Министр Әбденов атынан ауып түсті

255
0

1Апта басында Президент Н.Назарбаев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, еліміздегі ең жас уәзір Серік Әбденовты орнынан алып тастады. Әбденовтің табан астында атынан ауып түсу себебін екінің бірінің іші сезсе де, отырғанына әлі жыл да толмаған оның орынтағы вице-министр Тамара Дүйсеноваға уақытша бұйырды. Жұмыртқа жауса да жымиған күлкісінен бір танбаған Әбденовты шынымызды айтсақ, аяп кеттік. Оның бар кінәсі – орындаушы  ғана еді.

О баста қатын біткеннің қазан қайнатар ашуына тап болған, олардың зейнет жасын 63-ке көтеру керек деп көкіп жүрген Г.Марченконы қызметінен алғанда, дәл мұндай аяушылық сезім болмасына, керек болса екінің бірі «сауап болды» дерлеріне дау жоқ. Заңның піспеген, шикі екенін біле тұра, бір ауыз қарсылық танытып немесе пікір айтпай-ақ қабылдай салған билік партиясынан сайланған Мәжіліс депутаттарын таратып жіберсе де өкінбеген болар едік. Таяқ барып бір сорлының басына тиді. Сонда Серік Әбденов әйелдердің зейнет жасын 63-ке көтеру және жаңа заңды 2014 жылғы қаңтардан бастап қолданысқа енгізу жайлы жобаны басқа тірліктің бәрін ысырып қойып, жападан жалғыз жасаған ба деген ойға қаламыз. Егер анық солай болса, ондай  «алтын басты еркекті» ерекше қамқорлыққа алып, керек болса, ел басқартуымыз қажет. Себебі, оның басы толған реформа, керемет идеялардың бұрқ-сарқ қайнаған қара қазаны .
Барлығын бастап, сақалын саудаға салып жүретін Марченконың мұртын балта шапқан жоқ. Екі ортада Әбденовке шамамыз жеткеніне жетісе қуанған мәжілісімендер Елбасының өздеріне айтқан ескертуін шыбын шаққан құрлы көрмей, шикі заң жобасын жиырма минутқа жеткізбей-ақ «пісіріп», Сенатқа да жолдамай, тіке Президенттің қол қоюына жіберді. Неткен жылдамдық десеңізші! Егер қалаулылар ұлттық мүддемізге де қатысты заң жобаларын дәл  осылайша 100 пайыз дауыспен, әп-сәтте қабылдап жатса, қанеки! Қайдан, тілге келгенде тілдері күрмеліп, жерге келгенде желкелерін қасып, Петропавль, Павлодар атауларын ауыстыруға келгенде ауыздарына құм құйылып, керек  болса қарсылық танытып жататын депутаттарымыз осылайша, қоғамды дүрліктірген заңды ақыры қабылдап тынды. Бәрі де мәз, екі езулері құлақтарында. Әсіресе, Гүлжан Қарағұсовада ұшарға қанат жоқ. «Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы» заман-ай!

Е.СӘРСЕНБИН.