ШЫМКЕНТТЕ COVID-19 ВИРУСЫНА ҚАРСЫ ЖҰМЫСТАР ҚАРҚЫН АЛДЫ

249
0

Әлем жұртшылығын алаңдатқан коронавирусқа қарсы сақтық шаралары Шымкент қаласында да күшейтіліп жатыр. Бүгінгі таңда жергілікті билік қосымша профилактикалық шараларды қолға алды. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Оңтүстік – халқы тығыз орналасқан өңір. Сондықтан індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз» деп, жергілікті атқарушы органдарға карантин шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын. Осы орайда, біз оңтүстік өңірдегі ең ірі қала, еліміздің үшінші мегаполисі – Шымкент шаһарында Мемлекет басшысының аталған тапсырмасы қалай орындалып жатқанына тоқталып, 13-19 сәуір аралығында атқарылған жұмыстарға шолу жасап көрмекпіз. 



Мамырға дейін бірқатар шектеу енгізілді

Коронавирустық инфекцияның (COVID-19) таралуына жол бермеу және эпидемиологиялық жағдайдың асқынуының алдын алу мақсатында Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 18 сәуірдегі №11 «Карантиндік шараларды күшейту туралы» қаулысы шыққан болатын.  

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеуінше, аталған қаулыға сәйкес, Шымкент қаласының барлық аумағында 2020 жылдың 19 сәуірі сағат 00:00-ден бастап 01.05.2020 жылы сағат 07.00-ге дейін бірқатар шектеулер енгізілді.

— Атап айтсақ, айырбастау пункттерінің, микрофинанстық ұйымдардың қызметін онлайн жұмыс режиміне және «клиенттерге дейін жеткізу» принципі бойынша көшіру арқылы уақытша шектеледі. Сонымен бірге, қалада қоғамдық көліктер де жұмысын тоқтатады. 65 жастан асқан азаматтарға және 18 сегіз жасқа толмаған азаматтар тұрғын үйден ересек адамның сүйемелдеуінсіз шығуына тыйым салынды. Бұл ретте Шымкент қаласының полиция Департаментінің, Ішкі істер Министрлігінің Ұлттық гвардиясының, қорғаныс Министрлігінің әскери құрылымдарының күштерімен карантиндік аумақты патрульдеу тапсырылды, — деді қала әкімінің орынбасары М. Исахов.

Қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылды

Бұл туралы Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиев мәлімдеді.

— Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін, тұрғындардың өмірін және денсаулығын қорғау мақсатында, 2020 жылғы 18 сәуірдегі Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің №11 Қаулысына сәйкес,  2020 жылы 19 сәуірден 1 мамырға дейін қалалық қоғамдық көліктің жұмысы уақытша тоқтатылады, — деді Н. Сүгірәлиев.

Дегенмен, қалада арнайы тіркелген 11 такси компаниясы жұмысын жалғастырады. Оларда 2 адамнан артық жолаушы алуға болмайды. Тіркелмеген такси қызметіне рұқсат етілмейді.

Қала әкімі Президентке атқарылған жұмыстарды баяндады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновпен телефон арқылы сөйлесті.

Талқылаудың негізгі тақырыбы – коронавруспен күрес, қазіргі санитарлық-эпидемиологялық жағдай және аймақтардағы карантиндік шаралардың орындалуы жайы айтылды. Мемлекет басшысының азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету, шағын және орта бизнестің кезең-кезеңмен іске қосу, көктемгі дала жұмыстары мен жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру туралы тапсырмаларының орындалуы сөз болды. Аталған мәселе бойынша Шымкент қаласының әкімі Президентке қазіргі жағдайды баянадады.

Мұрат Дүйсенбекұлы Мемлекет басшысына елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, бірінші кезекте миллионды қала аумағына 18 санитарлық бұғаттау бекеті қойылғанын атап өтті. Ол жерлерде құзырлы орган өкілдерінен жасақталған топтар тәулік бойы үш ауысымда жұмыс істеп жатқанын, алғы шептегі қызметкерлер қажетті медицицналық киімдермен толық қамтылғанын жеткізді.

Елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты 4 сәуірден бастап қала аумағында карантин жарияланып, барлық сақтық шаралары күшейтілген. 

Қала  аумағы толықтай  залалсыздандырылуда. Оған қосымша күш ретінде Мемлекет басшысының жарлығымен жасақталған 100 әскери міндетті сарбаз да тартылған. Шымкентте медициналық қорғаныс құралдарының мәселесі шешілген.

Өз сөзінде Әйтенов Президентке «Өзіңіздің тапсырмаңызбен қолға алынған әлеуметтік төлем 42,500 теңгені  Шымкенттен 225 мың адам алды. Ал «Біз біргеміз» акциясы негізінде  аз қамтамасыз етілген  22 мыңға жуық адамға 50 мың теңге көлемінде бір реттік көмек берілді», — деді. 

Коммуналдық тарифтер бағасы төмендеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 23 наурызда төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызмет түрлерінің тарифін төмендетуді тапсырған болатын. Осыған орай, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап Шымкент қаласында коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендетілген.

Шымкент қаласында коммуналдық қызмет көрсететін табиғи монополиялар субъектілері Төтенше жағдай кезеңінде қала тұрғындарының қаржылық жүктемесін төмендету мақсатында және қоғамдық келісімнің тұрақтылығының маңыздылығын ескере отырып, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап өз бастамасымен төмендегі қызметтер бойынша тарифтерді төмендету туралы шешім қабылдады:

1) «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС:
— сумен жабдықтау қызметіне тариф – 88,17 теңгеден 83,75 теңгеге дейін (ҚҚС-мен бірге) немесе 5% -ға төмендетілді;
— су бұру қызметіне тариф – 35,13 теңгеден 33,38 теңгеге дейін (ҚҚС-мен бірге) немесе 5%-ға;
2) «Қуатжылуорталық-3» МКК:
   — ыстық сумен жабдықтау қызметіне есептеу құралдарымен қамтылмаған жеке тұлғаларға тарифі 1 адамға 736,53 теңгеден 662,88 теңгеге дейін (ҚҚС-мен бірге) немесе 10% -ға төмендетілді;
– есептеу құралдарымен қамтылған жеке тұлғаларға ыстық сумен жабдықтау қызметіне тариф 1 м3-ге 230,16 теңгеден 207,14 теңгеге дейін (ҚҚС-мен бірге) немесе 10% -ға;
3) «Таскудык Бак» ЖШС:
—   тұрғындар сумен жабдықтау қызметіне тариф 70,99 теңгеден     
     67,44 теңгеге дейін (ҚҚС-мен бірге) немесе 5%-ға;
  4) «Женис Т» ЖШС:
  — тауарлық газды тасымалдау қызметіне тариф 3916,82 теңгеден 3720,98 теңгеге дейін (ҚҚС-мен бірге) немесе 5%-ға;
5) «Сайрам су» ЖШС:
— сумен жабдықтау қызметіне тариф 72,08 теңгеден 68,48 теңгеге дейін (ҚҚС-мен бірге) немесе 5% -ға төмендетілді.

100 әскери міндетті қызметке кірісті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға байланысты әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі Жарлық шығарған болатын. Президенттің бұл бастамасын шымкенттік жастар да шынайы қолдап, ел үшін тер төгуге белдерін бекем буып отыр.

Бейбіт күні әскерге шақыртылған сарбаздар қалада залалсыздандыру жұмысына қатысады. Оған қоса санитарлық бұғаттау бекеттеріне көмекке барады.

«Сарбаздар қаладағы 4 ауданға 25-тен бөлінді. Олар 13 сәуір мен 14 мамыр аралығында залалсыздандыру жұмыстарына көмектеседі. Оларды тасымалдау мен тамақ мәселесі шешілген», — деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Алмасбек Кеңесбекұлы.

Айта кететін мәселе, жұмысы бар еріктілердің айлық жалақысы сақталады. Еріктілер бұндай қадамға пайда үшін емес, Отан үшін барғанын айтты.

Сауда қоймаларында азық-түлік жеткілікті

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қала тұрғындарына азық-түліктің жеткіліктілігіне көз жеткізу мақсатында «Санжар» сауда-логистикалық орталығының жұмысымен танысты.

Орталықта «Сұлтан», «Маркетинг», «Аделина», «Алина-3», «Дариол», «Масло-Дел» ЖШС-і орналасқан. Негізінен онда сақталатыны — азық-түлік тауарлары. Қазіргі таңда орталыққа күндігіне 350-400 тоннаның көлемінде азық-түлік әкелініп, таратылуда.

Тауарлар Қазақстанның бүкіл аймағынан және алыс, жақын шет мемлекеттерден (Пәкістан, Иран, Қытай, Ресей, Беларусь және т.б.) жеткізіледі. Бір ғана Масло-Дел ЖШС-і күндігіне 10 тоннаға жуық тауарын қала тұрғындарына ұсынуда және ірі сауда орталықтарына мекеме өзі жеткізіп беріп отырады. Мекеме басшылары елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері өнімдерге сұраныстың екі есе артқанын айтып отыр.

Шымкентте құрылыс қарқыны төмендемейді

Төтенше жағдай кезінде шымкенттегі құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Карантин жұмысқа қолбайлау болмауы керек. Барлық мүмкіндікті қарастыра отырып, жұмысты жүйелеген жөн.  Қайта осындай сәтте өзге өңірлерден келіп, үйінде бос жатқан қолынан іс келетін мамандарды көптеп еңбекке тарту жағын қарастырған дұрыс. Дегенмен, азаматтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс.

«Шымкент сити» шағынауданындағы салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын аралап көрген қала әкімі Мұрат Әйтенов осылай, деді.

Миллионды қала басшысы мердігерлерге қиын-қыстау кезеңде жұмыссыз жүрген азаматтарды құрылысқа тартуға шақырды. Дегенмен  жұмысшылардың денсаулығын жіті бақылауда ұстауды тапсырды. Мұрат Дүйсенбекұлы қазіргідей кезеңде көпшілікті өз денсаулығы үшін, қауіпсіздігін ескеріп, үйлерінде отыруға  шақырды.
Қала әкімі барған нысанның бірі 16 қабатты «Француз» стиліндегі 4 үй. Құрылысты  «Отау Строй» компаниясы жүргізіп жатыр.
Бас Инженер Абжат Акимовтың айтуынша «360 пәтерлі тұрғын үй жұмыстарының негізгі бөліктері аяқталған. Қазір ішкі жөндеу және қас беттерін қаптау жұмыстары жүріп жатыр. Құрылысқа 3 миллиард 955 миллион теңге қаралған. Қала аумағында карантин жариялануына байланысты шеттен келіп жұмыс істейтін қызметкерлердің бірқатары келе алмай қалған.

Қазір жергілікті азаматтарды жұмысқа тарту бойынша өтімдер қабылданып жатыр. Оған қоса қалалық жұмыспен қамту орталығына жалпы қала аумағындағы құрылыстарға қажетті 443 құрылысшы маманға сұраным берілген.

Нысанды аралап көрген қала әкімі қажетті құрылыс материалдарын тасымалдаушы көліктерге қалада жүріп тұруына ешқандай кедергі болмау керектігін атап өтті. Оған қоса қажетті құрылыс заттарын сататын көтерме қоймаларға да мүмкіндік жасалғанына тоқталды. Құрылысшылармен сөйлескен Мұрат Дүйсенбекұлы мердігерге тұрғын үйді, Қала күніне орай тапсыру керектігін ескертті. 

21 864 мұқтаж азаматқа 50 мың теңгеден көмек берілді

Шымкент қаласы аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қала халқының осал топтарына жан-жақты әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары жалғасуда.

Елбасының бастамасымен құрылған «BIRGEMIZ» қоғамдық қорына республика бойынша түрлі кәсіпкерлер мен меценаттар қаржы құйып, осынау қысылтаяң шақта елге көмек беруге ниетті екенін білдіруде.

Осы орайда «Birgemiz» қорынан 21 864 шымкенттіктің есепшотына 50 мың теңгеден бір реттік қаржы аударылды. Бұл санаттағы І топтағы мүгедектер, аз қамтылған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер, бір сөзбен айтқанда қазіргі кезде ауыр жағдайда қалған отбасыларға қолдау жасалды. Көмек қалаға қарасты төрт ауданның әкімдіктері бекіткен тізім бойынша жасалды.

Арнайы тіркеу порталы іске қосылды

Шымкентте көліктер мен азаматтардың қозғалысын тіркейтін портал іске қосылды. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов айтты.

— Бекітілген қаулыға сәйкес, қалада жаяу жүргіншілерге және көлік құралдарына анықтама арқылы ғана жүруге рұқсат етілген болатын. Алайда аталған жағдай бойынша, қалада жалған анықтама арқылы жүргендер көбейген, бұл полиция қызметкерлерінің тексерісінің нәтижесінде анықталып отыр. Сол  себепті, қалада қағаз жүзінде берілген анықтаманы пайдалану тоқтатылды. Осы орайда тәжірибелі компаниямен келіссөз жүргізіліп, кәсіпкерлер мен қала тұрғындарына арналған Shym-karantin.kz веб-сайты іске қосылды, — деді қала әкімінің орынбасары.

Банк бөлімшелерінде тәртіп қатаң бақылауда

Қала аумағындағы «Халық банк», «Каспий банк» және «Қазпочта» филиалдарындағы жағдай қалыпты. Қазір бөлімшелерден келушілерге арналған күту орындары дайындалған.

Мәселен, Темірлан тас жолы бойындағы «Халық Банк» бөлімшесі алдынан күтушілерге 50 орындық қойылды. Онда сақтық шаралары сақталып, күтушілер арасында арақашықтық сақталған.

Ал, А.Асқаров көшесіндегі банк бөлімшесінде адам көп болуына байланысты, клиенттер көлікпен Д.Қонаев көшесіндегі филиалға жеткізілді.
Төтенше жағдайға байланысты пандемияның алдын алу жұмыстары арнайы бекітілген кесте бойынша атқарылуда.

Шымкентте 1 миллион бетперде таратылуда

Шымкент қаласына коронавирусқа байланысты «Birgemiz» қоғамдық қорынан келген 1 миллион бетперде халықтың әлсіз топтарына кіретін отбасыларға тегін таратылуда.

Игі шараны жүзеге асыру үшін аталған қордың Қамқоршылық кеңесі «СҚ-Фармация» үкіметтік операторымен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары тұрғындарының әлсіз топтарына медициналық бетпердені тегін тарату үшін 5 миллион маска сатып алу туралы шартқа қол қойған болатын.

«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы өкілдері Қайнарбұлақ, Сәуле, Қошқарата, Текесу елді мекендері және Терешкова көшесін аралап, аз қамтылған отбасыларға тегін медициналық бетперделер таратты. Сонымен қатар, Көксай 2, Көксай 3, Жастар 1, Жастар 2 тұрғын алаптары мен Теміржол өткелі тұрғындарына да маскалар үлестірілді.

Жалпы қала бойынша партия белсенділері, «Жас Отан» жастар қанаты мүшелері және еріктілер тарапынан қазірге дейін 870 мың бетперде үлестірілді. Жоспар бойынша енді қалған бетперделер шаһардың өзге де шағынаудан тұрғындарына таратылатын болады.

42 500 теңге: 228 813 азамат әлеуметтік төлем алды

Шымкент қаласы бойынша төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлемді алу үшін арнайы портал, сайттардан 471 971 адамнан өтініштер түскен, оның ішінде 228 223 адамға  әлеуметтік төлем тағайындалған. 216 379 адамның өтініштері тағайындалуға жатпайтындығы анықталып кері қайтарылған.

Әлеуметтік төлем тағайындалған 228 223 адамның 215 674 адамы өтініштер бойынша, 12 549 адам проактивті түрде тағайындалып, 208 813 адамына 42 500 теңгеден әлеуметтік төлем төленген.

Кепілдендірілген әлеуметтік көмек берілуде

Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларға «Magnum» сауда желісі арқылы кепілдендірілген әлеуметтік көмек таратылуда.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындар жәрдемақыдан бөлек мемлекет тарапынан азық-түліктер мен  гигиеналық заттар жиынтығын тегін алуда. Аудан әкімі Ғалымжан Ильясовтың айтуынша, 301 мың тұрғыны бар Еңбекші ауданында 62 мыңнан астам отбасы 20 шағынаудан мен 16 тұрғын алабында тұрады.

– Осылардың арасынан 2368 отбасы кепілдендірілген әлеуметтік көмекке қол жеткізе алады. Бүгінгі дейін аталған пакеттің мыңға жуығы таратылды, — дейді Ғ.Молдабайұлы.

Карантин талаптарын қатаң сақтаған жауаптылар қажетті шектеу шараларын ескеріп, арнайы кезекшілік ұйымдастырып, сауда желісіне келушілердің жағдайын жіті бақылауға алған.

Айта кетейік, кепілдендірілген әлеуметтік көмекті атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындар «Magnum» сауда желісінен алады. Ал тиесілі азық-түлік көмегіне кезек күтпей қол жеткізгісі келетіндер сауда желісінің сайтына кіріп, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізу арқылы жиынтықты аталған сауда желісінің кез келген нүктесінен алуына болады. 

#BIZBIRGEMIZ: 1900-ден астам отбасыға көмек көрсетілді

Елбасы, «Nur Оtan» партиясы Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың Үндеуіне орай елімізде бастау алған «Біз біргеміз!» республикалық акциясы аясында  Шымкентте жәрдемге аса мұқтаж 1900-ден астам отбасыға санитарлық қорғану жиынтықтары және бірінші кезекте қажетті өнімдер мен азық-түлік тапсырылды. Игі іске «Nur Оtan» партиясы белсенділері, «Jas Otan» жастар қанатының өкілдері мен еріктілер атсалысты.

Акция аясында «Nur Otan» партиясының белсенді мүшесі, «Ордабасы» индустриалды аймақтың директоры Рысбек Бертаев Шымкенттегі 200 аз қамтылған отбасыға көмек көрсетті. Сондай-ақ қаладағы 1 Мамыр көшесі 22/2 мекенжайы бойынша орналасқан Бейімдеу орталығанда 50 қандастар отбасына азық-түлік жиынтықтары мен гигиеналық заттар табысталды.

Сонымен қатар, еріктілер сақтану шараларын ұстана отырып, «байланыссыз» тәсілмен санитарлық қорғану жиынтықтары және бірінші кезекте қажетті өнімдер мен азық-түлікті 150 жағдайы нашар жетім балалардың отбасына жеткізді.

Жүк көліктерінің қалаға кіріп-шығуына кедергі жоқ

Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлім етті.

Мақсұт Пернебайұлының айтуынша, Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, жүк көліктерінің қалаға кіріп-шығудың арнайы ережесі бар. Қала кіреберістеріндегі барлық бекеттерде «Жасыл дәліз» ұйымдастырылған. Ол жерден тіршілікті қамтамасыз ететін көліктер, азық-түлік тасымалдаушы машиналар мен транзиттік жүк көліктері, сондай-ақ, басқа да арнайы техникалар кедергісіз өтеді.

— Шымкент қаласының аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты жүк транзиттік автомобильдерін, сондай-ақ қала мұқтажы үшін азық-түлік тауарларын тасымалдайтын жүк автомобильдеріне рұқсат берілген. Дегенмен, жеңіл көлікпен кіруге болмайды. Карантин талаптарын орындап, базаға енгізілген кәсіп иелері аз емес. Егер, шаруа қожалықтарына, жылыжайларға қажетті заттар алу үшін қаладан шыққан жағдайда, қайта кіруге тек жүк көлігіне ғана рұқсат беріледі, — деді қала әкімінің орынбасары.
Ережеге сәйкес, азық-түлік тауарларын жүк көлігімен тасымалдау: тек жүк көлігі; көлік құралдарын тиеген немесе бос; жүргізуші және екі жолаушыдан артық болмауы тиіс. Мәселен, олар құрылыс материалдарын, жанар-жағар май, тұқым, көшеттер, ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштарды тасымалдауы мүмкін. Бұл ретте жүк көліктерінің қаладан шығуына кедергі жоқ.

Сауда орындарына дезинфекциялық өткелдер орнатылуда

Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Шымкентте дезинфекциялық өткелдер орнатыла бастады.

Мұндай қондырғы Қазыбек (Дулати көшесі бойындағы) азық-түлік базарының кіреберісіне орнатылды. Жақын күндері дезинфекциялық өткелдер «Акбар», «Жабық базар» секілді ірі сауда орындарына да қойылатын болады.

Осы ретте қала әкімдігі барлық кәсіпкерлерді сатып алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өз нысандарында осындай залалсыздандыру қондырғыларын орнатуға шақырады. Бұл тұрғындар арасында қауіпті індеттің таралуының алдын алудағы шаралардың бірі.

Бүгінге дейін қаладағы 4 ауданда залалсыздандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Шымкентте бұл бағыттағы іс-шаралар карантин аяқталғанша жүйелі жалғасады. Дезинфекциялау қала көшелерінде, көпқабатты үйлерде, аулаларда және жаяу жүргіншілер жолдары мен аялдамалар сынды қоғамдық орындарда атқарылуда.

Коронавирустан 9 адам сауығып, үйіне шығарылды

Шымкентте коронавирусқа шалдыққан бір отбасыдан 9 азамат сауығып, үйіне шығарылды. Дертінен сауыққандар — 2 бала, олардың біреуі — 1 жасқа дейінгі бала, жетеуі — ересек. Ауруханадан шығарылған пациенттердің зертханалық зерттеулері теріс нәтиже көрсетті, денсаулық жағдайлары жақсарған.                                   
                         
Айта кетейік, ауруынан сауығып шыққан науқастар медициналық қызметкерлердің уақытылы көмек көрсетуінің арқасында емделді. Осыған байланысты Шымкентте карантин 3 ошақтан алынды. Олар: Тайманов көшесі, Төреқұлов көшесі және Мақталы көшесі.