ОРДАБАСЫДА ҚАЗЫНАҒА ТҮСКЕН ҚАРЖЫНЫҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНАН КЕЛЕДІ

507
0

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі өңіріміздегі аудан, қалалардағы өндірісі өркендеген кәсіпорындар мен шаруашылықтардағы ілкімді істерді халыққа таныстырып, хабарлап отыру үшін жергілікті БАҚ өкілдерінен құралған журналистер тобымен бірге баспасөз турын бастайды.
2017 жылдың алғашқы пресс-туры, ең алдымен, Шымкенттің іргесіндегі 120 мыңға жуық халқы бар Ордабасы ауданына сапардан басталды.

Ауданда БАҚ өкілдерінің назарына ұсынылған бірінші нысан – Шұбар ауылындағы қызанақ жылыжайы болды. Өткен 2016 жылы жұмысын бастаған көлемі 1,3 гектарлы жылыжайда бүгінде 26 мың түптен астам ламия сұрыпты қызанақтар түйнектеп тұр. Биылдыққа екінші рет өнім жинауды көздеп отырған шаруашылық алдағы сәуір айында өнімді жинап, әр түптен кемінде 4-5 келіден өнім алуды жоспарлап отыр. Шаруа қожалығының агрономы Ералы Жәнібековтің айтуынша, бір маусымда 75-80 тонна қызанақ өнімін жинау көзделуде. Тұрақты 7 азаматты жұмыспен қамтыған шаруашылықта алынған өнімдер облыс нарығы мен Алматы қаласына шығарылмақ.
Жалпы, Ордабасыда қазіргі кезде жылыжай шаруашылығымен айналысатын 84 шаруа қожалығы болса, оның ауқымдық көлемі 65 гектарға жуық екен. Ал олардан жылына 5 мың тоннаға жуық көкөніс өнімдері жиналады. Аудан әкімі Алмасбек Мамытбековтың мәліметінше, 2015 жылмен салыстырғанда өткен жылы аудандағы жылыжайлар көлемі 7 гектарға артса, биыл жылыжайлар көлемін тағы 15 гектарға арттыру жоспары тұр.
Баспасөз турында тілшілер аялдаған екінші нысан — Бөржар ауылдық округі, Қайнар ауылындағы жеке кәсіпкер Сенбек Жәнібектің мал бордақылау алаңы еді. Жұмысын 2013 жылы бастаған шаруа қожалығы жылына 200 жылқы, 400 ірі қара мал бордақылауға қауқарлы. Бүгінгі таңда мұнда 20 жылқы мен 100 ірі қара бордақылануда. Әр ірі қарадан 200-250 келі аралығында таза ет алынады. Кәсіпкердің мәлімдеуінше, ет облыс аумағындағы мал сою алаңдарына өткізіледі. 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Нысанның инвестициялық құны 100 млн. теңгені құрайды. Қожалық иесі тағы бір 400 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын салуды жоспарлап отыр.
Ауданда жалпы 400 мыңнан астам мал басы бар. Ал мал бордақылау алаңдарының саны 278-ді құрайды. Өткен 2016 жылы «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары арлықы аудан шаруалары асыл тұқымды 6,5 мыңнан астам мал басын сатып алып, 39 бірлік 10-15 бастық жанұялық фермалар өз жұмысын бастады.
Мұнан соң, пресс-тур мүшелері Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл елді мекеніне ат басын тіреді. Ондағы «Нұр-Агро 73» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытымен танысып, «ақ алтынды» өңдеу процесінің барысын бақылады. 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан зауыттың жылына 30 мың тонна мақта өңдеуге қауқары бар. Шикізат Мақтаарал, Шардара және Ордабасы аудандарынан жиналса, өңделген дайын өнімнің дені Чехия, Белоруссия, Молдавия елдеріне экспортталуда. Ал мақта шиті Шымкенттегі май зауыттарына жөнелтілуде. Жергілікті 300 адамды 3 ауысымда жұмыспен қамтып отырған зауытта маусым кезіндегі жұмысшылардың саны 500-ге дейін жетеді. Жылына жергілікті бюджетке 7-8 млн. теңге салық түсіріп отырған зауыт жетекшілігі алдағы уақытта мұндағы құрылғыдарды жаңартып, өндірісті одан әрі жолға қоюды, жұмысшылардың біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр.
Ордабасы ауданындағы суармалы жердің көлемі 32 мыңнан астам гектарды құрайды. Оның 7 мың гектарынан астам жеріне былтыр (2015 жылы 4 мың га) мақта егіліп, одан 18 мың тоннаға жуық (орта түсімі 24,5 центнер) шитті мақта алынған. Аудан әкімінің айтуынша, бұған дейін ауданда «ақ алтынды» қабылдау бекеті болмағандықтан мақта шаруашылығымен айналысушы шаруалар айтарлықтай азайып кеткен екен. Енді аталған зауыттың іске қосылуына байланысты Ордабасыдағы мақта егушілер қатары көптеп өседі деп күтілуде.
Жалпы, Ордабасыда 2016 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің құны 31 млрд. теңгені құраса, бұл аудан бюджетіне түскен жалпы қаражаттың 56 пайызын құрайды.
Сондай-ақ, баспасөз туры барысында, журналистер бір әулеттен 17 мұғалім шыққан атақты Ысқақовтар әулетінің шаңырағында болып, ауылдық елді-мекендерде ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету үшін жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану шаралары туралы аудан шаруаларына арналған семинар жиынға қатысты.