«Жетім қалған», қайран Одақ!
Айдарын «сасық» деп, тақырыбын «Одақ» деп қойып отырған бұл мақаламыздың басты кейіпкері – өзіміздің Оңтүстік Қазақстан облысының Журналистер Одағы. Осы бір шиеленген түйіні шешілмеген, бүгін біз қайыра бір өзекті әңгімеге арқау етіп, қалам ұстағандардың жанайқайын жазуымыздың өзіндік кілтипанды себебі бар. Былтыр алғаш болып төрағасы Астанаға, анығы Арқаға қарай «ауып» кеткеннен кейін, Одақтың бүгіні мен ертеңін ойлап бір байбалам салып, газетімізде мәселені көптің, оның ішінде облыстық ішкі саясат басқармасының, «сақалды-сақалсыз» ардагер-журналист ағалардың назарына ұсынған едік. Себебі былай-«Оңтүстік Қазақстан» газетінің «бала бастығы» атанған Бейсенбай Тәжібаевты одаққа мүше қаламгерлер сенім білдіріп, қоғамдық ұйымға басшы етіп тағайындаған. Орынбасары да осалдан болған жоқ-«Хабар» агентігінің осы өңірдегі тілшісі Әбдез Рахман еді. Бүгінде екеуі де жоқ, кешіріңіздер, өмірде бар, өңірде жоқ. Бейсенбай Тәжібаев бұрынырақ Елордаға «Айқынның» «елшісі» болып кетті. Шымқаланы артқа тастаған Әбдез Рахман Тараздан орын тепті.
Біз қозғаған Одақтың иесіз қалған ахуалы біраз кешігіп болса да қолға алынды. Одағымыздың жарғысында ата газет – «Оңтүстік Қазақстанның» бірінші басшысы облыстағы Журналистер Одағының да жетекшілігін бірге алып жүретіні жазылған екен. Басшы сайлаймыз деп жасы бар, жасамысы бар журналистер қауымы конференция күнін белгілеп, бас қосты. Биылғы жылдың көктемінде өтуге тиісті қаламгер қауымның ең үлкен жиынына мүшеліктің билетін алған 300-ге жуық азаматтың 70-і келді. Жиналысты өткізу тәртібі бойынша мүшелердің кемінде 50 пайызы қатысу керек еді. Амал қанша, оны ашып төрағаны, орынбасарын сайлауды діттеген сол жиын дегеніне жетпей қалды. «Бас журналист» Байдулла Қонысбеков пен абыз қаламгер Мархабат Байғұт қосарлана қаншама шыр-пыр болғанмен, өз кандидатурасын төрағалықтан көрем бе деген үміткерлердің қарсылығынан кейін, жиналыста «кворум» болмағаны басты себепке айналып, конференция ашылғанмен, күн тәртібіндегі мәселелер талқыға салынбай, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмағандар» ортақ бәтуаға келе алмады.
Одан бері күн жылжып, ай өтті. Одақтың қос бірдей басшысынан айырылып, «жетімнің күйін кешіп» ата-анасыз қалғандай болған журналисттер қауымы қыркүйекке сырғыған конференцияны күтумен күн өткізуде. Астанадан Бейсенбай Тәжібаев, Тараздан Әбдез Рахман Шымкентке атбасын бұрып, конференцияның өтуіне ұйытқы болып, құжаттарын тапсыруға дайындап алып келуге уақыт таппағандықтан ба, әлде облыстық басшылықтың тарапынан қозғау жеткіліксіздігінен бе, баяғы «өлі тыныштық» сол күйінде, міз бақпай тұр.
Егер көзі ашық, көкірегі ояу, ең сауатты деген қаламгерлер қауымының бас қосатын жиынының осылайша сергелдең күйге түскенін көргенде басқалардан не күтіп, не дәметпекпіз? Басқа облысты қайдам, басылым шығару жағынан елде екінші орында тұрған Оңтүстік өңірінде қазір «шайпау апалардың» шығаратын шатағы секілді, қаламгерлер мен қаламгерлердің, газеттермен газеттердің арасында алакөздік, айтыс-тартыс белең алып тұр. Араағайындыққа түсетін, басу айтып бағыт сілтейтін облыстық ішкі саясат басқармасының өзі қалам ұстағандардың сынына ұшырап, нысанаға жиі ілігіп, бұл жаққа қарауға батылдары бармай тұрған секілді. Мейлі, қаламгерлердің соттасуы, бірін-бірі ақ қағаздың бетінде қаралуы тоқтайтын, бітімге келетін күн туар. Бірақ қашан? Ал осының бел ортасында жүретін, ақылшы болатын Одақтың сиқы мынау. Егер Одақ басшылығы сайланып, оның жұмысы жөндем күйде жүретін болса, арадағы салқын қабақ, соттасқан, «оттасқан» жағымсыз жағдайлар оңға қарай бет бұрар ма еді деп ойлайсың, кейде сол «өтетін конференцияны» сағынған сәтте. Осынау, арадағы салқын қабақтық, сәті түспей жүрген конференцияның айналасындағы әңгіменің бүге-шегесі облыс әкімдігіне, оның ішінде баспасөздің «бұйдасын» ұстап отырған баспасөз хатшысы Берік Уәли мырзаға да, идеологиялық жұмыстың «қақ төрінде отырған» облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановқа да бек мәлім. Ендігі сөзідің түйіні оны шешетін осы аталған мансап иелерінің қаншалықты жауаптылығына, қагілезділігіне, бітімге шақыруына, істі ұйымдастыра алуына тікелей байланысты болып тұр. Сол күнді тағатсыздана күтейік. Әйтпесе, бүгінгі шөптің басын қимылдатқан желіміз, күндер өте келе дауылға айналып кетуі ғажап емес. Құдайым содан сақтасын…
Қ.ҚАЛИЕВ.