек. Түркістанда «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы жаңа серпінмен жалғасты. Бұл жолғы акцияның жөні бөлек, маңызы жоғары. Табиғатты қорғауға белсене білек сыбана кіріскендердің қатарында еліміздің Бас мүфтиі мен облыс әкімі бар. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанов пен өңір басшысы Нұралхан Көшеров бастаған топ қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға өз үлестерін қосты. Игі шараға тек шенеуніктер мен дін өкілдері емес, құқық қорғау саласының басшылары, ясауитанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері де бір кісідей атсалысты. Бұл – қоғамның табиғат алдындағы жауапкершілігінің жарқын үлгісі.
Соңғы екі жылда Түркістан облысы нағыз жасыл аймаққа айналды. Айта кетейік, 2 жыл көлемінде Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы бастау алған сәттен бері 2 миллионнан астам ағаш егілді. 11 саябақ, 8 сквер және 4 аллея ашылды. «Мөлдір бұлақ» акциясы арқылы 155 бұлақ, 77 өзен тазартылды. Биыл да 1 миллионнан астам ағаш егу жұмысы жүріп жатыр.



