Түркістан облысының әкімі, Өмірзақ ШӨКЕЕВ: «ЖАЛҒАН АҚПАРАТТАРҒА СЕНБЕҢІЗДЕР»
Кеше Түркістан облысында коронавирус жұқтырған бір науқас тіркелді. Бүгін олардың саны 5 адамға жетті. Осыған орай бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс тұрғындарына үндеу жасады. Өз үндеуінде аймақ басшысы тұрғындарға төтенше жағдай кезіндегі барлық тәртіпті сақтауды баса сұрады. Сонымен қатар ол, «COVID-19» вирусының таралуына байланысты облыста қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін айтып, тұрғындарды жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды.
Назарларыңызға үндеу мәтінін жолдаймыз.
Құрметті облыс тұрғындары!
Түрткүл дүниені жайлаған коронавирус біздің облыста да тіркелді. Осы сағатқа дейін өңірімізде «COVID-19» вирусын жұқтырғандардың саны 5 адамға жетті. Қазір науқастардың ахуалы қалыпты жағдайда. Олар дәрігерлердің бақылауына алынып, емдеу жұмыстары жүргізілуде.
Эпидемиолог мамандар тарапынан бүгін тіркелген ауру ошақтарында залалсыздандыруға байланысты, олармен байланыста болғандарды табу және оқшаулау бойынша эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды. Инфекция табылған Әбдіхалық ауылы мен Жетісай қаласындағы мөлтекауданда карантин жарияланды. Жетісай ауданына дезинфекция, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласынан арнайы мамандардан құрылған мобильді топ жасақталып, жіберілді. Қосымша көмек ретінде медициналық жабдықтар мен көліктер дайындалды. Облыстың өзге аудандарынан инфекционист және реанимотологтардан құралған 6 бригада Жетісайға жолданды. Облыстың бас инфекционист дәрігері ауданда осы шараларға басшылық етеді. Керекті төсек-орындар, госпитальдар толық дайын. Аудан әкіміне, полиция, төтенше жағдай департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура, денсаулық сақтау саласымен бірлесе отырып, шұғыл түрде жоғарыда аталған карантин жарияланған елдімекендер шекарасына блок-бекеттер қоюды тапсырамын. Төтенше жағдай режимін бұзған азаматтар заң аясында жауапқа тартылады.
Ауданда инфекция ошағы мен қоғамдық орындарда ауқымды дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Бұл өңірде індеттің таралу қарқыны жоғары. Осы ретте облыс тұрғындарын төтенше жағдайға байланысты қабылданған шараларға түсіністікпен қарап, тиісті тәртіптік шараларды сақтауға, дәрігерлердің нұсқаулықтарын бұлжытпай орындауға шақырамын.
Еліміз бойынша вирустың таралуын болдырмау мақсатында азаматтар келесідей тәртіпті сақтауға міндетті.
Бірінші, облыс аумағында барлық азаматтар медициналық бетперде киіп жүруі керек. Дүкендер мен қоғамдық орындарда бетпердесіз жүруге тыйым салынады.
Екінші, дүкендер мен құрылыс нысандарында арнайы залалсыздандыру құралдары орнатылсын. Бұған сол нысанлардың иелері жауапты болады.
Үшінші, тұрғындар үйден тек қана азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға немесе жұмысқа бару үшін шығуы керек.
Төртінші, отбасылық мерекелер және той-жиындарды өткізуге қатаң тыйым салынады.
Сондай-ақ, әлеуметтік желілерді шарлаған әртүрлі ақпараттарға сенбей, мемлекеттік органдар таратқан ресми мәліметтерге ғана сенуі керек.
Құрметті облыс тұрғындары!
Дәл қазір бүкіл әлем қиын кезеңде тұр. Алайда, біз бұл қиын-қыстау уақыттан да бірлік пен ынтымақтың арқасында аман-есен өтетінімізге мен кәміл сенемін. Қазіргі таңда бізге тыныштық керек. Жалған ақпараттарға сенбеңіздер. Ресми ақпаратпен біз сіздерді қамтамасыз етеміз. Біз күнделікті жағдайды қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Біз біргеміз!
Uakit.kz