“Көлік сервис” уәдесін қашан орындайды?

514
0

Еліміздің қай өңірін алып қарасақ та қоғамдық көлік қызметі төңірегінде келеңсіздіктер белең алып тұр. Сыр өңірінде де қоғамдық көліктің күңкілі азаяр емес.
Жергілікті жұртшылықтың жадында болар, қоян жылының соңына таяу қаладағы түрлi бағытта қатынайтын автобустардың жүргiзушiлерi халыққа қызмет көрсетуден бас тартып, бүгiнгi жолақының өте төмен деңгейде екенiн желеу етiп, ереуiлге шыққан болатын. Осы оқиғадан кейiн қарапайым халықтан маза кете бастағаны жасырын емес. Олай дейтiнiмiз, жүргiншiлер көкейiнде «қалаiшiлiк қоғамдық көлiктердiң жолақысы қымбаттайды ма екен?» деген көңiлсiз ой пайда болған-ды. Бұл сәтте жергiлiктi жұртшылық «тек халықтың қалтасына салмақ түсiрмейтiн шешiм қабылдаса екен» деп тиiстi орындар тарапынан күткен үмiтi асқақ болды.
Сол кездері «Көлiк қызметi» мекемесiнiң қарауында болып, кейiннен қалалық тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнiң қол астына өткен қоғамдық көлiктерге аталмыш орынның да айтар назы бар екен.

Бөлiмнiң жетекшi маманы Надырбек Отарбаев жүргiзушiлердiң наразылығы заңсыз болғанын айта келе, тендердiң өтуiне белгiлi бiр себептер кедергi болғанын, заңсыздықтардың орын алуына байланысты оның, өтпеуiн коммиссия мүшелерi шешетiнiн баяндаған-ды. Сонымен қатар жолақы пұлының қымбаттамауы да мүмкiн екенiн, қымбаттаған күннiң өзiнде оқушылардың жол жүру ақысы ғана көтерiлетiнiн айтқан. Себебi, көрсетiлген заңдылыққа сәйкес ересектер мен оқушылар жолақысының айырмашылығы 50 пайыздық деңгейде болуы тиiс. Басқа облыстарда бұл баға әлдеқашан қолданысқа енген. Ендi бiздiң өңiрде қоғамдық көлiктерге осындай баға орнату қажеттiлiгi туып тұр. Алайда бұл әлi де толыққанды шешiлмеген. Сонда да болса айталық, заңдылыққа сәйкес бүгiнде бұл баға екi жаққа да тиiмдi болып тұрғанға ұқсайды.
Осы орайда бензин құнының қымбаттауына байланысты жолақыны көтерген жағдайда да күнi ертең май құю бекеттерiндегi баға бұрынғы деңгейге түскенiмен жүргiншiлердiң қоғамдық көлiкте жүру құны қайтадан төмендемеуi мүмкiндiгi қала тұрғындарын сүреңсіз ойларға жетеледі.
Бүгiнде бiр бағытта жүретiн жалғыз көлiкке телмiрмей, екiншi көлiкпен дiттеген жерiне еркiн де, жедел жетуге мүмкiндiк мол. Десек те көлiктiң тiзгiнiн ұстаған жүргізушілердің жауапсыздығы жол ақысы қымбаттанның өзінде барлық талап-тілектен шықпай тұрғанын айтқандар да болды.
Таң бозарып атқаннан, қас қарайғанша қызылорданың түкпiр-түкпiрiне тынымсыз қатынап жататын автобустарды кей кездерi созылмалы резеңке деп ойлап қаласың. Бұлай ойлауға да негiз бар. Автобуста онсыз да иiн тiресiп тұрған жолаушылардың үстiне томар тиегендей халықты есепсiз мiнгiзiп, тарпаң жолда сәл де болса тежегiшiн басуды қаперге алмастан, соңғы аялдамаға жеткенше асыға жүйткитiнiн қайтерсiң. Талай тағдырды қыл тұзаққа ерiксiз таңып келе жатқанын ойлайтын бiрi болсайшы, сол сәтте, жарықтық.
Сондай кездерде жүргiншiлер жанын шүберекке түйiп, аялдамасына жеткенше тiлiн кәлимаға келтiрумен болады. Ендi кейбiреулерi бұлқан-талқан болып ашуланып, көпшiлiк алдында оғаш мiнезiн танытып та қояды. Бiрақ одан түзелiп жатқан дүние жоқ. Бұл жерде оның төркiнiн айтпаса да түсiну қиын емес. Әңгiменiң бiр ұшы мiндеттi түрде сол баяғы бiр бағытқа қатынайтын бiрнеше көлiктерге келiп тiреледi.
Осындай бассыздыққа барудың басты себебi алдыңғы көлiк iзiнен келе жатқан екiншi автобустан көбiрек ақша табуға асығады. Алайда мұның ақыры қайғылы оқиғаға әкеп соқтыруы бек мүмкiн екенi ешбiрiн ойландырмақ емес. Бұл аздай соңғы аялдамаға алғаш жету үшiн жолай бiр-бiрiне жол бермей жарысатыны тағы бар. Айта берсек қоғамдық көлiктiң күңкiлi таусылмас, сiрә.
Осыған қарамастан жолақы құнын көтеруді талап еткен жүргiзушiлердің айтар назы да аз емес.
Олардың айтуынша, күнделiктi қаланың өздерiне белгiленген аумағын 6-7 мәрте айналып шығуға қажеттi жанар-жағармайға 7 мың теңгеден астам ақша жұмсайтын көрiнедi. Сондықтан ереуiлге шыққан күнi қала басшылығымен жүздескен қоғамдық көлiк жүргiзушiлерi жолақы құнын ересектер үшiн 50, оқушыларға 20 теңге көлемiнде етуді сұраған едi.
Осындай келеңсіздіктерден кейін жұмысын тоқтатқан “Көлік қызметінің” орнына “Көлік   сервис” мекемесі қоғамдық көліктердің жұмыс ырғағын қалыпты жүйеге түсіруге кірісіп кетті. Аталмыш мекеме құрылған тұста да тағы бір мәрте жүргізушілер наразылық шеруін өткізіп, сол баяғы жолақыға қатысты жырды алға тартты. Бұл жолы құзырлы орындар көлік жүргізушілерінің талабын ескерусіз қалдырмады. Ересектердің жол жүру ақысы бұрынғысынша шағын маршруттарға 40, ал үлкен сыйымдылықтағы автобустарға 35 теңге көлемінде қалғанымен, оқушылар жол ақысы 5 теңгеден 10 теңгеге бір-ақ секірді.
Сол кезде тендерден ұтып алған аталмыш мекеме басшылығы алдағы жоспарымен де бөліскені жадыңызда болар. Атап айтсақ, сол кездегі жоспарға сәйкес көлік жүргізушілері мен кассирлер арнайы медициналық тексеруден өткізіліп, арнайы киімдермен жабдықталатыны айтылған. Алғашқысын қайдам, бірақ екіншісі, яғни қоғамдық көліктегі қызмет көрсетушілердің арнайы киіммен жұмыс жасайды дегені әзірге сөз күйінде қалып тұрғанға ұқсайды. Оны күнделікті көзіміз көріп жүр.
Сондай-ақ аз сыйымдылықтағы маршруттардың санын азайтып, автобустар қатарын көбейтетіндігі жөнінде де айтылған болатын. Десек те әзірге бұл да нәтижесіз күйде қалып тұрғанға ұқсайды. Бір ғана мысал, көзіміз көріп жүргендей, қалада бір бағытта қатынайтын жалғыз ғана № 3 номерлі жолаушылар көлігі бұған дейін үлкен сыйымдылықтағы автобустар болатын. Неге екенін қайдам, аталмыш мекеме өз қызметіне кіріскеннен бастап, бұл кіші маршруттармен ауыстырылды. Үлкен автобустар қатары көбейеді деп қуанып жүргенімізде, жалғыз бағытта қалыпты жүріп тұрған автобустардың ауыстырылуы халықтың наразылығын туғызуда. Әсіресе қас қарайған шақта жалғыз маршрутқа телмірген халыққа қиын соғып тұр. Ал жүріп тұрған автобустардың ескілігі мен санитарлық талапқа сай келмейтіні тағы бар.
Бәрі енді қалыпқа түсе ме дегенде осындай келеңсіздіктердің өршуі көпшілік көңіліне қаяу түсіруде. Оның мақсатын ешбірі де түсінер емес.
Жуырда жергілікті телеарналардың бірінен Ақтөбе қаласындағы “Автопарк” мекемесіндегі қоғамдық көлік қызметін көріп, ішіміз жылыды. Сол бейнебаянда көргеніміздей ондағы су жаңа автобустардың қызметі мен көлік жүргізуші мен кассирлердің арнайы киіммен жұмыс жасауына жергілікті тұрғындардың ризашылығы шексіз.
Ал біздегі жағдай мүлде қарама-қайшы болып тұр, әзірге. Мұндай келеңсіздіктің де қашаған дейін жалғасатыны беймәлім. Бір белгілісі “Көлік сервис” мекемесі әлі күнге үйіп-төгіп берген уәдесін орындай алар емес. Еліміздің батысында қоныстанған қандастарымыздан қашан үлгі алады екенбіз.

Р.S.Жыл басында Қызылорда қаласының әкімі Мархабат Жайымбетов келелі жиын өткізіп, уәдені үйіп-төгіп бергенімен, оны орындауға асықпай келген “Көлік сервис” мекемесінің басшылығына қатаң сын-ескертпелер айтқаны жадымызда. Оның ішінде жоғарыда айтқанымыздай, ескі көліктерді жаңасына ауыстыру, жолаушыларға арнайы формада қызмет көрсету сынды бірқатар мәселелерді алға тартқан болатын. Алайда әлі күнге “баяғы жартас-бір жартас” күйінде қалып тұр.

Ербақыт тағыберген,
Қызылорда.