«МЕНІҢ ЖАЗЫҒЫМ ТЕКСЕРУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ БОЛЫП, ТЕКСЕРУДІ АДАЛ ЖҮРГІЗГЕНІМ БЕ?»

Оңғар ТӘЖИЕВ, «Қазақстан жолы» газетінің бас редакторы:

-…әр жылы 30-40 қаламгер түрлі деңгейдегі марапат иесі болып жатса, оның дені облыстың үш ресми газеті, облыстық телекомпания, республикалық газеттердің облысымыздағы меншікті тілшілері,  «Замана» сияқты газеттің қызметкерлерінен артылса ғана, басқаларға сүйек тастағандай тиіп қалуы мүмкін, сенбесеңіздер, облыстық ішкі саясат басқармасынан соңғы 3-4 жылғы «данныйды» алып, сараптама жасап көріңіз.

Осы жылғы 11сәуірде ҚР Журналистер одағының ОҚОФ өткізген жиналыста зейнеткер-журналист ағамыз  Байдулла Қонысбеков менің және әріптесім Дәрменбай Шәріптің атына 100-ден астам журналистердің алдында негізсіз қаралау әңгімесін айтып, ар-намыс, қадір-қасиетімізді аяқ асты етуге барды. Өткен жылы «Жастар орталығында» өткен жиналыста да дәл осы әңгімесін айтқан болатын. Орынсыз ғайбатқа ыстықтаған әріптесім Д.Шәріпті сабырға шақырып, жасы үлкен ағамыздың бетіне келмей, оның пендешілігіне кешіріммен қарағанымызда, туралықты жаны сүйер қаламгер Захардин Қыстаубайдың «неге «картаны» ашып тастамайсыңдар?» дегені бар еді. Үлкені бар, жасы бар, киелі қалам ұстаған әріптесімізге  “мына ағайындылар, яғни қазақтар қырылысты-ау, үлкенінің сөзі ауыр болса да кішісі кешіре салса қайтеді, ұят болды-ау” дегіміз келмеп еді. Біз Байдулла көкеміздің кім екенін білсек те, өзіне-өзі сөз сұрап алатындай төменге түспейтін шығар деп ойлағанбыз.

Ол кезде Б.Қонысбеков облыстық (қазіргі) “Қазақстан-Шымкент” телеарнасының бірінші басшысы болатын. Дәл сол кезеңде телеарна қызметкерлері үшін «аспаннан күлше жауған» еді. «Әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы жоқ» жерде әркім білгенін істеуге шығады емес пе? Беталдылық қашанға дейін барады. Облыстық  ақпарат және қоғамдық келісім басқармасына Б.Қонысбековтың үстінен арыз түседі. Мен сол басқармада бас маман болып істейтінмін. Арыздың фактілері нақты, салмағы ауыр болғандықтан ба, әйтеуір басқарма үш адамнан комиссия құрып, тексеруге жіберді. Комиссия төрағасы мен болғандықтан, тексеру жұмысының ауыртпалығы маған түсті, бірақ жазылған фактілері нақты болғандықтан, бәрі анықталып шыға келеді. Мен филологпын, ревизор емеспін, оның үстіне теле­компания жұмысының «кухнясынан» хабарсызбын. Әсіресе жарнамаларға қатысты жымқырылған қаржыны анықтауға келгенде кібіртіктей беремін. Ондай кезде маған жұмысымдағы басшым, басқарманың тілдерді дамыту бөлімі бастығы Қайырғали Медет қол ұшын береді. Тіпті жаңа фак­тілермен «қаруландырып» қояды. Арыздың дәлелденуі үшін фактіні білетін іштегі адам беру керек қой. Бұл жерде ондай адам Б.Қонысбековтың бірінші орынбасары Жеңіс Баһадүр екенін ашық білетінмін. Арызды тексеріп отырған мен қалай барып Б.Қонысбековке сізге ор қазып отырған Ж.Баһадүр деп айта аламын? Арызды ұйымдастырушылар Б.Қонысбековке жала жауып отырған жоқ, барлық факті дәлелін тауып жатыр. Сол мекемеде отырып, 20 күн жүргізген тексеру қорытындысын Б.Қонысбековке таныстырып, 5 беттік анықтаманы басқармаға әкеп тапсырдым.

Басқарма «Анықтаманы» облыс әкімдігіне тапсырды. Онымен танысқан сол кездегі облыс әкімі Б.Сапарбаев беталдылыққа кеткен жердегі талан-таражға жанашырлық жасады ма, әйтеуір, басшыны ауыстыру ниетімен бұрын Алматыда телеарнада жұмыс істеген Қ.Медетті қабылдап, телекомпания жұмысын жақсарту мәселелері жайлы пікірлеседі. Мәселе созылыңқырап, күбір-сыбыр әңгімелер жұртқа белгілі болып қалды. Байдулла ағамыз да қарап жатпай, облыс әкіміне «канал» тапса керек, мәселе шешілмей қалды. Сол кезде облыстық телеарнаның жұмысын бастар кезде ойналатын еліміздің әнұранын беру Бекеңнің суретімен ашылатын болды. Түнде телехабар аяқталғанда да сол. Экранда Елбасы жоқ, Бекең тұрады, тура бір Мемлекет басшысы деп қаласың. Енді облыстық телеарнада әкім Бекеңнің еңбегі ертегідегідей суреттелетін болды, өте жасандылықпен.

Туыстас жігіттердің жоспарында Қ.Медет Б.Қонысбековтың орнына телекомпанияның бастығы болуы керек те, бірінші орынбасар Ж.Баһадүр екеуі «ұстағанның қолында…» кеткен дүниені өз қалталарына салғысы келген сияқты. Оған бір мысал, осы мекеменің бір қызметкер қызы «Оңтүстік құс» кәсіпорнынан жарнамаға деп «Расходной ордермен» 90 мың алып кетеді де, келесі күні кассаға «Приходной ордермен» 10 мың теңге ғана құяды. Ал 80 мың теңге бөліске түседі. Бұл біреу емес, мұндай фактілерден аяқ алып жүре алмайсың. Мен іштен шыққан «информация» бойынша 15-16 фактіні ғана анықтадым. Шынымен әрі жарнамаға төленген ақша мен оның уақытына бекітілген баға кестесімен салыстырып көрсең, жүз мыңдар әшейін шашылған. Осының бәрін көріп-біліп отырған ағайынды жігіттер енді өздері орнынан қозғай алмаған Б.Қонысбековтың басшылық қызметіндегі «былықтарын» теріп, «Ар-дақ» газетінің бетінде сыни материалдар жариялай бастады. Оны жазатын Қайырғали Медет пен Жеңіс Баһадүр және Еркін Тұрдақов болатын. Қ.Медеттің псевдонимі – Ғ.Рысбеков. Б.Қонысбеков кезінде Е.Тұрақовты телекомпанияда жұмыстан шығарған болса, ол кісінің Б.Қонысбековке қатысты сыни мақаланы «құлшына жазатынын» білетінбіз. Ал Д.Шәріп екеумізге телекомпанияның керегі не, Б.Қонысбековте не жұмысымыз бар? Ол кезде «Ар-дақ» газетіне нақты фактіге негізделген сын материалдар кімге қатысты болсын тоқтаусыз жарияланып жататын.  Егер Б.Қонысбековке жала жабылған материал жарияланса, неге сол авторларды сотқа бермеді?

Менің жазығым тексеру комиссиясының төрағасы болып, тексеруді адал жүргізгенім бе? Фактіні жауып, тағы да дау туғызып, беделді басқарманы ұятқа қалдыруым керек пе еді? Кім өзінің қызмет орнын «көке, жәке» үшін абыройсыз ете қойсын.

Мен төрағалық етіп жұмыс істеген осы комиссияны құру туралы бұйрыққа қол қойған басқарма бастығының орынбасары Мархабат Байғұт болса керек, қателеспесем. Ол кісі Б.Қонысбековке қатысты осы мәселелерден хабарсыз едім деп, еш жерде айта алмайтын шығар. Бірақ, «жан досы» Байекеңе жазықсыз жігіттердің ар-намысына тиісіп, көптің алдында орынсыз сөйлеуді қойғын деп айта алмайтыны түсініксіз.

Мен мұның бәрін Б.Қонысбековтың алдында ақталайын деп айтып отырған жоқпын, үлкенді-кішілі әріптестерім бар шындықтан хабардар болсын деп отырмын.

Б.Қонысбеков Бекеңнің кезінде өйтіп-бүйтіп бас сауғалағанымен, шешімі шықпай ашық қалған мәселе облыс әкімі Б.Жылқышиев келгенде қайта қозғалып, телекомпанияға Қ.Атжанның басшы болып бару сырын жұрттың бәрі біле бермесе керек.

Мен 2006 жылдың  басынан бері шығарған «Оңтүстік таңы», кейін атауы «Қазақстан жолы» болып өзгерген газетімнің бетінде 6 жыл төрт айдың ішінде Б.Қонысбековке қатысты бір материал жариялаған емес. Тіпті, кейбір іс-шараларға қатысып, сөз сөйлеген Б.Қонысбековтың аты-жөнін кейде сызып тастап, көрсетпейтінім бар-ды.

Ал ағамыз бір емес, бірнеше рет жүздеген әріптестерімнің алдында мені негізсіз көзге шұқуын қоймаса, онда оның бары сол да, болмаса жүздеген адам білетін шындықты бүркемелеп, қалай өтірік сөйлеуге барады?

«ЕБ».