АБДУЛЛА АТАМЫЗ ҚАЛАЙ АҚТАЛДЫ?
Халқымыздың басына қара бұлт төнген өткен ғасырдың 30-40-жылдарының ауыр зардабы әлі күнге дейін ел есінен өшкен жоқ, бәлкім, өшпек те емес. Өйткені, ғалымдардың есептеуіне қарағанда, дәл осы жылдар аралығында Кеңестер Одағы атты алып империя басшыларының солақай саясатының салдарынан 3,5 миллион қазақ ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Ешқандай соғыссыз-ақ, әлдекімдердің қателігінен немесе әдейі, қасақана жасаған әрекеттерінің салдарынан бейбіт күннің өзінде-ақ осыншама халықтан айырылуды елестетіп көрудің өзі қандай өкінішті.
Қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргін, қамау мен талау, одан қалса ату секілді қасіреттер халықтың жадында әлі күнге жаңғырып жүр. НКВД-нің Мәскеудегі мұрағатында сақталып келген көптеген құжаттармен танысып, Алаш қайраткері Тұрар Рысқұлов жайында деректі фильм түсірген Еркін Рақышевтің таратқан деректеріне қарағанда, сол бір 1938-1939 жылдар аралығында қазақтың 25 000 азаматы жазықсыз ату жазасына кесіліпті. Сондай қасіретті күндердің бірінде, яғни, 1938-жылдың 23-сәуірінде қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданындағы Жаңа базар елді мекенінде ғұмыр кешіп жатқан ондаған отбасының да шаңырағы шайқалып кете барды.Бұл жөнінде бізге бұдан он бір жыл бұрын рахметтік атамыз Тағайбек Абдуллаұлы әңгімелеп берген еді.
Менің әкем Абдулла Қалыбайұлы сол жылдары өзге де азаматтар сияқты жазықсыз құрбан болды. Оны дүкенде сауда жасап тұрған жерінен тапа-тал түсте орган адамдары келіп ұстап әкетіпті. Әкеміз сол әкеткеннен хабарсыз кетті. Не үшін ұстағанын, қайда әкеткенін біз біле алмадық (атамыз ол кезде жеті жасар бала болған.— Қ.Қ.) Шындығында, «халық жауы» дейтіндей оның ешқандай да кінәсі жоқ еді. Қарапайым ғана ауыл адамы болатын. Әкем Абдулламен бірге сол күні Жаңабазар ауылы бойынша сегіз не тоғыз адамды ұстап әкеткен екен. Жазықсыз жазаланған сол азаматтардың бірнешеуі кесімді мерзімдерін өтеп келді. Кейбірі туған елге жете алмай, қамауда жүріп қаза болды. Ал біздің әкеміз туралы осы күнге дейін ешқандай дерек жоқ. Не қайда қамалғанын, не қалай қаза болғанын білмейміз. Естуімше, мойнына қойылған жаланы мойындамағаны үшін ол сотқа жеткізілмей тұрып-ақ, НКВД қызметкерлерінің қолынан қаза болған көрінеді. Тағайбек Абдуллаұлының осы әңгімесін біз жазып алып,сол кездері Шымкент қаласында жарық көре бастаған «Оралман-Атамекен» атты газеттің редакциясына алып барған едік. Бас редакторы Дәрібек Ахметов мақаланы дереу нөмірге жіберді. Осылайша, «Әкем ақталса екен» атты мақала аталмыш газеттің 2002 жылдың 5-маусымындағы №1-санында жарық көрді. Басылым қолымызға тигеннен кейін Тағайбек атам екеуміз облыстық прокуратураға қарай бет алдық. Өйткені, атам әкесін ақтап алу үшін бұдан бірнеше жыл бұрын-ақ тиісті орындарға өтініштерін жолдай бастаған екен. Сондай өтініштерінің біріне Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары К.Жұмашев 1997 жылдың 5-шілдесіндегі №268-хатында былай деп жауап беріпті.
«…Әкеңіз жайлы жазған өтінішіңізге біз де толық қосыламыз. Әкеңіздің ақталғандығын білу үшін немесе ақтап алу үшін сіз Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорына арыздануыңыз керек. Облыс прокурорының берген жауабы сізге заңды құжат болатындығын хабарлаймын».
Осы хат пен аталмыш газетті қолымызға алып облыстық прокуратураға келдік. Ондағы қызметкерлер атамның өтінішін қабылдап алып, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісімен прокуратура және ҰҚК қызметкерлерінен құралған арнайы топ айналысып жатқанын, жуырда тиісті жауаптар берілетінін айтып, бізді шығарып салды. Арада бір ай өткенде, яғни, 2002 жылдың 9-шілдесінде ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары К.Бисембаевтан мынадай жауап хат келді:
«Құрметті Т.Абдуллаев мырза!
Сіздің өтінішіңізбен 2002 жылдың 24-маусымы күні танысқандығымызды мәлімдей отырып, Қалыбаев Абдуллаға қатысты мұрағаттағы қылмыстық іс бойынша түзілген анықтаманы сізге жолдаймыз.Сонымен бірге, мәлімет ретінде хабарлайтынымыз, сұралушының мұрағаттағы қылмыстық ісінде сіздерге қажетті қандай да бір жеке құжаттары мен суреттері кезікпеді.
Әкеңіздің ақтау қағазын Шымкент қаласы, Ә.Диваев көшесі, №-4 үйде орналасқан облыстық прокуратурадан аласыз».Ал ҚР ҰҚК ОҚО бойынша департаментінің бастығы В.Накисбаевтың атынан 2002 жылдың 9-шілдесінде жолданған мұрағаттық анықтамада былай делініпті:
«Қалыбаев Абдулла, 1889 жылы туылған. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қаратас ауданы (бұрынғы атауы.— Қ.Қ.) Жаңабазар ауылының тұрғыны. Ұлты — қазақ. СССР азаматы. Партияда жоқ. Отбасылы: әйелі — Қалыбаева Ұлдық, 48 жаста; ұлы — Сапарбай, 25 жаста; қызы — Оразкүл, 13 жаста; ұлы — Тұрсынәлі, 9 жаста; ұлы — Тағайбек, 7 жаста; ұлы — Кенжебек, 5 жаста.
Қамауға алынғанға дейін Жаңабазар ауылында тұрған және дүкенде сатушы болып жұмыс істеген.
Қалыбаев А. 1938 жылдың 23-сәуірінде НКВД-нің Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Қаратас аудандық бөлімі қызметкерлерінің күшімен, кеңеске қарсы іс-әрекеттері үшін қамауға алынды. Оңтүстік Қазақстан бойынша Сот алқасының 1938 жылдың 25-тамызындағы қаулысымен РСФСР ҚК-нің 58-бабы, 7.10 тармағы, 1-2 бөлімі бойынша 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. 1939 жылдың 14-қаңтарында СССР Жоғарғы соты Сот алқасының қаулысымен А.Қалыбаевтың қылмыстық әрекеттерінің квалификациясынан, РСФСР ҚК-нің 58 бабы 7-тармағында қаралған қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, бұл тармақ алынып тасталып, бас бостандығынан айыру шарасы 25 жылдан 10 жылға өзгертілді.
Қалыбаев А. 1939 жылдың 29 тамызында қайтыс болды.
1939 жылдың 14 қаңтарында СССР Жоғарғы сотының Сот алқасы шығарған бұл қаулы 1991 жылдың 5-ақпанында Шымкент облысы прокурорының Қаулысымен бұзылды, оның үстінен қозғалған іс, кінәсі дәлелденбегендіктен өндірістен қысқартылды, ол қаза болғаннан кейін АҚТАЛДЫ».Ал Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары, Әділет аға кеңесшісі Б.И.Қасымбаев 2002 жылдың 2-шілдесінде жолданған №17-9-02 санды «Ақтау туралы анықтамасында»: «…А.Қалыбаевқа Қазақстан Республикасының 1993 жылдың 14 сәуіріндегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңы қолданылып, ол АҚТАЛДЫ» — делінген.Міне, біздің қолымызда бүгінде бар құжаттар осылай сөйлейді. Мұның барлығынан да Абдулла Қалыбайұлының кезінде жазықсыз жала жабылып, нақақтан-нақақ қамауға алынғаны көрініп тұр.
Негізі, Абдулла атамыз Қалыбайдан алты ағайынды еді. Үлкен ұлы Абдулла болса, одан кейін Әбілқасым, Әбубәкір, Құлыбай, Орал, Тоғай есімді інілері болды. Бір әпкесі (әкем атын есіне түсіре алмады — Қ.Қ.) Ұмсын, Күлсін, Күләй есімді төрт қарындасы болды. Әбілқасым атамыз бір қыз перзентті болып, жас кезінде дүниеден өтіп кетіпті. Әбубәкір атамыз бірнеше жыл имам, бірнеше жыл сельсовет төрағасы болды. Өзбекстан мен Қазақстанда бірнеше колхоздарды басқарған Құлыбай атамыз Ұлы Отан соғысына қатысып, майданнан жеңіспен оралды. Орал атамыз Отан үшін жан беріп, қан майданда мерт болды. Тоғай атамыз да сұм соғыстың құрбаны болды: елге аман оралғанымен, соғыс салған жарақаттардың зардабынан ұзақ өмір сүре алмады. Соңында перзент те қалдыра алмады. Дегенмен, Аллаға шүкір, Қалыбай бабамыздың өзге төрт ұлынан тараған ұрпақ бүгінде бір қауым ел болып отыр.
Ал Абдулла атамызды жалған жаладан ақтап алу үшін көп тер төккен Тағайбек атамыз биылғы жылдың 13-сәуірінде, мұсылман жыл санағы бойынша 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Аллаға шүкір, соңында ізін басар, ұрпағын жалғар үш ұл, алты немересі қалды. Үлкен ұлы Алтынбек Абдуллаев — бүгінде Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары. Кезінде Көкшетау облысы, Новоишимск ауданында 26 жасында аудандық кеңеске депутат болып сайланған іскер азамат. Ортаншы ұлы Жолдасбек Абдуллаев аталмыш облыстың Ғ.Мүсірепов атындағы ауданында еңбек етуде. Кенжесі Қасымбек Абдуллаев — қарашаңырақта, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы, Жаңабазар елдімекеніндегі «Елшібек батыр» мектеп-лицейінде директордың орынбасары.
Тағайбек атамыз кезінде, ел аралап келген сапарларында, Шәмші Қалдаяқов, Қалаубек Тұрсынқұлов секілді ел сыйлаған азаматтармен дәм-тұздас, сұхбаттас болған екен. Сондай отырыстардың бірінде: «Немерелерімнің біріне сіздің есіміңізді беремін!» деп жазушы Тұрсынқұловты бір қуантып қойған екен. Сонда Қалаубек ағамыз разы болып, атамыздың болашақ немересіне бата беріп жіберген екен. Сол уәде бойынша Қалаубек есіміне ие болған бір ініміз мектепті алтын медальмен бітіріп, бүгінде Алматыда дәрігер мамандығын игеруде. Тағайбек атамның өзге немерелері: Олжасы — Ақмола облысында, полиция қызметкері. Арманы — Алматыда, геодезист мамандығын игеруде. Жәнібек, Сәбира, Дариғалар әлі мектеп қабырғасында. Олардың да ата-бабалары секілді елін сүйген, елі сүйген атпал азаматтар болып өсуі үшін аналары — Гүлдархан, Анар, Әлия жеңгелеріміздің мол еңбек сіңіріп жатқандығы ақиқат.
Осы арада айта кетелік, 2010 жылдың 19-наурызында ҚР президенті Н.Ә.Назарбаевтың №951-Жарлығымен атамыз Тағайбек Абдуллаев «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» атты мерекелік медальмен марапатталды. Бұл медальді атамызға ҚР Президенті атынан Қазығұрт ауданының сол кездегі әкімі Т.С.Әлиев мырза тапсырды. Бұл да болса, әділдіктің салтанат құрғаны, ата-бабаларымыздың көрген қиыншылықтары, сіңірген еңбектері ескерілгені деп білдік.
Алла-Тағала ендігі ұрпаққа бейбіт өмір берсін, еліміз тыныш, аспанымыз әрдайым ашық болғай!
Қошқар ҚАЛЫБАЙ.