ҚАРАБҰЛАҚҚА БАРДЫМ, НЕ КӨРДІМ?
Сайрам ауданындағы халқы ең басым ауылдың бірі – Қарабұлақ. Мұнда 40-мыңға жуық тұрғын бар. Халқы еңбекқор дегенімізбен, ауыл әкімі Алымжан Нышанқұловтың анау айтқандай алымды іс-әрекетін байқай қоймадық. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас болған соң әр күні Қарабұлаққа қарай жолымыз түсіп тұрады. Қашанда сырт көз сыншы екені рас. Арлы-берлі өткенде Қарабұлақтың күн өткен сайын көркейіп, зәулім сауда нысандары ашылып жатқанын байқаймыз. Тоғыз жолдың торабы болғандықтан, Қарбұлақта қыз-қыз қайнаған базар көп, сауда орындары аяқ басқан сайын кездеседі. Дұрыс-ақ, нарық заманында мұның бәрі халық үшін атқарылып жатқан игілікті іс екені анық. Әйтсе де «әттеген-ай» дегізер тұстар барын айтқанымыз да жөн. «Сын түзелмей, мін түзелмейтіні» белгілі.
Ал осы сауда орындарының басым бөлігі сауданы қыздыру үшін тауарларын сыртқа, көпшілік жүрер жолға қойып сататындықтарына «мынауын дұрыс емес» дейтін пенденің болмағанына таңымыз бар. Күре жолдың бойын картоп, ұн артқан ауыр жүк көліктері жауып тұрса, көпшілік жолында шаруашылық, тұрмыстық — техникалық заттар мен азық-түлік тауарлары тіресіп тұр. Онсыз да үп еткен жел тұрса, ауылдың аспанын шаңмен көмкеретін бұл аймақтың табиғатына тән өз ерекшелігі бар. Ашық аспан астында, шаң-тозаңды елең қылмастан азық-түлік, нан, ет өнімдерін, кәуап, самса пісіріп сатушыларға неліктен аудандық СЭҚБ тарапынан ескерту жасалмайтындығына түсінбейміз. Сауда орындарының төңірегі ыбырсық, қалдықтарға толы. Ыстық күнде жағымсыз иісі мен құжынаған шыбын-шіркейі беті ашық азық-түлік, ет өнімдеріне келіп қонуда. Ешбір санитарлық талапқа сай емес тағам өнімдерін, сусын сатушылар көптің мүддесін емес, қалталарының қамын ойлайтындығы анық.
Тағы бір көзге оғаш көрінген нәрсе, ол- ҚР «Тілдер туралы» Заң талаптарының Қарабұлақта анау айтқандай орындалып жатпағандығы. «НИК» корпорациясының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты, аудандық өзбек мәдени орталығының төрағасы Бадриддин Нышанқұлов заңға жетік бола тұра, өзінің меншігіндегі «НИК» сауда кешені мен «НИК» оқу орталығына ілген қазақ, орыс, өзбек тілдеріндегі маңдайша жазуларын қалай түсінуге болады? Заңда маңдайша жазулары, көзшолымдар, көрсеткіш тақталар тек мемлекеттік және ресми тілде жазылуы тиіс делінген емес пе? Сауда нысандарындағы қайсібір маңдайшалар қазақ және өзбек тілдерінде жазылуы да заңға томпақ екені бесенеден белгілі жайт.
Ал «Сухроб» деген атаудың не дүкен екенін, не сауда орны екенін білмей дал болдық. Қарабұлақтың қақ ортасында «Ардагерлер саяжолы» бар. Бір кездері әп-әйдік болған саяжол бүгінде сұрқай тартқан.жан-жағын арам шөп басып, соғыста мерт болған жауынгерлерге орнатылған ескерткіш-мемориал мен Кеңес Одағының Батыры Таштемір Рүстемовтің кеуде мүсінінің сыры көше бастап, жазулары көмескіленген. Мұнда да үш тілдегі жазу, алаңшалар ыбырсықтан аяқ алып жүргісіз. Тап жанындағы зәулім мәдениет сарайының да мәнісі кете бастапты. Жуырда ғана күрделі жөндеуден өткен мәдениет сарайы шынын айтқанда, жетімнің күйін кешіп, төңірегіндегі ретсіздік пен жабайы саудадан жиіркеніп тұрғандай.
Орталықта ұран сөздер, Елбасы жолдауынан алынған немесе Президенттің ұлағатты сөздері емге жоқ. Бар, бірақ орталықтан тыс жерде. Отанды сүю, патриоттық негіздегі көзшолымдардың орнында бей-берекет ілінген жарнамалардан көз сүрінеді. Тіпті, мұндай бойға рух берер көзшолым, тақтайшалар ауылдық әкімшілік ғимараты маңында да жоқ. Есесіне, демікпемен ауырмауға шақырған көлемді билборд алыстан «менмұндалайды». Осындай кемшіліктерді жоюға, болдырмауға бірден-бір жауапты тұлға, ол-ауыл әкімі. Алымжан Нышанқұлов әкімдік қызметке келгенше елеусіз жүрген, бизнестегі тұлға болатын. Өте ауқымды округі басқарып, бас-көз болуға оның біліктігі мен тәжірибесі жете қоймаса, аудандық ішкі саясат бөлімі , мәдениет бөліміндегі тіл мамандары, санитарлық қадағалау мекемесі не істеп отыр? Әлде мұндай кемшілікке еттері өліп кеткен бе? Мәдениет те, тазалық та, заңды сыйлау, Отанды сүю де отбасынан басталады. Отбасындағы тірлік оңбай жатса, онда оған тікелей кінәлі ауыл әкімінің мәселесін қарау, тиісті қорытынды шығару жоғары билік өкілдеріне артылар аманат.
Ердәулет Тұрапбекұлы
Оңтүстік Қазақстан облысы.