Шымбайға батса да, шындық немесе Асқар Мырзахметов өз әрекетіне есеп бере ала ма?

446
1

«Айта-айта Алтайды…» демекші, Асқар Исабекұлының кадр таңдаудағы қателігі жөнінде біз де жаза-жаза шаршайын дедік. О баста ісі тап-тұйнақтай көрінген оның келе-келе қылық ашқанын көріп, «түймедейді түйедей етпей-ақ қоялық» деп, өзімізді өзіміз сабырға шақырғанымыз зая кетті. Біздің ол кісіде бес бересіміз, алты аласымыз жоқ. Тірлігіне де араласуға құқықымыз шектеулі.

Әйтсе де, мұның соңы жақсылыққа апармайтыны, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы тежелетінін, сыбайлас жемқорлықтың белең алатынын, халықтың арасында психологиялық ахуалдың ушығатынын ішіміз сезгендіктен де шырылдаймыз. Әйтпесе, Асқар Мырзахметов өзі тағайындалған үш жылда әр түрлі деңгейдегі 200-дей мемлекеттік қызметтегі басқарма бастықтары мен орынбасарларын, аудан, қала әкімдерін, орынбасарларын, бөлім басшылары мен орынбасарларды, ауыл әкімдерін жұмыстан босататындай немесе пәрмен беруі арқылы кетуге мәжбүрлейтіндей қара басына не күн туғанын еш түсінбей-ақ қойдық. Біз көргеніміз бен естігенімізді, қолдағы бар деректерді, көпшілік арасындағы пікірлерді саралап, «Мырзахметовтың мұнысы несі?» деп жүргенімізде, өңірімізге белгілі азаматтар мен халық қалаулылары да облыс әкімінің кадр саясатына ашық пікірлерін білдіре бастады.
Асқар Исабекұлының өзі тағайындаған кадрлары өз істерінің білгірі, сол саланың ыстығы мен суығына төзген мамандар болса, дауымыз болмас еді. Мәселе сол кадрлардың өз орындарына «адасып» баруында болып тұр ғой. Мәселен облыстық құрылыс басқармасын басқарған Альмира Орманчина деген кім еді? Ол бір кездері осы басқармада хатшы бола жүріп, инженер-экономист мамандығын алған соң басқарма бастығы лауазымына ғарыштық жылдамдықпен өрлеген болатын. Оның мұндай дәрежеге жетуіне, әрине, облыс әкімінің елеулі септігі тиді. Ал бүгінде Альмира ханымның «майлы» орынтағына Мырзахметовтың тұсында ғана танымал болған Тұманбек Әлиев келгенде не істедік? Шындығы керек, түңіліп кеттік. Осы екеуінің қайсысы құрылыста істеп, осы саланың қыр-сырын меңгерген? Қолына қалақ ұстап көрмеген Әлиев әлі-ақ онсыз да ақсап жатқан құрылысты қарық қылмасы анық. Елбасымыз кенже қалған білім саласына барынша басымдық беріп, білімді ұрпақ тәрбиелеуге ұрандатып жатқанда Мырзахметов не істеді? Ол облыстық білім басқармасының бастығы етіп «айқай-шуы» көп М.Туғанбаевты отырғызамын деп, онысы өзіне таяқ болып тиді. Артынша оны алып тастап, өмірінде бір күн де мектепте істеп көрмеген Альбина Елшиеваны отырғызды. Мұндай керемет ой Асқар Исабекұлының басына қалай келгенінде шаруамыз жоқ, осы орынға лайықты деп отырғызған кадрының бүгінде қадірі қашып, облыстағы барша мұғалімдер мен оқушылардың ауызекі «ермегіне» айналды. Мұндай мысалдар өте көп.
Мәселен, бұрынғы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы болған Нұржан Әлтаевтің мамандығы заңгер, ішкі істер саласында істеген. Тек соңғы екі жылда ғана өз саласына қатысты еңбек еткен көрінеді. Мұхтар Отаршиевтің де мамандығы заңгер. Ол да ішкі істер органында қызмет етіп, соңғы бір жылында «Жайық-Каспий» экология департаментінде бастық болған. Бүгінде А.Мырзахметовтың пәрменімен ол Оңтүстік Қазақстан облыстық табиғи ресурстар басқармасының бастығы лауазымында. Асқар Исабекұлының кадр таңдаудағы қателігі салдарынан өзі қойған мамандарының бір жылға да жетпей, аттарынан ауып түсіп жатқандығы тағы бар. Бір Сарыағаш ауданына 3 жылда 4 әкім тағайындалуының астарында не сыр бар? Оны облыс әкімінің өзі білмесе, біз білмедік. Созақ ауданына әкім етіп Берік Мейірбековті Мырзахметовтың өзі тағайындады. Жарты жылда кадрлық сапырылысқа жол берген Берік мырзаның білдей орынбасары мен ауыл әкімі пара алу барысында ұсталып, Мырзахметовтың абыройын «минусқа» түсірді. Сол сияқты, облыстық құрылыс басқармасының бастығы етіп тағайындаған Н.Байғұт, энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының бастықтары Ж.Насыров, С.Ибадуллаев, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Н.Әлтаев, білім басқармасының бастығы М.Туғанбаев неліктен жылға жетпей орындарын босатты? Кезінде осылардың бәрін де Мырзахметовтың өзі тағайындамап па еді?!
Кадр жасақтау жөнінде Елбасымыз айтудай-ақ айтып келеді. Әсіресе, жергілікті кадрларды көтеру тұрғысында. Қайдан, Асқар Исабекұлына салсақ 3 миллонға жуық халқы бар Оңтүстік Қазақстан облысында лайықты кадр жоқ сияқты. Сондықтан болар, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына бастықты Қызылордадан тауып, аттай қалап Д.Абсаттаровты алып келді. Облыстық табиғи ресурстар басқармасының бастығы М.Отаршиевті Атыраудан шақырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ж.Исмаилов та — Қызылорданың тумасы. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Л.Смағұлова Астанадан Шымкентке ат арытып келсе, баспасөз хатшысы Б.Оспанов — Қостанайдан келген кадр. Сонда Оңтүстікте іліп алар, бір жөні түзу дәрігердің немесе журналистің шықпағаны ма? А.Мырзахметовтың тағы бір түсініксіз тірлігі, реті келсін-келмесін, өзінің орынбасарларын әр салаға жауапты етіп тықпалай беретіндігі. Сонда, «шымшық сойса да, қасап сойсын» деген қағиданы қаперіне алмаған Мырзахметовтың көздеген мақсаты не? Кадр саясатын ойынға айналдыру ма, әлде басқа пиғыл жатыр ма? Мұндай саясат Мырзахметовке абырой әпермесі анық. Қазір Оңтүстікте екі адамның басы қосылса, әңгіме арқауы ә дегеннен-ақ осы тақырыпқа ауады. Мұнымызды ақыл айту деп емес, ақылдасу, көреалмаушылық деп емес, кеңесу деп білейік. Әйтпесе, аяғын енді ғана қаз-қаз басқан «Уақыт» газетінің облыс әкімінің жағасына жармасатындай ұзында кегі, қысқада өші жоқ.

“Уақыттың” шолушысы.