Мемлекеттің қаржысын «майшелпек» көрген шекпенділерге тықыр таянды
Қарағандыда 5 қабатты тұрғын үй құлап, оның шуы елімізді дүрліктіріп жіберіп еді. Қоғам арасында әжептәуір пікірталас қалыптастырған сол даулы оқиғаға әлі күнге нүкте қойылған жоқ. Адам шығыны болмаса да, қаншама тұрғын дүние-мүлкінен, баспанасынан айырылып, материалдық шығынға батуымен қатар, психологиялық күйзелісті де бастарынан өткерді. Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс те қозғалған болатын.
Қарағандыдағы Қазыбек би аудандық соты бірінші болып Саран қаласының әкімі Виктор Ивановты қамауға алды. Ол осыдан үш жыл бұрын «Бесобадағы» үйіндіге айналған 5 қабатты тұрғын үйді қабылдап алған комиссияның төрағасы болған. Мұның соңын ала Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Сергей Грибенщиков пен сол кездегі облыстық сәулет және құрылыс басқармасының бастығы Александр Воробьев та темір торға тоғытылды. Апатты деп танылған үйді салуға рұқхсат беріп, оны қабылдап алған, тізімдегі негізгі кінәлілер — осылар. Олардан алдын тұрғын үй құрылысын жүргізген құрылыс компаниясының бас инженері де қамауға алынған еді. Шеттерінен сотқа тартылған шенеуніктер кінәлері толық дәлелденген жағдайда 8 жылға дейін сотталуы мүмкін. Оларға аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылып отыр.
Сапасыз салынған құрылысты «бармақ басты, көз қыстымен» қабылдап, нәтижесінде қарапайым халықты қан қақсатқан мұндай оқиға Оңтүстік Қазақстан облысында да орын алуда. Мақтарал ауданындағы Алаш ауылынан өткен жылы ғана құны 22 миллион 700 мың теңгеге салынған фельдшерлік-акушерлік пункт ашылған болатын. Жыл өтпей жатып, су жаңа ғимараттың едендік тақтайлары майысып, есіктері жабылмай қалған. Іргетасы ылғалдан қорғалмағандақтан, ғимараттың қабырғалары жарылып, әне-міне құлаудың алдында. 22 бөлмеден тұратын емдеу мекемесінің қазір екі бөлмесінде ғана сырқаттар қабылданады. Соның өзінде үрей билеген дәрігерлер мен тұрғындарда зәре жоқ. Ғимаратқа жүргізілген сараптама құрылыс жұмыстарының сапасыздығынан бөлек, жобадан мүлдем ауытқып кеткендігін анықтады. Қазіргі кезде мемлекет қаржысын желге ұшырған мердігер компания мен осы салаға қатысты бірнеше шенеуніктерге қылмыстық іс қозғалды. Олардың арасында облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары мен осы мекеме қызметкері бар. Дәл осындай жағдай 2010 жылдың күзінде пайдалануға берілген Шымкенттегі №24 орта мектепте де орын алды. Қыста мектептің 2 блогы суық болуы себепті, сабақ өткізілмепті. Егер мектеп директорының сөзіне сенсек, жаңа мектептің жылу жүйесі 80 пайызға орындалмаған көрінеді. Сонымен қатар, ғимараттың терезе жақтаулары дұрыс орнатылмаған, еденгі линолиум төсеу мен ішкі жөндеу жұмыстары дұрыс атқарылмаған. Мектеп құрылысын алматылық «Реал-Строй» СК құрылыс компаниясы жүргізіпті. Айдаладағы алматылық компанияның Шымкентте неге адасып жүргенін бір Құдайым білсін.
Міне, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың жауапты қызметтің тұтқасын ұстауға біліксіз кадрды қоюының зардабы. Мұндай масқаралық құрылыстың исі мұрнына бармайтын Альмира Орманчина ханымның тұсында болған екен. Ал енді ол кетіп, орнына Тұманбек Әлиев келген соң «ойбай-ау, екеуінің айырмасы жоқ қой» деп тағы шырылдадық. Сөйтсек Әлиев өзінің біліктілігіне шәк келтірмейді екен. Оны бізге жолдаған хатынан байқадық. Сенбесеңіз, оқып көріңіз.
«Уақыттың» шолушысы