«Қартайған Арыстан тышқан аулайды», Алпыстан асқан депутат ше?

383
0

Әбілқасым-ДосболовБіздің «Уақыт» кейінгі кезде облыс пен қала аумағына сапар шегіп, жиһанкез атанып, халқы сайлаған қалаулы азаматтарды іздей бастады. Мұның да өзіндік бір себебі бар. Өткенде ең жас депутаттардың бірі Ерлан Нұрмахановты «Сіз осы қайда жүрсіз, Ерлан мырза?» деп күндіз шам алып, ала шапқын болып іздеп едік, тауып алдық. Өзінің депутаттық міндетін қалай атқарып жүргені жайында біздің іздеуімізден кейін арнайы редакцияға телефон шалып әңгімелеп берді.

Ол жөнінде бүкіл елге, ол кісінің сайлаушыларына бір сәтті күні сол сұхбатты ұсынуды жоспарлап отырмыз. Ал енді бұрынғы шақырылымда облыстың қатардағы депутат-жауынгері емес, солардың бәріне басшы болып, облыстық мәслихаттың хатшысы қызметін барын салып атқарған, Оңтүстіктің ана-шеті мен мына шетіне шапқылап, талай істің басы мен қасында жүрген, белсенді, кейінгі шақырылымда кәдуілгі жай депутат болып сайланған Әбілқасым Досболов ағамызды көзден таса, көңілден жоғалтып алдық. Жүдә көрінбейді. Даусында сағынғандаймыз. «Тауық фермасына» іздеп барайық десек, таппай қалып, сан соғып, өкініп әуре боламыз ба деп те қорқақтаймыз. Сессияны күте берсек ол құрғырыңыз да елдің басын Күлтөбеде күнде қосып, күнде өте бермейді ғой.
Алпыстан асып, аталардың санатына қосылып, ақсақалдардың санын көбейтіп жүрген Әбілқасым ағамызды шынымен қарттыққа бет бұрды дегенге тағы сенгіміз жоқ. Бұрындары алқалы жиындарда, келелі кеңестерде елдің алдында көсіле сөйлеп, шешіле әңгіме айтып, үлкен-кішімен ақтарыла қауышып жататын ағамыз бір хабарын беріп, өткені мен кеткені жайында біраз жақсы әңгімесін, жаңалықтарын айтып берер деп күткеніміз де жөн болар бір жағы. Баяғы да бір ертегі де «Алпысқа келгеннен ақыл сұрауды» ар көріп, тізесі дірілдеп, қолы қалтұлдап, сақал-мұрты ағарғандарды таудан асырып, елсіз мекенге тастап кетеді екен. Ол басқа заман ғой. Кемел ақылдың кезіне енді келген, ел басқарған, бүгінде бизнесін доптай дөңгелетіп жүрген Досболов ағамызбен әдемі бір жүздесу боларына тілекшіміз.

«Уақыт»