ДЕКЕЛБАЕВТЫҢ ДАҢҒАЗА ӘРЕКЕТІ
Жуырда «Фейсбук» әлеуметтік желісінде және «Абай.KZ» сайтында 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шыққандардың бірі Ерлан Декелбаевтың «Тарихи кітаптарға мені «сатқын» деп жариялатқан – Мұхтар Шаханов» деген мәлімдемесі шықты.
Онда мынадай жолдар бар:
«Мұхтар аға, мұның барлығы өзіңіз басқарған «Желтоқсан комиссиясының қорытындысынан» алынған. Сіз бұл қорытындыға қолыңызды қойып, мені комиссияның қорытындысымен сатқын деп тарихты бұрмаладыңыз. Мені ұрпақ алдында масқаралап отырсыздар. Бүкіл кітаптардың ішінде бадырайтып тұрып, «Исабеков Сәбитті» сатқан деп ойып тұрып, жалғыз маған ғана қорытынды шығарғаныңызға аң-таң қалып отырмын. Неге сонша маған ғана қадалып қалғансыз? Мұхтар аға, сіз арыз жазып келген 21 адамдарыңызбен бірге қоса 22 адам болып менің арқама пышақ сұқтыңыз. Ең болмағанда еркек құсап сол пышақтың біреуін неге менің кеудеме қадамадыңыздар, Мұхтар аға?»
Енді осы сөйлемдерге ой жүгіртіп, саралап көрелік.
Рас, мен 1986 жылғы Желтоқсан шындығын ашумен және оған түпкілікті баға беру жұмысымен шұғылданып жүргенімде Аманжол Нәлібаев бастаған желтоқсаншылардың және оны қолдаушылардың үлкен тобы комиссияға 21 адам қол қойған арнайы хатты әкеліп тапсырған. Сол хаттың ішінде Ерлан Декелбаевтың желтоқсаншы Сәбит Исабековтің сотталуына себепкер болғаны айтылады. Комиссия мүшелерінің және желтоқсан шындығына араласып жүрген өзге де қоғам қайраткерлерінің мұқият түрде талқылауынан кейін комиссия шешіміне мынадай жолдар ендірілген екен:
«Исабеков С.К., тяжело раненный 18 декабря, был помещен в тюремную больницу КГБ. Против него было возбуждено уголовное дело (следователь Егоров). На основании единственного показания другого обвиняемого – Декелбаев Е.А. – Исабеков осужден впоследствии на 6 лет лишения свободы.»
Бұл мәліметтің тергеуші Егоров қатысқан арнайы сот шешімінен алынғаны көрініп тұр. 21 адамның комиссияға жазған хаты да Е.Декелбаев туралы болатын. Ол хатты өз мұрағатымнан іздеп табу үшін бәлкім айдан аса уақыт қажет шығар. Бірақ хат кезінде газетке де жарияланған сияқты еді.
Енді Е.Декелбаевтың «жалғыз маған ғана қорытынды шығарғандарыңызға аң-таң қалып отырмын» дегені сауатсыздық, пайымсыздық емес пе? 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын тексеру комиссиясының тұжырымдамасында жүзден астам адамдардың аты-жөні және жасаған істері баяндалады. Комиссия тек Декелбаев ісімен шұғылданған болса, оның несі комиссия. Екіншіден, Е.Декелбаев «мені комиссияның қорытындысымен сатқын деп тарихты бұрмаладыңыз» деген пікір білдіреді. Көрдіңіздер ме, ол өзін тарихқа айналдырып отыр. Декелбаев тарихпен сыбайлас болатындай қандай іс тындырыпты? Бірақ дәлелсіз және себепсіз пікір айтып, 1986 жылғы Желтоқсан шындығын әйгілеген комиссияға ширек ғасырдан соң орынсыз күйе жаққаны үшін Декелбаевтың желтоқсан тарихында қалуы әбден мүмкін. Әйтпесе, мына әрекетін қалай түсінуге болады?
Көп жыл бұрын менің «Жазагер жады космоформуласы» («Шыңғыс ханның пенделік құпиясы») атты өлеңмен жазылған романымның төңірегінде өрбіген Шыңғыс хан туралы айтыс пен дауда Мұхтар Мағауин Бекділда Алдамжаров деген жігітті өзіне қолшоқпар етіп алып, Шыңғыс Айтматов екеумізге шамасы жеткенше қара күйе жақтырды. Менің «дарын, қабілет атаулыдан жұрдай, мүлдем ақын емес» екенімді дәлелдеп бақты. Ал, Ш.Айтматовтың бірде бір есі дұрыс шығармасының жоқтығын айта келіп, кезінде оның әлем әдебиетінің ұлы тұлғасы Луи Арогон «Махаббат туралы ең тамаша хикая» деп ардақтаған «Жәмила» атты туындысын мазмұнсыз, мағынасыз, ең нашар шығарма деп бағалапты. Біздің арамыздағы даумен айналысып жүрген Алматы қаласы, Медеу аудандық соты өздерінше «Осы азаматтың есі дұрыс па екен?» деген күдікке тіреліп, қаладағы Каблуков көшесінің бойында орналасқан психикалық сауықтыру (жындыхана) орталығына хат жіберген екен, олар Бекділда Алдамжаровтың 22 жыл бойына, жындыханада тіркеуде тұрғанын әйгілеп, бас дәрігері қол қойып, арнайы хат жолдапты. Сол хаттың баспасөзде жариялануы арамыздағы дауды сап тыйып, жұрт арасындағы беделімізге сүйеніш болған еді.
Құдай оның бетін ары бұрғай, әйтсе де Е.Декелбаев туралы да жоғарыдағыдай ойға тірелгенімді жасыра алмаймын.
Желтоқсан көтерілісінің шындығын әйгілеу барысында 5 комиссия жұмыс жасады. Мен басқарған 4-ші комиссия оқиғаға кінәлі 41 адамның аты-жөнін жариялап, М.С.Горбачев басқарған КОКП Орталық Комитетінің, оның Саяси Бюросының қылмысты істерін комиссия шешімі арқылы бүкіл дүниежүзіне әйгілеген шақта, Г.Колбин М.Горбачевке кіріп, КСРО Қауіпсіздік комитеті, КСРО Ішкі Істер министрлігі, КСРО Прокуратурасымен бірлескен арнайы комиссия құрғызып,біздің комиссияның ісін жоққа шығаруға жұмыс жасағанын жұрттың көбі біле бермейді. Кейіннен менің КСРО Президенті Горбачевті Конституциялық сотқа бергенімді және М.Горбачевтан 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде жасаған әділетсіздігі үшін бүкіл қазақ халқынан кешірім сұратқанымды да біреу біліп, біреу білмеуі мүмкін. Күні бүгінге дейін сол Желтоқсан шындығын әйгілегенімізге риза емес адамдар, анда-санда болса да бой көрсетіп тұрады.
Әйтпесе, Декелбаев мырза сол кезде-ақ өзінің комиссия шешіміне енгенін жақсы біледі. Тіпті оның өз кінәсін мойындай отырып, комиссия шешімінен өз есімін алып тастау туралы өтініш айтқаны да кейбіреулердің есінде қалыпты. Сөйте тұра Декелбаев комиссияның 100-ден астам жұмысшы тобының арасында жүріп, кейбір істерімізге қолғабыс тигізгенін де жоққа шығармаймыз. Араға ширек ғасырдан астам уақыт түскенде Е.Декелбаев өзін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетіп, айқай көтергені қалай? Қолында дәлелі болса, сол кезде неге өзін ақтап алуға тырыспады? Біздің ұғымымызша, Декелбаев мырзаны жасырын қолдаушылардың ішінде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің және оның рухани беделін қорғаған комиссияның абыройын түсіргісі келетін біреулер бар сияқты.
Жарияланған мәлімдемесінің соңына таман Е.Декелбаев былай деп күш көрсетеді:
«Сіз және кітапты шығарушылар (Берік Әбдіғалиұлы, Қайым-Мұнар Тәбей, Мәулен Әшімбаев, Асқаров Әлібектер болып) пресс-конференция ұйымдастырып, ел-жұрт алдында өрескел қателіктеріңізді мойындап, мені тарих алдында ақтаңыздар… Егер бас тартып, мені осындай «сатқын» күйде қалдыра беретін болсаңыздар, мен барлықтарыңызды сотқа тартамын!»
Керісінше, негізсіз, пайымсыз айыптауы үшін маған және бүкіл комиссия мүшелерінің жасаған ісіне көлеңке түсіруге тырысқаны үшін, Ерлан Декелбаев өз мәлімдемесін жариялаған сайттарда, менен ғана емес бүкіл комиссия мүшелерінен және комиссия мүддесіне жасқанбай қол ұшын берген халық қаһарманы Қасым Қайсенов, халық жазушысы Сафуан Шәймерденов секілді ағалар басқарған жұмысшы тобынан кешірім сұрамаса, онда бұл жалақор мырзаны комиссия мүшелері және комиссия жұмысына тікелей қатысты адамдардың сотқа тартуға мүмкіндігі бар.
Мұхтар ШАХАНОВ,
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының шындығын ашу және оған түпкілікті баға беру комиссиясының тең төрағасы, Қазақстанның Халық жазушысы, Қырғызстанның Халық ақыны,
«Түркі тілдес халықтар арасындағы
ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегері.