«Домалақ арыз» жазу – қорқақтардың ісі, бұл – тасада тұрып тас ату!»

400
0
Изображение 520

Әмірхан ШҮМЕНОВ, «Бекжан» сауда, ойын-сауық кешенінің басшысы, ҚР Кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті:

Әмірхан Шүменов… Оңтүстік жұртына ол  Шымкенттегі ең үлкен базардың, «Бекжан» базарының басшысы ретінде жақсы таныс. Бүгінде екінің бірі кәсіпкер, бірақ екі кәсіпкердің бірінің қолынан Шүменов секілді меценат болу келе бермейді. Көп кәсіпкер тапқанын қалтасына тығып, көрпесінің  астына жасырып жүрсе, Шүменов қаланың көркеюіне үлес қосып жүреді. Балалар алаңшаларын салып, жетім балаларға киім әперіп жүргендер бар шығар, бірақ Шымкенттегі Тәуелсіздік монументі секілді алып ескерткішті орнатуға қомақты қаржы бөлуге екі кәсіпкердің бірінің тәуекелі жете бермейді. Екінің бірінің омырауына тағыла бермейтін «Құрмет» орденінің Шүменовке берілуінің сыры да осында екенін көпшілік біле бермесе керек. Айтпағымыз бұл емес, әрине.
Оқырмандардың есінде болса, осыдан бірер ай бұрын «Уақыт» газетінің бетінде «Шүменовтің құлағын шулатып жүргендер кімдер?» дейтін мақала жарық көрген. Айта кету керек, мақала редакцияға түскен «домалақ арызды» негізге ала отырып дайындалған болатын. Редакцияға хатты «ұрлана» әкеліп тастаған азаматтар мұны «Ашық хат» деп атап, ҚР Президентінен бастап, Бас прокуратура, ҰҚК төрағасы, ЭҚСЖҚКА жетекшісі, қала берді бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары назарына бағыттап жазған болатын. Әрине, бұл Ашық хатты «домалақ арыз» деуіміздің сыры бар. Хатта арызданушылардың не аты-жөндері, не мекен-жайлары көрсетілмеген болатын. Мұны газет бетіне жарияламай-ақ қоюға болар еді, бірақ мұндағы кей мәселелердің назарымызды неліктен еріксіз аудара бергенін сол мақалада түсіндірген болатынбыз. Біздің назарымызды аудартқаны, Әмірхан Шүменовке қатысты айтылған ауыр айыптар еді.
Былтыр осы алпауыт базар өртке оранып, күлі көкке ұшты. Өздерін-өздері жұмыспен қамтып, нәпақа айырып жүрген мыңдаған адам әп-сәтте тауарларынан ғана емес, жұмыс орындарынан да айрылған болатын. Сол кезде осы оқиғаға қатысты түрлі қауесет тарап, «базарды өртеген Шүменовтің өзі екен» дегендер де болған.
Осы оқиғадан соң мұндағы сауда жасап, нәпақа айырып жүрген жұрт амалсыздан қаладағы басқа базарларға бытырап, шаруаларына кірісіп те кетті. Сол бір күнді жұрт ұмыта бастағандай еді. Алайда, соңғы кездері «базаршылар» арасында базарларға қатысты сыпсың сөз тым көбейіп кетті. Әйтеуір, осы сыбыстардың бәрінде «Бекжан» базардың қожайыны Әмірхан Шүменовтің аты аталады.
Редакцияға келген «Ашық хатта» жұрт Елбасыдан араша сұрап, өздерін Шүменовтен «құтқаруды» өтінген болатын. Әйтеуір, «Ашық хаттың» белгісіз иелері Шүменовтің құлағын біраз шулатқан екен.  Сол мақалада редакция бұл мәселенің  редакция назарынан тыс қалмайтынын, бұл мәселеге орай Әмірхан Шүменовтің уәжін беруге дайын екенін де білдірген.
Жуырда бізге «Бекжан» базарының бастығы Әмірхан Шүменовпен кездесудің  сәті түсті. Жалпы, Әмірхан Шүменов кім? Ол расымен жұрт айтып-жазып жүргендей «монстр» ма? Шүменов мырза біздің тарапымыздан қойылған ащы сұрақтарға ашық жауап беруге тырысты.

8000 сатушы сиятындай базар болады

– Әмірхан аға, соңғы кездері ел ішінде Сіз туралы түрлі алып қашпа әңгімелер айтылып жүр. Солардың кейбіріне құлақ түрсек,  Сіз «Бекжан» базарына сатушыларды қайта әкелу үшін Шымкенттегі басқа базарларды жаптырып жатқан көрінесіз. Бұл қаншалықты рас? «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дейді қазақ, соңғы кездері бірқатар базарлардың жабылып қалуына расында да Сіздің қатысыңыз бар ма?
– Бұл, әрине, лақап сөз ғой. Былтыр «Бекжан» базарында қандай жағдай орын алғанын білесіздер. Сол кезде құтқаруға келген өрт сөндіру көліктері базар ішіне кіре  алмай, қатты қиналды. Бұл оқиға Шымкентті қойып, төрт тарапқа тарап кетті. Осыдан соң төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік аймақтардағы басқармаларға елдегі бүкіл базарларға тексеру жүргізіп, ретке келтіруді, тәртіпке көнбеген базарларды жабуды тапсырған болатын. Міне, осыдан кейін Шымкенттегі төтенше жағдайлар қызметі мамандары қаладағы барлық базарларды тексеріп, рейд жүргізіп, әрқайсысынан пәленбай кемшілік тауып, 13 базарды сотқа да берді. Ел іші болған соң, әрі осы саладан нан тауып жүрген соң маған да бұл әңгімелер жетіп жатты. «Акбар», «Алаш», «Евразия», «Автонұр» базарларына қатысты сот шешімі шыққанын да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы естіп  жаттым. Кейбірі төтенше жағдайлар қызметі мамандары жасаған ескертпелерді түзетіп жатса, кейбірі құлақ аспаған сыңайлы. Әйтеуір, бүгін төтенше жағдайлар қызметі мамандары базарларын жауып кетсе, ертеңіне сол базарлар қайта ашылып жатты. Естіп білуімше, осы жағдайларға қатысты төтенше жағдайлар қызметіне сырттан қысым жасалған көрінеді. Үлкен ақша жүрген жерде «үлкен ойын» жүретіні белгілі.
Мәселен, «Автонұр» базарына қатысты қызық мәлімет қолыма түсті. Базардың мемлекеттік қабылдау актісінің бір данасы мұрағатқа өтеді де, екіншісі қолда болады. Ол 2007 жылы жасалыпты. Соның көшірмесі менің қолыма да түсті. Соның мұрағатқа өткізілгені бір бөлек, қолдарындағы актіде бутиктерді қолмен жазып тастаған. Негізі мүлік салығы бутик санына қарап төленеді, бұлар оны жасырған. Сонымен қатар, аталмыш базар 2009 жылдың 25 тамызына дейін Абай аудандық салық басқармасына тіркелмеген, сонда олар қаншама жыл салық төлемей жүрген.
– Бір кездері Оңтүстік аймақтағы барша базарларды сыртқы факторлардан қорғап жүретін қауымдастық құру туралы әңгіме болып еді. Сөз айтылған жерде қалып қойған сияқты. Жалпы, мұндай қауымдастық құру қаншалықты тиімді?
– Мұндай әңгіме, ұмытпасам, осыдан төрт жылдай бұрын айтылған. Түркістан жақтағы базар басшыларының бірі базарларды қорғап жүретін қауымдастық құру туралы бастама көтеріп, ұсыныс жасаған. Мәселен, көлік сатушылар мен тасымалдаушылардың өз қауымдастығы бар, олар осы салаға қатысты қандай да бір проблема туындай қалса көзқарастарын білдіріп, аттандап шығып, көлік сатушыларын қызғыштай қорып жүреді. Базарларға қатысты қауымдастық та аса қажет, бірақ бұл бастама сол күйі аяқсыз қалды. Дәл қазір бұл бастаманы қолға алу тиімдірек болар ма еді?! Бірақ, қазірше оны құрғаннан не ұтатынымызды өзім де түсінбеймін. Қазір Алматыда күнде бір базардың жабылып жатқаны туралы естіп жатырмыз. Күні кеше Қарағандыда да бір базардың отқа оранғанын естідік. Мақтанғаным емес, сол кезде Шымкентте «Бекжан» базарлардың алды болып тұр еді. Оқиға орын алған сәтте өзім жәбірленуші бола тұра жылаған жұртқа демеу болуға тырыстым. Әп-сәтте жұмыс орнынан айрылған халықты сабырға шақыру қиын еді сол сәтте. Жұрт ашуын кімнен аларын білмеді. Сол кезде ел ішінде түрлі қауесет желдей есті. «Шүменов базардың орнын әлдеқашан арабтарға сатып жіберіпті де Швейцарияға көшіп кетіпті, халықты базардан шығару қиын болған соң өздері өртеп жіберген» дегенді де естіп жаттық. Жылаған халыққа жұбаныш болу үшін өзім де қаражат тараттым. Сонда таныстарымның көбі «өзің де жәбірленушісің, ақшаңды желге шашқаның не?» деп ақыл айтып жатты. Сонда елге 362  миллион теңге тараттым. Облыс әкімдігі тарапынан «Көмек-2012» қоғамдық қоры құрылып, мемлекеттік мекеме қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударды.
– Сол кезде өз қандастарымызға әрі барса 200-300 мың теңгеден ғана тиді… Соның өзінде біразы ғана алып, қалғандарының қолына бақыр тиын да тимеді. Мұны қалай түсінуге болады?
– Ақша таратқан кезде тізімге 4000 адам тіркелген еді. Қоғамдық қорға қанша қаржы жиналғаны, оны қанша адамға таратқаны есімде жоқ. Кейіннен үстімізден арыз түсті деп қордың жұмысын тоқтатып қойды.
Қазір біреудің біреуге арқа сүйейтін, бірін-бірі сүйрейтін заман емес, әркім өзі үшін жұмыс істеуі керек. Заманның талабы – осы. Үлкен ұлым Бейбіт АҚШ-та Лас-Вегаста тұрады. Барған сайын маған Америкадағы маркеттерді, ол жақтағы сатушыларға жасалған жағдайды көрсетеді. Ол келешекте базардың орнына осындай маркет салу керектігін айта беретін. Былтыр базардың бір шетін бұзып, сауда-ойын сауық орталығын салсам деп ойланып жүргенімін. Құдай естіп қойды ма, жағдай анадай болып кетті. «Дүние – қолдың кірі», күлі көкке ұшқан дүние үшін өкінген жоқпын. Бастысы басым аман, соған қуанамын. Осы жағдайдан кейін ұлдарым да, жұбайым да автовокзалды сатуға, базар салмай-ақ қоюға кеңес берді. Отбасымның пікірі мен үшін қаншалықты қымбат болса да, бұл жолы оларды тыңдамадым. Халықтың кезінде айтқан сөздері бар ғой, «базардың жерін сатып, өздері шетелде тұрып жатыр» деген, мұның жалған жала екенін, жерді ешкімге сатпағанымды дәлелдеу үшін базарды қайта салуға тура келді. Бұл жолы жай базар емес, маркет етіп салып жатырмын, осы үшін миллиардтап ақша шығындап жүрмін. Базардың бір шетінен 1370 шаршы метр аумаққа балалар аттракционы бой көтереді, тағы 4 гектар жерге екі қабатты маркеттер түседі. Бұл жолы «Бекжан» 8000 сатушы сиятындай әрі бүкіл жағдайы жасалған базар болып бой түзеп келеді. Аралап көрсеңіздер оған өздеріңіз де көз жеткізесіздер. Былтыр қасақана өрт қойылды ма, әлде басқа себептері бар ма, әйтеуір өрт сөндіру көліктері ішке кіре алмай, су таба алмай әбден әбігерге түскен. Осындай келеңсіздікті болдырмау үшін жер астында сыйымдылығы 160 кубтық бассейн салынды, Желдеткіш, таза ауа, салқын ауа, жылы ауаны реттеп отыратын қондырғы, орнатады. Осы жоба 720 миллион теңгеге түсіп отыр. Бұл аз ақша емес, бірақ былтырғыдай оқиға қайталанбау үшін мен осылай жасауға мәжбүрмін. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Божко да осы мәселені жуырда ҚР Парламенті мінберінен көтерді. Жабайы базарларды жабу, көлеңкелі экономиканы жою туралы сөз болып жатыр. Былтыр «Бекжан» өртенген кезде менің қаражатымнан бөлек, жұрттың жанып кеткен заттарының есебі жоқ. Базарда құндыз ішіктер сататын бір апайымыз болған, үйін кепілге қойып, несие алып, қаржыны айналымға салған екен. Адамдар затын үйлерінде емес, базарда сақтайтын. Бәрі кетті. Мен ол заттарды өз жауапкершілігіме қабылдап алған жоқпын. Базар аумағын 17 жеке кәсіпкер жалға алған, олар да заттарды өз жауапкершілігіне алмаған.

«Шүменов құлады» деп қуанғандар қателеседі!

– Шымкент қаласының өзінде жиырмадан астам базар бар екен. Сіздер, базар басшылары, ара-тұра бас қосып, шаруаларыңызды талқылап тұрасыздар ма?
– Біздер тек қалалық не облыстық әкімдіктерде жеке кәсіпкерлерге қатысты жиындарда ғана көріп қаламыз бір-бірімізді. Сәлемдесуден аспаймыз, етене араласып,  бас қосу деген жоқ. Қауымдастық құрайық, бас қосайық дейтін адам жоқ. Әркім көрпені өзіне қарай тартып әлек. Жуырда Қайрат Балабиев хабарласып, «Айна» базарына сатушылардың сыймай жатқанын, оларды «Бекжан» базарына жібергенін айтты. Онысына рахмет, адамдарыма тапсырма беретінімді айттым. Қайратпен сіз-бізіміз дұрыс, сыйластығымыз бар. Оның азаматтығына ризамын.
Бір өкініштісі, базар басшылары әлі де үлкен қаржы жұмсап, сатушыларға да, алушыларға да қолайлы жағдай жасауға дайын емес. Түптің түбінде базар дегеннің біртіндеп жойылатынын, оның орнына маркеттер салу керектігін өзім де мойындап жүргенмін. Өзім Алматы мен Астана қалаларында тұрамын, Шымкентке анда-санда келгенде «Бекжанға» бас сұққанда сатушыларға жаным ашитын. Жазда төбеден өткен ыстыққа, қыста аяқтан өткен суыққа шыдау мүмкін емес, бірақ бала-шағаны асырау үшін олар бәріне шыдауға әзір.
– Ел алдында жүрген азаматтардың артынан сөз ергіш келеді, әсіресе Сізге қатысты теріс әңгіме айтушылар өте көп. Жұрт басқа базарлардың басшыларының кім екенін білмесе де, Сізді жақсы таниды. «Домалақ арызда» Сізді облыс әкімі болайын деп жатыр екен деген де сөз бар. Жалпы, Сіз халықтың пікіріне қаншалықты құлақ түресіз?
– Ит үреді, керуен көшеді. Әлгі сіздерге келген Ашық хатты менің бәсекелестерім ұйымдастырғанын ішім сезеді. «Жаптым жала, жақтым күйе» дейтін әрекет бұл. Менің жасым қазір 60-та, ал алпыстағы адамды кім әкім қояды? Жұрттың осындай әңгімені қайдан шығаратынын түсінбеймін. Тым болмаса мұндай сөзді біреуге қалжыңдап та айтып көрмеппін.
– Білетіндер Сізді Назарбаевтар әулетімен байланысы бар дегенді айтады. Бұл қаншалықты рас?
– Елбасының немересі, Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан – менің кіші ұлым Шыңғыстың досы. Шыңғыс үйленгенде оның тойына Айсұлтан да келіп, барша достарының атынан тілек айтқан. Оның кім екенін жария етпей-ақ қоялық дегенбіз, өзі рұқсат берді. Оның түрі де, жүріс-тұрысы да атасынан аумайды. Асаба аты-жөнін айтып ортаға шақырғанда тура атасы секілді маңғаздана ортаға шыққаны әлі есімізде. Биыл Айсұлтан да шаңырақ көтерді, оның қуанышына Шыңғыс та ортақтасып қайтты. Бұрынғы достықтары қазір отбасылық достыққа ұласып жатыр.
Біреулер «Әмірхан төріне Елбасының, Айсұлтанның портреттерін іліп қойып, жұртқа соны мақтан етіп айтып, солардың атын жамылып жүр» деп те кінә тағып жүр екен. Мен ешқашан олардың атын сатқан емеспін. Елбасының суретін барлық мекеменің төрінде ілулі тұр емес пе?! Кезінде Лениннің де, Сталиннің де суреті төрімізде ілулі тұрған, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Ал әлгіндей әңгімелерді тек арандатушылық деп түсінемін. Ел ішінде жүрген ортамда азды-көпті абыройым бар, жағдайым жақсы. Елге жасаған еңбектің еленгені болар, «Құрмет» ордені берілді.
Мен анадан кәсіпкер болып туған жоқпын, ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметтерде істегенмін. Үлкен совхозда бас бухгалтер де болдым, партия комитетінің хатшысы да болдым, кейіннен қалалық салық комитетінде бастықтың орынбасары қызметтерін де атқардым. Бір кездері Шымкенттегі дене шынықтыру техникумында директордың орынбасары, құрылыс-монтаждау тресінде бөлім бастығы да болғанмын. Биыл, есептеп қарасам, шенеунік портфелін тастағаныма 22 жыл болып қалыпты.
– Аға, осы «Құрмет» ордені Шымкент қаласында санаулы адамға ғана берілген. Мұның Сіздің қандай еңбегіңізге берілгенін білуге болар ма екен?
– Орден маған меценаттығым үшін берілді. Қайбір жылдары Анарбек Орман қала әкімі болып тұрған кезде мен өз қаржыма екі балалар алаңшасын салып бердім. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне бірдей форма тігу қажет болған кезде өзім демеушілік жасадым. Бірнеше жылдан бері балалар үйлерінің 362 тәрбиеленушісіне Балаларды қорғау күніне киімдер әперіп отыруды дағдыға айналдырдық. Құрбан айт, Ораза айттарда балалар үйлеріне бір-екі мал апарып сойып, азық-түлікпен қарасып отырамыз. «Бекжан» базарының жанынан үлкен мешіт ашылды, бұл маңайда ығы-жығы көліктен сол мешітке қарай жаяу өту мүмкін емес, осыны ескеріп екі ортаны жалғайтын көпір салып бердік.
Ана бір жылы Ордабасы алаңынан Тәуелсіздік монументі салынды. Соның қаржысын өзім көтердім, бірақ соны ешкім айтпайды. Бұл Шымкенттегі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған алғашқы ескерткіш еді. «Құрмет» ордені менің сол еңбегіме қарай берілген шығар деп ойлаймын.

Бейбітті елге қайтара алмай жүрміз

– Сізді былайғы жұрт кәсіпкер ретінде ғана емес, кәсіпқой бокстағы талантты қазақ Бейбіт Шүменовтің әкесі ретінде де жақсы таниды. Соңғы кездері Бейбіт рингке көп шықпай қойған сияқты, көрінбей қойды. Ол қайда? Немен айналысып жүр?
– Бейбіт қазір Лас-Вегаста тұрып жатыр, өзінің промоутерлік компаниясы бар. Әлемде мұндай компаниялар көп емес. Ол боксты тастаған жоқ. Бертінге дейін ол WBA чемпионы еді, жуырда WBA басшылығы оның атағын супер-чемпион статусына көтерді. Осыған орай WBA Бейбітке 2014 жылдың 15 сәуіріне дейін супер-чемпион атағын қорғауды міндеттеген болатын. Жуырда, дәлірегі 14 желтоқсан күні ол жартылай ауыр салмақта WBA версиясы бойынша чемпиондық атағын қорғайды. Алдыңғы жылы шетелде жүріп қазақтың намысын жыртып жүрген, спортқа еңбегі сіңген ұлымды Елбасының өзі қабылдап, «Барыс» орденімен марапаттады. Бейбіт бүгінге дейін әлемнің екі дүркін чемпионы, екі белбеудің иегері атанып үлгерді.
– Бейбіттің елге оралатын ойы бар ма? Промоутерлік компаниясын елге әкеліп, қазақ боксының дамуына үлес қосуы мүмкін бе?
– Қазір біз оны елге қайтара алмай жүрміз. Оны аяқтандырсақ дейміз, немере сүйсек дейміз. Інісі үйленіп, бала сүйіп үлгерді. Анасы екеуміз осындай ойымызды айтсақ, біраз шаруалары, жобалары бар екенін сылтауратады. Адамда жоспар деген ешқашан бітпейді.
Қазір оның жасы – 30-да. Кәсіпқой бокс үшін ол әлі жас, онда боксшылар 45 жасқа дейін қолғаптарын тастамай жүре береді. Қай ата-ана ұлын мақтан тұтпайды дейсіз, біз де Бейбітпен мақтанамыз, бірақ бізге оның өмірі, денсаулығы қымбат, сол үшін алаңдаймыз. Иә, ол міндетті түрде Қазақстанға оралады, спорт кешендерін, бокс мектептерін ашуды қалайды. Біз оған тек тілеулеспіз.
– «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз бар, оған өзіңіз де күн сайын куә болып жатасыз. Алдағы уақытта Сіздің саясатқа арласқаныңыз, сайлауға қатысып, халық қалаулысы атанғыңыз келмей ме?
– Соңғы сайлаудың алдында жанашыр азаматтар, дос-жарандар сайлауға қатысып бағымды сынап көруге ұсыныс жасаған. Ол кезде менде басқа жоспарлар болды. Астанада аумағы үш-төрт шақырымды қамтитын балалар орталығын салмақшы болып едім. Бізде түрлі балалар ойын-сауық орталықтары бар, бірақ бәрі шағын ғана. Мен жасатқан жоба бойынша мұнда баланың өзінің де, ата-анасының да демалып қайтуына бар мүмкіндік қарастырылған болатын. Жоба Астананың әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің ұсынысы бойынша қолға алынған болатын. Алайда, базар өртеніп, жоба тоқтап қалды. Сол жобамен жүгіріп жүргенде әлгіндей әңгіменің болғанын жасырмаймын, бірақ менің оған уақытым болмады. Қазір де анда-санда осы туралы ойланып қоямын, сайлауға неге түспеске? Амандық болса, бәрін уақыт шешеді.
– «Уәде – Құдай сөзі» деген бар. Сіз уәдеге қаншалықты беріксіз?
– Мен Құдай деген адаммын, Құдайдан қорқамын. Сөз бердім бе, орындауға тырысамын.
– Мәселен, «Бекжанда» сауда жасаған саудагерлер кезінде министрлердің блогына хат жазып, орынды жалдау ақысын күн сайын өсіріп отырды, заңсыз ақша жинай береді, ығырымыз шығып кетті деп шағымданған болатын…
– Әңгіме басында мен базарды 17 жеке кәсіпкерге жалға бергенімізді айтып едім ғой, солар біздің атымызды сатып осындай пендешілік әрекеттерге барған сыңайлы. Тоқсан сайын  орынды жалдау ақысына қосымша ақша талап етіп, бірде менің туған күніме, біресе жұбайымның туған күніне деп ақша жинапты. Бейбіттің жекпе-жегі үшін деп те ақша жинағанын кейін естідік. Мен ешкімнен ақша сұраған емеспін. Бұл жерде базаркомдар пендешілікке барған. Енді мұндай әңгіме болмайды, бәрін өзіміз бақылауда ұстайтын боламыз. Ай сайын төлейтін жалдау ақысын белгілейміз де, оны терминал арқылы төлеуді енгізсек дейміз. Қазір сол кездегі біраз базарком осында жұмыс істеп жатыр. Сатушыларды бізден гөрі солар жақсы таниды, солар орындарға орналастырса дейміз. Егер терминал орналастырсақ, түсініспеушілік тыйылады деп ойлаймын. Сонда базаркомдардың қажеті де болмай қалады.  Базар ішіне 327 камера орнатып жатырмын, төрт оператор екі ауысымда базардағы бар әрекетті бақылап отыратын болады.
– Былтырғы жағдайдан кейін «Бекжандаңы» пәленбай мың сатушы тарыдай бытырап кетті. Бір жылдың ішінде олар басқа базарда орнығып қалды, енді олардың мұнда келуі қиындық туғызып жатқан болар?
– Әрине, қиын болып жатыр. Бірақ, бұл – бұрынғы «Бекжан» емес, заман талабына сай бар жағдайы жасалған «Бекжан». Бұл жерде сатушыларға қыстың өзінде желең жүріп сауда жасауға бар мүмкіндік жасалып отыр. Бабаларымыз өртенген жерде береке, байлық болады деп кеткен екен. Мен солардан асырып ештеңе айта алмаспын. Тек қана базардың жаңа кейпін келіп көрсін, ұнататындарына сенімім мол.
– Әңгіме барысында байқағанымыз, Сіз өзіңіз жайлы жазылған «домалақ арызға» мүлдем келіспейтін секілдісіз…
– Өйткені мұнда жазылған дүниелердің бәрі шындыққа жанаспайды ғой. Базарларды жапқызатындай мен билік басында отырған жоқпын. Өрт қауіпсіздігіне қатысты талаптарды орындамаған базарлардың ісін сотқа өткізген – төтенше жағдайлар қызметі. Менің ешқандай қатысым жоқ. Әрине, менің бұл істе қызығушылығым бар, талапқа сай емес базарлардың жабылып, халықтың маған келгенін қалайтыным рас. Оны несіне жасырайын?! Олардың көбі менің сатушыларым еді ғой. Жәбірленуші бола тұра қаншама миллион ақша таратқан да өзім, сол кезде олардың ешқайсысы сатушыларға көмектескен жоқ.
– Аға, жаныңызға ауыр тиетін сұрақтар қойсақ айып етпессіз. Халықтың көкейінде жүрген ащы сұрақтарға ашық жауап бергеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан
Гүлжамал МҰСАЕВА