ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ ҚАРҚЫНЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің экономикалық пәрменін арттыру, сырттан келетін қаржы ағынын реттеу және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы бұқараның әл-ауқатын көтеру міндетін ұдайы алға қойып келеді. Президенттің осынау сындарлы тапсырмаларына сәйкес, Түркістан облысында әрбір инвестициялық жобаның сапалы әрі кешіктірілмей іске асырылуына айрықша стратегиялық басымдық берілген. Осы орайда, аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен алқалы мәжілісте өңірдің индустриялық келбетін айқындайтын ауқымды мәселелер талқыға түсті. Жиында облыс аумағындағы инвестициялық жобалардың нақты атқарылу барысы сарапқа салынып, аймақ экономикасының басты локомотиві саналатын «TURAN» арнайы экономикалық аймағының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму бағдары кеңінен қаралды. Облыс әкімі әрбір жобаның артында елдің әлеуметтік жағдайы мен қазынаның бүлкілі тұрғанын ескертіп, жауапты басқарма жетекшілеріне қатаң талап қойды.

Өңір жетекшісі Нұралхан Көшеров инвестиция тарту мен өндірісті өркендету ісі тек қағаз бетіндегі құрғақ есептермен өлшенбеуі тиіс екенін қадап айтты. Оның пайымдауынша, әрбір іске қосылған кәсіпорын – жергілікті халық үшін жаңа еңбек ұясы, ал аймақ үшін соны өндірістік қуат көзі болып табылады. Сондықтан құрылысы тұралап қалған немесе белгіленген мерзімнен айтарлықтай кешігіп жатқан жобалар бойынша батыл әрі нақты құқықтық шешімдер қабылданатын болады. Егер инвестор заң алдындағы және келісімшарттағы міндеттемелерін тиісінше орындай алмаса, бөлінген жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылып, істі алға сүйреуге қауқарлы, нақты жұмыс істейтін басқа инвесторларға берілмек. Шаруаның созбалаңға салынуына жол берілмейді, өйткені жобаның бар болғаны емес, оның уақытылы халық игілігіне жарағаны маңызды. Мәжіліс барысында облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшылығы «TURAN» арнайы экономикалық аймағының ауқымды қызметіне қатысты егжей-тегжейлі баяндама жасады. Бүгінде жалпы аумағы 3603,3 гектарды алып жатқан бұл алып алаң әкімшілік-іскерлік, тарихи-мәдени және өнеркәсіптік бағыттағы бірнеше қосалқы аймақтарға бөлінген. Айта кетерлігі, 2019 жылдан бергі уақыт ішінде мұнда жалпы құны 1 триллион 263 миллиард теңгені құрайтын 140 инвестициялық жоба тіркеліп, оның аясында 13 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу межеленген. Қазірдің өзінде 58 жоба сәтті жүзеге асырылып, 3243 адам тұрақты еңбекпен қамтылып үлгерді. Биыл Үкіметтің арнайы қаулысымен экономикалық аймақтың аумағы оңтайландырылып, пайдаланылмай бос жатқан әкімшілік-іскерлік пен тарихи аумақтардың бір бөлігі қысқартылды. Бұл оңтайлы қадам Түркістан қаласының жер және мүлік салығы бойынша бюджет кірісін жыл сайын шамамен 657,7 миллион теңгеге еселей түспек.

Сонымен қатар, жиында әкімшілік-іскерлік аймақта құрылыс қарқыны бәсеңдеген, кестеден кешігіп жатқан тұрғын үй және коммерциялық бағыттағы 8 жоба жеке-жеке талқыланып, басқарушы компания тарапынан толтырылған ескерту актілері қала прокуратурасына жолданды. Облыс әкімі әрбір түйткілді мәселе бойынша нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді жүктеді. Мұнымен қоса, Түркістан қаласындағы 290 гектарлық өнеркәсіптік аймақта құны 157 миллиард теңге болатын 14 жобаның алтауы іске қосылса, 365 гектарды құрайтын Сауран индустриялық аймағында құны 86,9 миллиард теңгелік 8 жоба бойынша электр қосалқы станциясының құрылысын тездетіп аяқтау міндеті тұр. Кентау қаласындағы өнеркәсіптік аймақта жеті жобаның бесеуі өз жұмысын бастаса, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында құны 102,1 миллиард теңгені құрайтын бес жоба бойынша инженерлік инфрақұрылым тарту мәселесі пысықталды. Сайрам және Отырар аудандарындағы индустриялық аймақтардың да жай-күйі сараланып, инфрақұрылым мен жер мәселесін шешуге қатысты пәрменді тапсырмалар берілді. Жиын соңында «TURAN» арнайы экономикалық аймағының аумағын тағы 27,5 гектарға кеңейту, өнеркәсіптік аймақтарды толық абаттандырып, бейнебақылаумен қамту секілді жаңа бастамалар таныстырылды. Мәжілісті қорытындылаған Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы жүктеген биік міндеттерді мүлтіксіз орындау – мемлекеттік органдар мен инвесторлардың ортақ парызы екенін атап өтті.