ТҮРКІСТАНДА ПРОБАЦИЯ ЕСЕБІНДЕГІ АЗАМАТТАРДЫ ҚОЛДАУ ЖҰМЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қылмыстық атқару жүйесін ілгерілету, жазасын өтеген немесе пробация бақылауындағы азаматтарды қайта қылмыс жасаудан сақтау, оларды қоғамнан оқшауламай-ақ қайта әлеуметтендіру – мемлекеттік саясаттың гуманистік бағыттағы басты басымдықтарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық сөздерінде заң мен тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, тағдыр тәлкегімен жаза басып, пробация есебіне түскен азаматтарды оңалту, оларды әлеуметтік және еңбек процесіне толыққанды араластыру заңдылық пен тұрақтылықтың айқын кепілі екенін үнемі ескертеді. Жазаны өтеп шыққан немесе шартты түрде сотталған азаматтың қоғамда өз орнын таба алуы – тек жеке адамның емес, тұтас әлеуметтің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Осы ретте Түркістан қаласында қала әкімінің орынбасары Мадияр Әліповтің төрағалығымен консультативтік-кеңесші органдардың кезекті отырысы өтіп, пробация қызметінің тиімділігі мен азаматтарды қоғамға бейімдеудің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Жиынға тиісті мемлекеттік мекеме басшылары, әлеуметтік сала мамандары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, атқарылған жұмыстарды сарапқа салды.

Кездесуде пробация қызметінің 2026 жылдың жеті айында атқарған жұмыстары қорытындыланып, оңалту шараларының нақты көрсеткіштері сараптамалық сүзгіге салынды. Есепті кезеңде бақылаудағы азаматтарды әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, заңдық және моральдық-психологиялық тұрғыдан қайта бейімдеу бағытында бірқатар маңызды, әрі нәтижелі шаралар іске асты. Түркістан қаласында пробация есебінде тұрған азаматтарды тағдыр тәлкегіне тастамай, олардың тұрмыстық жағдайын оңалту мақсатында жүйелі көмек берілді. Атап айтқанда, есептегі азаматтарға заң аясында бір реттік әлеуметтік көмектер көрсетіліп, олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолдау білдіру үшін сапалы азық-түлік себеттерімен қамтамасыз ету шаралары үздіксіз ұйымдастырылды. Еңбекпен қамту – пробация есебіндегі азаматтарды қайта әлеуметтендірудің ең негізгі де нәтижелі баспалдағы саналады. Жаза бапқан азаматтың тұрақты жұмысы мен табысы болса, оның қайтадан қылмыс жолына түсу қаупі күрт төмендейді. Осы бағытта жергілікті атқарушы органдар мен пробация қызметі бірлесе отырып, есепті кезеңде екі рет арнайы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастырды. Тиімді диалог алаңының нәтижесінде пробация есебіндегі 12 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, қоғамның белсенді мүшесіне айналды. Сондай-ақ бір азамат мемлекеттік қолдау арқылы қоғамдық жұмысқа тартылса, тағы бір азаматқа өз кәсібін бастап, аяғынан тік тұруы үшін 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді.

Сонымен қатар пробация есебіндегі азаматтардың жан дүниесін емдеу, олардың қоғамға деген көзқарасын оң бағытқа бұру мақсатында кешенді құқықтық және психологиялық көмектер көрсетілді. Сала мамандарының қатысуымен арнайы топтық тренингтер ұйымдастырылып, азаматтардың стресске төзімділігін арттыру, өмірлік қиындықтарды заңды жолмен еңсеру дағдылары қалыптастырылды. Азаматтардың қоғамға, әлеуметтік ортаға тезірек бейімделуіне ықпал ету мақсатында бұқаралық спорттық сайыстар, мәдени-танымдық кештер мен ақпараттық-ағартушылық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрды. Мұндай мәдени-спорттық шаралар азаматтардың бойындағы оқшаулану мен бөлектену сезімін жойып, оларды ортаға тартып, азаматтық жауапкершілігін сезінуге зор серпін береді. Консультативтік-кеңесші органның отырысында қол жеткізілген оң нәтижелерді саралай келе, пробация есебіндегі азаматтарды қайта әлеуметтендіру, оларды еңбек нарығына тартып, жұмыспен қамтудың жаңа механизмдерін енгізу және әлеуметтік қолдау шараларын одан әрі жетілдіру мәселелері қызу талқыланды. Жиынға қатысқан мемлекеттік мекеме басшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдері бұл бағыттағы жұмыстарды тек ресми есептермен шектемей, әрбір азаматтың тағдырына жеке тоқталып, кешенді қолдау көрсету керектігін айтты. Жиынды қорытындылай келе, қала әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов пробация есебіндегі азаматтарды оңалту – бұл тек бір ғана құқық қорғау органының емес, барлық мемлекеттік мекемелер мен азаматтық қоғам өкілдерінің ортақ міндеті екенін ерекше атап өтті. Түйіндей айтқанда, Түркістанда өткен бұл консультативтік-кеңесші органның отырысы мен онда қабылданған шешімдер – заң үстемдігін орнықтырумен қатар, адасқан азаматқа қайта мүмкіндік берудің, гуманистік саясатты нақты іспен дәлелдеудің айқын үлгісі.