«Өзім жүріп еткен өмір мектебіме өкпем жоқ»
Өткен жылы Ордабасының өнер кәсібі өрге басып, аталған саланы дамыту жағынан аудан облыста бірінші орынды иемденіп, кәсіпкерлік саласы бойынша өзгелерден озып, облыста үздік атанған болатын. Бұл облыс басшысы Бейбіт Бәкірұлының аудан әкімі Самат Сапарбаевқа деген сенімін нығайта түсті. Осылайша Самат Айдарханұлы үмітті ақтап, өзгелерге істің көзін таба білетін әкім екенін дәлелдей білді. Содан болса керек Сайрам ауданының экс-әкімі Уәлихан Қайназаров мәжіліс депутаттығына сайланып, Парламентке бет алғанда Бейбіт Атамқұлов оның орынтағына көп ойланбастан сол елдің төл тумасы Самат Сапарбаевты әкім етіп тағайындап, оған жергілікті халықтың жағдайын одан әрі жақсарту, түйінді мәселелерді шешуге тапсырма берген болатын. Содан бері төрт айдай жуық өтті…
Сайрам ауданы терең тарихымен ғана емес, өнеркәсібі кең өріс алған өңір екендігімен де ерекшеленеді. Мал етін өндіру бойынша өзгелерден көш ілгері келе жатқан ауданда бұдан бөлек шағын және орта бизнес саласы жақсы жолға қойылған. Жергілікті халық қоңырқай ғана тіршілік кешуді құп көрмейді. Кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге өте бейім сан ұлттың басын біріктірген тұрғылықты халық тынбай тірлік етіп, шағын кәсіптен-ақ көктеп, көгеріп отыр. Елі үнемі елгезек жүретін Сайрамда Самат Сапарбаев әкім болғалы бері халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында қандай тірліктер қолға алынуда? Қазіргі әкім бұрынғы әкімдердің қалыптастырып кеткен жүйесімен жай ғана жұмысын атқарып жүр ме әлде жаңа үлгіде жоспар түзіп, тірлік етуде ме? Көкейдегі бұл сұраққа жауап алу үшін аудан басшысымен арнайы жолығып, тілдескен болатынбыз.
— Самат Айдарханұлы, Сіз Ордабасы ауданын басқарған кезде өзіңізді жақсы басшылық деңгейінен көрсете алдыңыз. Осыдан біраз уақыт бұрын Сайрам ауданының әкімі болып тағайындалдыңыз. Осы кезге дейін аймақтың жай-күйін, тыныс-тіршілігін толық біліп үлгердіңіз бе?
— Жалпы екі ауданның өзгешеліктерінен гөрі, ұқсастықтары молдау. Жер көлемі мен халық саны жағынан айырмашылықтар болғанмен, екеуі де облыс орталығы Шымкентке жақын жерде орналасқан. Климаттары деңгейлес. Ауылшаруашылық саласы жақсы дамыған. Кәсіпкерлікті өркендету бойынша екі ауданда да мол мүмкіндіктердің өте жақсы қарастырылғандығын ерекше бөле-жара айтып өтуге болады.
Индустриалды аймақтардың жұмыстары жолға қойылып жатыр. Мысалы, Ордабасы ауданында индустриалды аймақтардың дамуы ерекше сипат алуда. Бұл жағы Сізге белгілі. Онда теңдесі жоқ, қазіргі технологиямен сәйкестендірілген жылыжайлар орын тепті. Тамшылатып суару әдісін үйреніп, осы жүйені қолданып жатқандардың қарасы да жыл сайын көбеюде. Бадамдағы индустриалды аймақта ауылшаруашылығы техникаларын құрастыратын «Каз-КИОТИ» мен «Оңтүстік қыш» зауыттары іске қосылды. Бұл ондағы кәсіпкерлік саласының құлашын кеңге жаюына жол ашатын шаруалар болып табылады. Бұл істердің басы-қасында өзім жүргендіктен тоқталып жатқаным ғой… Ал Сайрамда кәсіпкерлік пен ауылшаруашылық саласының дамуы бұрыннан көңіл көншітетін дәрежеде екенін баса айту керек. Ауыл шаруашылығы шалқыған аудан экономикалық жағынан да өзі деңгейлес біраз аудандардан алда келе жатыр. Елі де тым еңбекқор. Кәсіпкерлікке толық бет бұрған. Бүгінде бір ғана ауданның өзінде 14500-ден астам кәсіпкерлік нысаны тіркелген.
—Осындайда «Еңбек түбі–береке» деген ұлағатты сөз ойға оралады екен. Жалпы ауданда кәсіпкерлік саласы әбден қалыптасқан дедіңіз. Мұны сіз айтпай-ақ, сырт жұрт көріп, біліп отыр. Қазіргі әлемдік дағдарыс кезінде үдемелі индустриалдық-иновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру ерекше маңызға ие болып, өз қайтарымын берері белгілі. Сайрамда осы бағытта не істелініп жатыр?
—Жаһандық дағдарыс жан-жақтан қысып жатқанда, елдің әлеуметтік жағдайын әлсіретпеудің тетігі болатын бұл бағдарламаны қолға алудың мәнісі зор. Осы мақсатта биыл біз инвестициялық құны 670 млн. теңгені құрайтын ет өңдеу кәсіпорнын ашпақшымыз. Келер жылы осы бағдарлама негізінде үш кәсіпорын іске қосылмақ. Бұрындары Сайрамдағы Тассай ауылдық округінде индустриалды аймақ бар болатын. Шымкенттің аумағын арттырып, шекарасын бекіту кезінде ол жер қала аумағына өтіп кеткен еді. Соған орай біз қазіргі таңда 36 гектарды қамтитын жер қарастырып, индустриалды аймақ салуды қолға алудамыз. Бұл бағытта тиісті техникалық құжат негіздемелері жасалды. Қазынадан қаржы қаралса, іске қосылатын болады. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің жұмысына жаңа технологияны енгізуге де зор мән берудеміз. Ауданға инвестор тартуға көп көңіл бөліп отырмыз. Бүгінде ауданға құс фабрикасын салу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, демалыс аймағын салу бойынша инвесторлар келуде. Тіпті қарасы қалың десем де болады. Бұл алдағы уақытта Сайрам ауданының инвестиция тарту жағынан алдыңғы қатардан көрінетіндігіне деген сенімді нығайтады.
—Енді сәл шегініс жасап, сөз басында өзіңіз еске алғандай Ордабасыдағы күндерге қайыра оралсақ. Нені іске асырып, нендей нәрсеге үлгере алмадыңыз?
—Ордабасы ауданында қызмет еткен жылдарда аудан орталығына ерекше әр кірді. Жол бойы жарықтандырылып, көгалдандыру ісі қолға алынғанына бүгінде оның игілігін көріп отырған ел куә. Ауданға кіреберіс күре жолдың бойына қақпа орнаттық. Қазір сол жерге кәсіпкерлік нысандардың қазығы қағылып, бой көтеруде. Және де жер көлемі 3 гектар болатын орталық саябақтың да сәні арта түсті. Ол аудандағы барлық мәдени іс-шараларды өз деңгейінде өткізетін орынға айналды. Ауылдық округтердегі жол, аяқ жол, көгалдандыру сынды жұмыстарды жолға қоюда да жоқтан бар жасағандай әрекет еттік. Мұның барлығы бюджет есебінен жүргізілген жұмыс. Ал аяқталмай қалу былай тұрсын, бастау алмаған тың идеяларым өте көп. Соның бірі – ол ауданда жастар аллеясын ашу болатын. Осыған білек сыбана кірісіп, ойымызды елеп-екшеп, әбден сүзгіден өткізіп, тіпті жобалық сметалық құжаттар жасағанбыз. Аяқсыз қалды. Сосын аудан орталығындағы саябақтың ортасынан ағып өтетін канал бар. Оның бойына жасыл желекті жайқалтып, қыдырыстайтын жұрт үшін аяқ жолдар төсеп, жарықтандыруды жоспарлағанбыз. Және оның ұзындығы бір шақырымға созылып жатқандықтан жұрт велосипед ершігіне отырып, бір сәт айналаны айналып өтуі үшін арнайы жолақ сызуды, бұдан бөлек жаттығатын орын белгілеуді ойлағанбыз. Бірақ үлгермедік. Мен негізі жұмыстан шаршамаймын, тек кейде қағазбастылық қажытады.
—Сайрамда ауылшаруашылығы алға басып, кәсіпкерлік кең қанат жайғанымен, көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан күрделі проблемалар бар. Соның бірі, әрі ең маңыздысы — жер мәселесі төңірегіндегі біраз жылдардан бері шешімін таба алмай келе жатқан дау. Қолында жердің шешімі бар болғанымен жер телімін ала алмай жүрген жамағат жетерлік. Осы маңызды іске қашан нүкте қойылады деп айта аласыз?
—Осыдан бірер жыл бұрын аудандағы мыңдаған азаматтарға жер телімі шүлен таратылғандай беріліп, адамдар соған негіз болатын жер беру туралы шешім жазылған бір тілім қағазды алып, баспаған тауы, бармаған жері қалмаған. Мемлекеттік акт алу үшін ары шапқылап, бері шапқылап, талай табалдырықты тоздырады. Бірақ жер берілмейді. Неге? Себебі, ол шешімдер заңсыз. Мемлекеттік актінің берілмеуі де содан. Тіпті елді-мекен шегіне енбеген аумақтардан азаматтарға жер телімін беру туралы шешімдер бар.Міне, сондай заңсыз шешімдермен жерге қол жеткіздік деп алданған азаматтардың саны 3 мыңға жуықтайды. Халықтың бұл жанайқайы қаншама жерлерде айтылып та, жазылып та жатты. Соған сәйкес арнайы комиссия құрылып, іс май шаммен қаралды. Құрылған комиссия мүшелері сол 3 мыңға жуық азаматтың тек 500-нің ғана шешімдерін заңдастырып берді. Қалған 2500-і әлі күнге дейін жерге қол жеткізе алмады. Содан бері қаншама жыл өтті. Билік халықтың еш жазығы жоқ екенін жақсы түсінеді. Олар қазір Ақсукент ауылы бойынша жер телімін алу кезегінде тұрғандардың қатарына енгізілген. Бірақ Ақсукентте бос жатқан жер қоры тағы жоқ.
Осыған орай аудандағы өзге ауылдардың жер құрылымын зерттеп, басқа округтерден жер телімін беру туралы жолдарды қарастырып жатырмыз. Тығырықтан шығар жол – міне осы ғана болып тұр. Осындай тәсілмен биыл Ақсукент ауылы бойынша кезекте тұрған 5000-ға жуық азаматтың 500-не жер телімін беруді жоспарлаудамыз. Ал қалғандарының өтініштерін қанағаттандыру келер жылдардың еншісінде болып тұр. Қалай болған күнде де барлығын заң аясында орындаймыз.
—Басқа жерлердегі сияқты, Ақсукент ауылында да жабайы сауда орындары көзге түрпідей болып түседі. Қаншама айтылғанмен бұрын да, бүгінде осы сауда төңірігіндегі тірлік сөзден арыға бармай, іске аспай қалып жатыр. Сіз өзіңіз басшылыққа келгелі бері осыны шешудің жолдарын қарастырдыңыз ба? Нәтижесі қандай?
— Бізде жабайы сауда жойылмай келе жатыр. Аудан орталығына түссеңіз болды, қызған сауданы көз шалады. Жаяу жүргіншілер, арнайы жолдар бойы, тіпті ғимараттардың алдына саудагерлер түрлі заттарды сатылымға дайындау үшін жайып тастайды. Бұл заңсыздық жергілікті халықтың наразылығын тудыруда. Осы мақсатта біз тиісті сала мамандарымен бірігіп, саудагерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Заңсыз екенін сан рет ескертік. Бос сауда орындарын ұсындық. Олар «жаңа оқу жылы қарсаңында жұмыс жүргізіп алайықшы» деп өтініштерін айтты. Әзірге «қайырымдылықпен ала алмағанды, қаталдықпен ала алмайсың» деген гуманизмге сүйеніп, оларға 10 қыркүйекке дейін уақыт бердік. Өйткені, оларды да түсінуге болады. Ешкім жетіскеннен көшеге шығып сауда жасамайды. Ондағы 150 әйелдің барлығы сол қарақазан, сары бала қамымен жүрген жандар. Бірақ отбасылық ырыздықты да заңға мойынсұнып табу қажет. Енді 10 қыркүйектен кейін олар біз ұсынған бос орындарға барады. Бірақ берген уәдесінен тайқып, тәртіпсіздік танытатын болса, заңға сәйкес тиісті шаралар көріледі.
—Өмір сүру үшін адамның ең басты қажеттілігіне айналған ауыз су мен газ мәселесі Сайрам ауданында әлі де күрделенген күйде қалып отырғандығы жасырын емес. Осыны талдап, таратып айтып, келер күндердің жақсы жоспарларымен хабардар етсеңіз.
— Тек бұл проблемалар ғана емес, өзге де өзекті мәселелер толып жатыр. Ол халықты ауызсу мен және көгілдір отынмен қамту жағы. Мысалы, ауданда 42 елдімекен бар болса, соның 24-інде газ құбыры тартылмаған. Бұл маған дейінгі басшылардың да назарында болған. Проблеманы шешу үшін сол елдімекендердің 7-ін газбен қамту бойынша жобалау-сметалық құжаттары түзілген. Келер жылдан бастап Бейнеу-Бозай-Ақбұлақ магистральды құбырынан сол ауылдардың газ тарту жұмыстары қолға алынады. 2020 жылға қарай аудан көгілдіротын мен 100 пайыз қамтылған аймақ болады. Бұл үшін қаржы облыстық бюджеттен бөлінбек. Аудандағы елді-мекеннің барлығы ауызсу мен қамтамасыз етілген. Тек біреуі құдықсуын ішеді. Бұл мәселе де жақын күндері өзшешімін табатындығын ерекше баса айтқым келеді. Кейбір ауылдарда су құбырларының тозығы жеткен. Оларды ауыстырудың да күні тақау. Жақын күндері аудан орталығындағы көшелерді жарықтандыру жұмыстары жүреді. Бұл жұмыстардың талапқа сай орындалуы бізге сын. Мұнымен қатар аудан әкімдігі қосымша салық көздері мен жасырын кәсіпорындарды анықтау, бюджет бүйірін толықтыру бағытындағы жұмыстарға білек сыбана кіріспек. Кеңес Одағы кезінде дүркіреп жұмыс жасаған, қазір істен шығып тұрған зауыттардың тамырына қайта қан жүгіртіп, сол арқылы жұмыссыздардың санын азайтсақ деген жоспар бар. Және үнемі назардан түспейтін нәрсе ол – аудандағы идеология мәсеселесі. Бұл жерде 50-ден астам ұлт өкілдері қоныстанған. Олардың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі аса маңызды. Сондықтан да жергілікті халықтың ынтымағын арттыратын мәнді іс-шаралар, керім кездесулер кестеге сай жыл он екі ай бойы жүргізілетін болады.
— Сіз бюджет есебінен орындалатын жұмыстарыңызбен бөлісіп отырсыз. Біле білгенге мемлекет қаржысының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей, мақсатты жұмсалуы әкімге үлкен сын. Сіз жоғарыда Ордабасыда біраз ойларды іске асыра алмай кеттім деп айтып өттіңіз. Соларды осы Сайрамда жүзеге асыруға болмас па екендеген ой туып отыр…
— Ойыңыз өте орынды. Иә, халық үшін қызмет етіп жүрген соң, солардың көңілінен шығатын істерді жүзеге асыруға тырысасың ғой. Бізде биіктеу жазықта орналасқан Ақбұлақ деген жер бар. Жеті гектар аумақты алып жатқан сол жерден тұтас ауданның сырт келбетін бақылауға болады. Ол жердің иесі оны аудан меншігіне қайтару туралы уәде беріп отыр. Келісімге келсек Сайрамның самалына тербеліп, топырағына аунап, шаңын жұтып, болашаққа бет түзеп, баянды тірліктің басы-қасында жүрген азаматтардың қаржысымен сол жерден саябақ ашсақ деген керемет идеямыз бар. Сайрамда бір ғана саябақтың бар екенін ескерсек, бұл жоспардың жүзеге асуы құптарлық дүние болар еді. Сайрамда Ақсу өзені бар. Оған біраз жыл бақылау болмағандықтан жағасы қазылып, карьерге айналған. Арнасы қатты бұзылған. Салдарынан оның су өткізу қабілеті едәуір төмендеген. Өзен ағысымен аққан судың 20-30 пайызы жерге сіңіпкетеді. Біз осылай қолқусырып отыра берсек, өзінше асаулығы бар бұл өзеннен айрылып қалуымыз бек мүмкін. Мәселені шешу үшін өзен арнасын тіктеп, екі шақырым жерін көгалдандырып, демалыс орнын ашсақ деген ойымыз бар. Және де сол кәсіпкерлер арқылы ауданда бөбекжайлар ашып, балаларды балабақшамен қамтуды 100 пайызға жеткізсек деген тағы бір игі ой бар. Қазіргі таңда бүлдіршіндердің мектепке дейінгі мекемемен қамтылуы 80 пайызды құрап отыр.
— Сізді жәйғана әкім емес, менеджерлік бойына сіңірген білікті мамандейді. Бұған не дейсіз?
— Менеджмент пен менеджерлікті меңгеру жергілікті және мемлекеттік басқару ісінде өте қажет. Бұл – заман талабы. Жалпы әкімнің өзге салалар бойынша жан-жақты болғаны өзіне жақсы. Бес қаруын бойына сіңірген бесаспап болмасаң, оноралып, орынсыз жағдайларға душар болуың ғажап емес.
— Самат Айдарханұлы, көп нәрсені айтып, бізді де көп нәрседен хабадар еттіңіз. Ісіңізге сәттілік, өзіңізге абыой тілей отырып, сіздің өмірдерегіңіз жайлы білсек деген ниетіміз бар…
— Мен осы ауылдың тумасымын. Қарапайым отбасынан шықтым. Мамандығым инженер-механик. Еңбек жолын 1985 жылы Жамбыл кірпіш зауытының слесарі болып бастағанмын. 1988-1991 жылдары Сайрам аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы, хатшысы лауазымдарын атқардым. 1992 жылдан бастап 2013 жылға дейін Сайрам аудандық әкімдігінде бөлім меңгерушісі, ауылдық округ әкімі, аппарат басшысы, аудан әкімінің орынбасары болғанмын. Одан кейін Ордабасыға басшы болдым. Қазір Сайрамдамын. Жалпы өзім жүріп өткен өмір мектебіме өкпем жоқ.
— Өзіңізге артылған сенім ауқымды. Оны игеріп, басшының тарапынан көрсетілген сенімді ақтаудың өзі үлкен міндет пен жауапкершілікті жүктейді. Облыс әкімінің ауданға деген қамқорлығы мен көзқарасы жайында не айтар едіңіз?
— Осы ретте облыс басшысы Бейбіт Бәкірұлының маған киелі ауданды басқаруды тапсырып, сенім артқанына риза екенімді айтқым келеді. Сенімге ие болу мені ерекше қанаттандырады. Оны ақтау үшін барымды салып еңбек етіп жүрмін десем артық айтқандық емес. Сондай-ақ, ол кісінің бағыт-бағдар беруі, тың тапсырмаларды жүктеуі де мені ширатып жатыр. Облыс басшысының киелі ауданға көп көңіл бөлуі де жергілікті халықты қуантады. Жылбасынан бері 3-4 рет ауданға атбасын бұрып, ағайынмен тілдесіп, олардың мұң-мұқтажын көзбен көріп, танысуы, соның негізінде нақты тапсырмалар беріп, нәтиже шығаруы әкімнің елге жақын азамат екенін көрсетеді.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Талғат ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ