КҮЛӘШ – АҚ ЖҮРЕК АРЫНДЫ АҚЫН

283
0

куляшКүләш Сабзалықызы – халқымызға әуел баста «Тамаша» арқылы өз өнерімен танылып, кейін жеке театрын ашқан, сөйтіп, үлкен белестерге көтерілген, ауданымыздың Құрметті азаматы Бауыржан Ибрагимовтың туған бауыры, үлкен әпкесі. Бүгінде екі жыр жинағын шығарып үлгерген ақ жүрек айтулы ақын Күләш әпкеміз қазіргі Қазығұрт ауданындағы Қ.Әбдалиев ауылдық округінде 1954 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Әкесі Сабзалы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тағдыр талайымен шет ел асып осында келген, тұрақтап қалған, өсіп-өнген жандардың бірі екен. Ал, анасы Айғанша сөзге шешен, ескі өлең-жырларды, қисса-дастандарды өзіндік сарынға салып жатқа айтатын, от ауызды, орақ тілді суырып салма ақын болыпты.
К.Ибрагимова мектептен соң Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтын қызыл дипломмен тәмамдаған. Өзімен мектепте кластас болған дархан жүректі, сырбаз мінезді ағамыз Асқармен сөз байласып жүріп, соңында соған тұрмысқа шыққан. Өз мамандығының білікті иесі Күләш әпкеміз ауданымыздағы Рабат елді мекенінде орын тепкен осы күнгі Қ.Әбдалиев атындағы мектепте адал еңбегінің арқасында алғаш лаборант, кейін география пәнінің мұғалімі, интернат меңгерушісі, директордың бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары болып сатылап өскен. Содан соң директоры болып, басшылық қызмет атқарған. Еңбегі ақталып, соңында жоғарғы атақ Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері болған.
Күләш әпке Қазығұрт тауының баурайындағы Атбұлақ ауылында жасынан әсем табиғатты сүйіп өскен. Анасының бойындағы ең жақсы, асыл, ізгі қасиеттер тұла бойына дарыған зерек, сезімтал қыз ерекше дарын иесі болып, өз жанынан өлең шығаруға, ақындық өнерге ынты-шынтысымен ден қойған. Жүрек түбіндегі сырларын маржандай жыр шумақтарына бөлеп, халқымызға арнаған. Елін, жерін бар ділімен, жан-жүрегімен сүйген Атбұлақтың ізгі пейілді, ақ жүрек ақын қызы 2006 жылы «Өлеңім-өмірім» атты өлеңдер жинағын, 2011 жылы «Ғұмыр-дария» деген екінші кітабын жарыққа шығарған. Оқырмандарын орамды да кесімді ой-пікірлерімен баурап алған Күләш әпкенің шығармашылығына ден қойсақ, оның өзіндік айтар ойы, азаматтық, патриоттық үні бар арынды да отты ақын екенін көреміз.
Оның әкесі Сабзалы қазақ еліне табан тіреп, киелі жердің дәм-тұзын татып, Қазығұрт тауының бауырында бұрынғы «Күйік» асыл тұқымды қой зауытының кезінде аянбай еңбек еткен, мемлекетіміздің жоғары марапаттауларына ие болған жан. Кешегі кеңес дәуірінде оның баққан биязы жүнді қойының маңызы жоғары болған. Содан жыл сайын Мәскеудегі одақтық Халық шаруашылығы Көрмесінің төрін бермеген. Ақын әпке өзінің әкесі туралы былай толғанады:
«Себебінен, соғыстың әкем келген,
Қиындықтың барлығын жеке көрген.
Сүйіп өтті өлгенше, қазақ жерін,
Еңбегін ел қадірлеп баға берген.

Сұм соғыстың бұл-дағы жарасы ғой,
Тағдырыңды жіктейді санасыз ой.
Кім кінәлі, туылдық осы жерде,
Анам марқұм қазақтың баласы ғой.

Ерте тұрып оятып бозторғайды,
Мал жаятын анықтап мекен-жайды.
Ерінгендер пырылдап ұйықтап
жатты,
Еңбек сүйгіш әкешім осындай-ды.

Әр жыл сайын бермеді Мәскеу төрін,
Еңбегімен ерледі болып сенім.
Жалқаулар жүр, құр сөзден тау
тұрғызып,
Айта алмай да қазақтың қара сөзін».
Күләш әпкеміз бізбен әңгімесінде
былай деді:
– Басымызға қандай іс түссе де қайғымызға ортақтасып, бөлісе білген атбұлақтық азаматтарға мың алғыс. Ел болған соң бес саусақ бірдей емес, біреу біліп айтады, біреу білмей айтады. Сондай жүректі шым еткізген кездерде туған бір өлеңімде жан жарасын емдегендей былай деп жазған едім:
«Мен қазақпын, сұрасаң тазасымын,
Тартып жүрмін тағдырдың жазасын
мың.
Тырнап алған ойсыздың бір сөзінен,
Көңілімді құрсаулап бір қарлы мұң».
Қазақта «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» деген аталы сөз бар. Тәубе, жаны жәннатта болсын, марқұм әке аманатына адал болдық, оның атына дақ түсірмедік. Елі, жері, тілі бөлек болса да, жүрегіміз қазақтың тілін, салт-дәстүрлерін дәріптей насихаттай отырып, туған жердің перзенті ретінде өз парызымызға әр кез адалдық танытып жүрміз деп толықтай да, мақтана да айта аламыз. Мұның бәрі де санамызда сайрап жатқан ата-ана тәрбиесі дер едім. Ата-анамыздың салып кеткен адами сара жолынан таймай, әр кезде адал еңбек етіп, отанының, отбасының отын өшірмей, саналы ұрпақ өсіру арқылы олардың арғы дүниеде де риза болса деген асыл үміттің жібек жібінің үзілмеуін тілер едім. Өзімнің білім алған алтын ұям «Атбұлақ» жалпы орта мектебінің мұғалімі, белгілі сазгер Аян Қожановтың ұйымдастыруымен ұжыммен, оқушылармен кездесу кеші өткізілгенде:
«Кездесуге шақырғанда елім кеп,
Сағыныштан жүрек кетті елжіреп.
Туған жерім, аңсауменен жүр едім,
«Төркінім» деп бір еркелеп келгім кеп.

«Бикеш» деп сызылған ақ жеңгелерім,
Пейіліңді мұхитпенен теңгеремін.
Ақ жүрек ағаларым аман жүрші,
«Бәсірең алып кет» деп өңгеретін.

«Әпке» деп сызылған көп бауырым-ай,
Ынтымақ тұнып тұрған ауылым-ай.
Қуанған әр ісіме жүрегімен,
Бас ием қыз сыйлаған қауымым-ай», – деп жиынды шын діл жүректен ақтарылған арнауыммен бастаған болатынмын.
Арынды да отты ақ жүрек ақын әпкеміздің қос жинағын шығару бақытына ие болған аудандағы жорналшы қыз Жиенкүл Сәрсен өзінің «Беташар сөзінде» Күләш Сабзалықызы туралы былай деп жазған: «Жарты ғасыр жас ұрпақ тәрбиесімен шұғылданған ұстаз, халқымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын пайдалана отырып, озық үрдіс арқылы ойы таза, ақылы шалқар, білімі биік, білігі жоғары, адамгершілігі мол, иманды да ибалы, еңбекқор, өз Отанын шексіз сүйетін патриоттарды тәрбиелеуге үлес қосып келеді.
Күләш әпкеміз білім ордасында ұлағатты ұстаз болуымен бірге қолына қуатты қаруы – қаламы түспей келе жатқаны кімді де болса тәнті етеді. Ел арманы, ананың тілегі, елдің тыныштығы тақырыптарын қозғап, Күләш әпкеміз өзінің «Бейбітшілік» атты өлеңінде:
«Бейбітшілік – желбіреген ақ арман,
Пәк сезімнен махаббаттан
жаралған.
Бейбітшілік – махаббаттың
тұғыры,
Бейбіт күнге қошаметпен қараған, – деп көңіліне келген толқынды сәттерді жақұт сөзбен жауһар жыр кестелеген.
«Жыл мезгілдері – ғұмыр дастан» деген өлеңінде:
Көктем келер нәр шашып, балғын ш
ақтай,
Мәуесі көп, таусылмас Иран бақтай,
Жаз келеді жайраңдап, сызылып бір,
Гүлзар-ғұмыр, орта жас кейпін сақтай, – деген табиғатты жырлау арқылы адамдардың ғұмырын салыстыра бейнелейді.
«Алладан тілек тіледім» атты өлеңінде былай дейді:
«Мешіттер көптеп салынған,
Алланың үйі – есігі,
Тербелсе екен сәбимен, қазағымның
бесігі.
Өссе екен саналы, иманды ұрпақ
елімде,
Сұрағаны Алладан, аналардың тілегі.

Сақта деп таза ауаны, мүлгіген мына
даланы,
Өрескел әдет жұқпасын, аналар,
сақта баланы.
Имансыздық жайлаған, адамда
қалмай өкініш,
Нашақорлық, дінсіздер уламасын сананы, – деп теріс іс-әрекеттерге осы жыр жолдары арқылы азаматтық үн қатады.
Әрбір шумақтары арқылы аз сөзге көп мағына сыйғыза алатын, қаламы қарымды екенін Күләш әпкеміз танытып отыр. Оның періште баладай кіршіксіз жан-дүниесін көріп, кішіпейіл де қамқор ана, білікті ұстаз, адал жар, мейірімді бауыр екенін танимыз».
Дана да дара жолмен жүріп, сөздің парқын саралай білген, туған жердің тұғырын ту қып ұстаған парасатты ақын ананы уақыт ағымына, заманына үндесе алатын қайраткер әйел десек, артық айтқандық болмас. Күләш әпкемізді жыл басындағы алпыстың асқарына шыққан мерейлі күнімен құттықтай отырып, отбасында аманшылық, құт-береке, шығармашылық табыс тілейміз.

Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ,
белгілі әдебиеттанушы