БОРАЛДАЙДА ЖҮГІРУДЕН МАРАФОН ӨТТІ

Бәйдібек ауданына қарасты Боралдай ауылында жүгіруден марафон өтті. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өткен Боралдай марафон 2026 ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтына баулу және спортты кеңінен насихаттауды мақсат етті. Ауданның түрлі ауылдарынан 14 жастағы жасөспірімнен бастап 70 жастағы аузы дуалы қарияға дейін қатысты. 250-ге жуық азаматтың ішінен мәреге алғашқылардың бірі болып жеткендерге ерекше құрмет көрсетіліп, медальдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар марафонға ерекше ынтамен атсалысқан бірқатар тұрғындар да құрметке бөленіп, арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Бұл игілікті шараны Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Бәйдібек аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, Түркістан облысы полиция департаменті және аудандық полиция бөлімі бірлесе ұйымдастырып, оның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.



