Шымкенттің көшелерінде жүру қауіпті

264
0

3Негізінен, Шымкенттің көшелерінде жүруге қорқамыз. Жүйткіген көлік иелерінің кеуделеріне нан піскендері соншалықты, бағдаршамда қай түс жанып тұрса да бәрібір, зу етіп өте шығады. Қазір қала көшелерінің жанындағы жаяу жүргіншілер жүретін жаяу соқпақты таппай қалуыңыз да мүмкін. Қаптаған меншік иелері өздерінің бас пайдасы үшін жаяу соқпақты да «жеп» қойған.

Әсіресе, дәл осы бағдаршам мен соқпағы жоқ көшемен кетіп бара жатқан жаяу жүргіншілерді құйын боп ұшқан көліктердің қағып кету оқиғалары жиі тіркеледі. Қағып кеткенімен қоймай, қашып кетуге бейім жүргізушілерді жүгендеу де оңайға түспей тұр. Бірінің әкесі, бірінің көкесі мықты дегендей. Жол сақшылары да осыны түсінгендіктен болар, көлік  легі толастамайтын, халық көп шоғырланған аймақтар мен көше бойларына жылдамдық өлшеуіш  құралы мен бейнекамералар орнатты. Мейлі ғой, осы құрылғылар жұмыс істеп тұрса, қанеки!
Осыдан 2 апта бұрын тура жаяу жүргіншілер өтетін жолақта бейғам өтіп бара жатқан екі бойжеткенді қатты жылдамдықпен келіп соққан көлік қос құрбыны 12 метр жерге ұшырып жіберген. Жүйткіген көлік иесі адам қаққаны қаперіне де кірмей, бой тасалап кетеді. Бір бойжеткен оқиға орнында жан тапсырса, екіншісі ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілген. Содан бері полицейлер пәрменді жұмыс істеп, қылмыскерді құрықтаудың орнына, дәрменсіздік  танытып отыр.
Дәрменсіздік емей немене, дәл оқиға орын алған тұста жүргізушілердің жылдамдығын бақылайтын өлшеуіш құрал мен 3 бірдей бейнекамера тұрса да, таптырмай кеткен қылмыскерді құрықтау қиын болып па? Оны айтасыз, зардап шеккен екінші бойжеткен «сұр түсті «Мерседес» көлігі, нөмірі 237» десе де, біздің пәрменді полицияларымыз тым бейғам. ОҚО ІІД Баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова болса: «Бірнеше болжамдар бар. Полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Жақын арада қылмыс ашылады деп ойлаймыз» дейді.
Шынымызды айтсақ, Шымкенттің көшелерінде жүру қауіпті, қорқатынымыз сондықтан. Жүре қалсақ та, төңірегімізге алақ-жұлақ қарап, жүгенсіз кеткен жүргізушілердің қайсысы соғып кетер деген үреймен қарсы бетке әрең өтеміз. Жүргізушілеріміз – мынау, тәртіп сақшыларымыз – анау, жаяудың көрген күні құрысын.

Б.ТЕМІРБЕК.