ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ӨҢІРДІ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫ ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ

Киелі Түркістан топырағында аймақтың әлеуметтік-экономикалық тынысын кеңейтіп, болашақ даму бағдарын айқындаған келелі жиын өтті. Халқымыз «Ырыс алды – ынтымақ» деп тегін айтпаса керек, жергілікті билік пен халық қалаулыларының үйлесімді жұмысы өңірді жаңа белестерге жетелеп келеді. Осы орайда, сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жиырма үшінші сессиясы өңір тарихындағы маңызды белес ретінде айшықталды. Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішовтің жетекшілігімен өткен алқалы мәжіліске облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық және аудандық мәслихат төрағалары, Кентау қаласы мен Сарыағаш ауданының әкімдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, ел дамуының өзекті мәселелерін талқыға салды.

Сессияның күн тәртібіне шығарылған 27 маңызды мәселенің әрқайсысы аймақ жұртшылығының әл-ауқатын арттыруға тікелей бағытталғаны анық. Алқалы жиында ең алдымен облыс әкімдігі мен тексеру комиссиясының қазына қаржысының атқарылуы жөніндегі есептері таразыланды. Сонымен қатар өңірдің шаруашылық тоғысында тұрған кәсіпкерлік пен сауда, мәдениет, мемлекеттік сатып алу, дін істері, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмылдыру даярлығы, аумақтық және азаматтық қорғау, сондай-ақ өнеркәсіп пен индустриалдық-инновациялық даму басқармалары басшыларының есептері тыңдалып, атқарылған істер сарапқа салынды. Жиын барысында Кентау қаласы мен Сарыағаш ауданының әкімдері де мінберге шығып, өз аумақтарына республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы мен атқарылған нәтижелі жұмыстар туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді. Халық қалаулылары күн тәртібіндегі әрбір мәселені жіті талқылап, облыстың алға басуына серпін беретін тиісті шешімдерді бірауыздан қабылдады.

Сессия жұмысын қорытындылаған аймақ басшысы Нұралхан Көшеров депутаттар корпусына маңызды бастамаларға қолдау білдіргені үшін шынайы алғысын жеткізді. Ол өз сөзінде жуырда ғана Түркістан төрінде Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде өткенін және Мемлекет басшысының Түркістан жұртшылығына ерекше ризашылық білдіргенін мақтанышпен атап өтті. Бұл ауқымды жетістіктің барлығы өңірдегі берік ауызбіршілік пен бірлескен жүйелі жұмыстың жемісі екені даусыз. Дәл осы ынтымақтың арқасында Түркістан облысы экономикалық өсім мен инвестиция тарту бағытында республика бойынша көшбасшылық орынға шықты. Атап айтқанда, биылғы бес айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім 123,3 пайызды құрап, облысымыз еліміз көлемінде бірінші орыннан көрінді. Облыс әкімі өңірді дамыту мен халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғаса беретінін қадап айтты. Аймақтың инвестициялық тартымдылығы мен қаржылық қуаты да көңіл қуантады. Биыл Түркістан облысында инвестиция тарту индикаторы 1 триллион 783,9 миллиард теңге көлемінде межеленген болатын. Алғашқы бес айдың өзінде өңір экономикасына 614,2 миллиард теңге инвестиция бағытталып, өсім 150,5 пайызға жетті. Бұған қоса, өткен жылдың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 миллиард 998,2 миллион АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар межесінен төрт есе жоғары орындалды. Осынау рекордтық көрсеткіш бойынша да Түркістан облысы елімізде дараланып, бірінші орынды ешкімге бермей келеді.

Болашаққа бағытталған жоспарлар да ауқымды. Өңірде алдағы үш жылда жүзеге асырылатын жалпы құны 2,8 триллион теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның ауқымды пулы қалыптасқан. Бұл жобалар толық қуатына енгенде 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазірдің өзінде шетелдік капиталдың қатысуымен 608,9 миллиард теңгеге 30 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Тек осы жылдың өзінде 369,4 миллиард теңгеге 67 жоба іріктеліп алынса, соның ішінде бес ай ішінде құны 42,4 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба сәтті іске қосылып, 407 отандасымыз тұрақты жұмыспен қамтылды. Сессия барысында депутаттар атқарылған істерге оң баға беріп, өңірдің әлеуетін одан әрі еселей түсетін маңызды ұсыныстар қалдырды. Осылайша, киелі өңірдің алдағы даму көшін айқындаған сессия жұмысы ел игілігіне бастайтын сындарлы шешімдермен түйінделді.