Президенттің сөзіне құлақ аспағандарды жазалау керек

209
0

3 (1)Мені қатты толғандыратыны, тілім деп күйінетін біршама аға буын өкілдері болмаса,  орта буын, жастар арасынан  қазақ тіліміздің болашағы не болады деп дабыл қағып жүргенін көре алмауымыз  тіл болашағына деген күдігімізді  туғызады. Ол дегеніңіз, аға буынның көзі кетсе, қазақ тілінің сұраушысы болмай қалады ма деп қорқамыз. Билік басындағыларды ұлттың, тілдің болашағы ойландырмайтынына көзіміз жетті. Ғ.Мүсірепов ағамыз: «Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» — дегендей, билік басында қазақ тілінің өгей ұлдары отырған соң, тіліміздің жайы қайдан оңсын! Кейде қазақша сөйлегендерінің өзіне намысың келеді.

Атам қазақ «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» деп, сөз құдіретіне табынып өтсе, қазіргі қазақтың көбісі сөз түгілі, таяқпен  іресең де үн шығармайды. Абай да «Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын…» деп күйінбеді ме? Әзір халықты сауатты, ақ пен қараны ажыратып, қоғам мүддесін қорғай алады дейін десең,  не бір әділетсіздіктерді, заңсыздықтарды, тілінің, ата-мұра байлықтарының таланып жатқанын  көріп, біле тұра, олардың тым бейқамдықтары жаныңа батады
Айта берсек, қазаққа қатысты мұң  таусылмайды, бірақ тыңдар құлақ жоқ, тыңдамайтынды тыңдатайық дейтін қазақ жоқ. Биліктің тізгінін ұстағандардың басты мақсаттары   креслодан, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп табатын табысынан айырылып қалмау. Биліктегілерден гөрі ұлт жанашырларының айырмашылығы: олар қара бастарының емес, ұрпағы ата дәстүр рухын, тілін жоғалтпай,  әділ қоғамда жақсы өмір сүріп өтуді армандайды.
Бір-екі орысты, басқа ұлтты қазақша сөйлетіп, көз алдау жасағанмен тіліміз көгермейді. Қазақ тіліне пәлен миллиард қаржы бөлдік дегеннен де түк шығып жатқан жоқ. Оның бәрі желге ұшып, біреулердің қалтталары томпаюда. Қанша адам оқып, қазақ тілін қаншасы үйренгенін тексерсе, белгілі болады. Өзгеріс жоқ. Баяғы таз қалпымыз, орыс тілін білмесең, мекемелерде маман болып, мемлекеттік қызметте істей алмайсың. Қала түгілі, шалғай аудандарда солай. Сорлайтын тағы қазақтың жастары. Орыс тілін сіңіруді өзіміз жарнамалап келеміз.  Күйдіргенде, телеарналарда  орыс тілінде сөйлейтіндердің бәрі де  өз қазағымыз.
Кейде телеарна каналдары тек қана орысша сөйлеп жатқанын көріп, көңілім пәсейіп қалады.
Не деген масқара! Намыс қайда? Жастарды, мектеп оқушыларын да орысша сөйлетіп қояды.  Осының бәрі орыс тілін білмесең, күнің жоқ дегенді жарнамалап, қазақ тіліннің үнін өшіру сияқты. Өткенде телеарнадан Алматыдағы Сәтбаев атындағы университеттің оқытушысы бізде қазақ тілінде бір, орыс тілінде тоғыз топ бар, бірақ 95 пайызы қазақтар дейді.  Қазақтарды орыс тілінде оқытамыз да, тағы қазақ тілін дамытамыз дейміз. Міне, бәленің бәрі өзімізде. Президент Н.Назарбаев екі қазақ бір-біріңмен қазақша сөйлесіңдер дегені қашан. Президент сөзіне құлақ аспақ түгілі, елең қылып жүргендерді көрмейсің. Парламент, Үкімет отырыстары да орыс тілінде өтеді.  Мәжіліс төрағасы Н.Нығматуллиннің бір рет қазақша сөйлегенін естімеппін. Депутат, министрлеріміз  Президент сөзіне құлақ аспаса, өзгелері не қылсын! Қазақ тілінде сөйлемейтін үкіметті басты орган деп айтуға ауыз бармайды. Өзге тілді үйренбе демейміз. Аталарымыз, жеті жұрттың тілін біл дегенде өз тіліңді ұмыт демеген. А.Байтұрсынов: «Өз тілін толық меңгерген балаға басқа тілді меңгеру қиын емес» деп бекер айтпаған. Қазақ тіліндегі балабақшада ағылшын, орыс тілін үйрету де баланың миын ашытып, бекер қаржы шашу.  Тіл туралы айтсаң, «ұлт араздығын тудырдың» дегенді де қолдан жасап, басқа ұлттардың құлағын елеңдетеміз. Бірде Шымкентте №21 бағыттағы көлікке міндім. Орысша қақсап келе жатқан жолақы жинаушыға жай ғана «остановка» деп емес,  «аялдама» деп айтуын сұранған едім, өзіміздің қазақ әйелі: «қай тілде сөйлесемде өзім білемін.Сен барып тұрған ұлтшылсың, полицияға айтамын» деп біраз ауыр-ауыр сөз айтты. Момынбыз ғой, үндемедім. Себебі қасымдағы қандастарым әлгі долы әйелге басу айтып, қазақ жерінде жүрген соң «аялдама» деп айтқаның дұрыс дегенді айта алмаған соң, үндемедім…

Жарқынбек Сейтінбетұлы,
Республикалық «Азат» қозғалысының ардагері.