ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТҰРАҚТЫ ДАМУ КӨРСЕТКІШТЕРІ БОЙЫНША ОҢ ӨСІМ КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

Киелі Түркістан өңірі бүгінде тек тарихи-мәдени орталық қана емес, сонымен бірге халықаралық деңгейдегі маңызды бастамалардың алтын бесігіне айналып келеді. Осы орайда, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының даму құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Сурья Девамен өткен ресми кездесуі өңірдің жаһандық аренадағы беделін тағы бір мәрте айшықтай түсті. Жоғары деңгейдегі басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары Түркістан өңірінің соңғы жылдардағы қарқынды даму көрінісін мақтанышпен баяндап, экономика, инфрақұрылым және әлеуметтік салалардағы оң көрсеткіштер мен жетістіктерге кеңінен тоқталды.
Түркістан өңірі өзінің әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз етуде Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған жаһандық тұрақты даму мақсаттарына ерекше басымдық беріп отырғанын жеткізген өңір басшылығы нақты цифрларды да сөйлетті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылдың 1 наурызындағы есеп бойынша Түркістан облысы халқының саны 2146,7 мың адамға жеткен. Оның ішінде қалалықтар 545,1 мың адамды, яғни жалпы халықтың 25,4 пайызын құраса, ауыл тұрғындары 1601,6 мың адамға жетіп, 74,6 пайыздық көрсеткішпен басымдыққа ие болып отыр. Осы орайда мемлекеттік органдар экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттілікті өзара шебер үйлестіріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кешенді саясатты жүйелі жүргізіп келеді. Бұл жүйелі жұмыстың жемісі де көп күттірген жоқ. Биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша Түркістан облысының қысқа мерзімді экономикалық өсімі 119,4 пайызды бағындырып, республика көлемінде екінші орынға табан тіреді. Еліміздің экономикалық локомотивтерінің біріне айналған өңірдегі бұл серпін БҰҰ өкілінің де назарынан тыс қалмады. Сонымен қатар, кездесуде экологиялық тұрақтылық мәселелері де кеңінен талқыланды. Өңірде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, «жасыл» технологияларды өндіріс пен тұрмысқа батыл енгізу және қоршаған ортаны қорғау шаралары бір сәтке де толастаған емес. Осыған қоса, халық саны тығыз орналасқан аймақ үшін өте өзекті саналатын көші-қон және интеграция мәселелері де ерекше назарға алынды. Облыста әрбір азаматтың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін қамтамасыз етуге және қоғамдағы әлеуметтік үйлесімділікті нығайтуға бағытталған нәтижелі жұмыстар атқарылуда.
Келелі жиында сөз болған тағы бір өзекті тақырып – гендерлік теңдік пен әйелдер қауымының қоғамдағы рөлі төңірегінде өрбіді. Түркістан облысы – демографиялық өсімі жағынан елімізде көш бастап тұрған берекелі аймақ. Бүгінгі таңда өңірде 400 мыңнан астам түтін түтеткен отбасы бар, ал ең бастысы, еліміздегі көпбалалы батыр аналардың басым бөлігі дәл осы Түркістан топырағында ғұмыр кешуде. Облыста нәзік жандылардың мемлекеттік басқару ісіне араласу белсенділігі де жоғары. Қазіргі таңда аймақтағы 5611 мемлекеттік қызметшінің 1572-сі, яғни 28,1 пайызы қыз-келіншектер болса, оның ішінде 233 әйел басшылық лауазымдарда жауапты қызметтерді абыроймен атқарып отыр. Әйелдер қауымы тек мемлекеттік қызметте ғана емес, экономиканың күретамыры саналатын бизнес саласында да ерекше белсенділік танытуда. Бүгінде облыс көлемінде тіркелген 210 мыңнан астам кәсіпкердің 91 мыңнан астамы нәзік жандылардың үлесіне тиесілі. Ресми статистикаға сүйенсек, аймақтағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 43,1 пайызын әйел заты дөңгелетіп, басқарып отырғаны байқалады.
Кездесу барысында тараптар азаматтық қоғамды қолдау, отбасылық құндылықтардың тұғырын нығайту және әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін арттыруға бағытталған жаңа бастамаларды жан-жақты талқылады. Жиын соңында Ертай Кенжебекұлы БҰҰ арнайы баяндамашысының халықаралық тәжірибесі мен сараптамалық көзқарасының өңір үшін маңыздылығы жоғары екенін атап өтті. Мұндай еркін пікір алмасу мен өзара тәжірибе бөлісу шаралары Түркістан облысының болашақ даму стратегиясын одан әрі жетілдіруге және озық халықаралық үрдістерді жергілікті жерде тиімді енгізуге үлкен серпін берері сөзсіз. Кездесу қорытындысында қос тарап екіжақты тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және алдағы уақытта да тұрақты түрде тәжірибе алмасып тұруға ниетті екендіктерін білдіріп, уағдаласты.



