ТҮРКІСТАН: «ІШКІ ТҰРАҚТЫЛЫҚ — БІРЛІК ПЕН ӨРКЕНДЕУДІҢ КЕПІЛІ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР ӨТТІ

Қазақстан 124 түрі этнос өкілі бір шаңырақ астында тату тәтті, тонның ішкі бауындай бірлікте, ынтымақта өмір сүретін көпұлтты мемлекет. Ел ертеңі үшін еселі еңбек етіп, ортақ мүдде жолында аянбай тер төгіп жүрген дисаспора өкілдері біз үшін өзге ұлт емес – отандастар. Бүгін Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде «Ішкі тұрақтылық – бірлік пен өркендеудің кепілі» тақырыбында семинар өтті.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған семинарда этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту жайы талқыланды. Ішкі тұрақтылықты сақтап, қоғамдық келісімді дамыту – біздің ел үшін аса маңызды жәйт. Олай үшін қазақстан халықтары ынтымақ-бірлігін жазбай, ортақ мүдде жолында әрекеттенуі шарт. Осы тұжырымға бекіген алқалы жиын, ел ішілік мәселелерді күн тәртібіне қойып, талқылады.

Семинарға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл модераторлық етті.

Жиынға Түркістан облыстық, аудандық, қалалық этномәдени бірлестіктер жетекшілері мен мүшелері, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдардың жетекшілері мен мүшелері, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшылығы және мекеменің аудандық, қалалық филиалдарының басшылары мен мамандары қатысты.

Ауқымды тақырыпты арқау еткен алқалы басқосуда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ Тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаменті директоры, т.ғ.к. Қайрат Анарбаев мазмұнды баяндама жасады.

— Бірлік қашанда берекеге бастайды. Қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды. Бұл орайда бүгінгі семинардың маңызы ерекше. Көпэтносты елеміздің қандай да бір жетістігі ішкі тұрақтылықпен тікелей байланысты. Дегенмен даму көші тоқтаған емес. Сондықтан бұл бағытта үнемі ізденіс үстінде болу маңызды. Бүгінгі семинардың да мақсаты осы. Осы саладағы қызметкерлердің уақыт талабына орай білім-білігін көтеру, тәжірибесін арттыру, — деді Ғалым Нұрмағамбетұлы.

Ұлттық саясатта саяси мақсаттар мен міндеттердің алатын орны бөлек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, Қазақстандағы саяси өзгерістер мемлекет пен халықтың мүддесін ескере отырып бірте-бірте және бұлжытпай іске асырылмақ. Сонымен қатар ол экономиканы реформалау қазір елдің қоғамдық-саяси өмірін қайта құрусыз мүмкін болмайды деген іргелі қағидаттың дұрыстығын көрсетіп отыр. Себебі қоғамдық тұрақтылық ұлт мәселесін демократиялық негізде шешудің бірден-бір тиімді жолы. Ол – халықтың бірлігі мен бірыңғай азаматтық, бір мемлекеттік тіл. Жалпы, саяси модернизация барысында адамдардың нәсіліне, ұлтына, тілі мен дініне қарамастан азаматтардың құқықтарын және бостандықтарын қамтамасыз етуге назар аударылуы керек. Мұнда ұлттық құндылықтардың дәстүрлі діндермен өзара байланысы, диаспоралар мен этностық топтардың біртұтас қазақстандық қоғамның және біртұтас қазақстандық азаматтық қоғамдастықтың құрамдас бөлігі екендігін түсінген жөн. Қазақстандағы диаспоралар мен этностық топтардың мәдени-рухани құқықтарын сақтап, дамытуға кепілдік берілетіндігіне деген олардың сенімін нығайту міндетін жүзеге асыру қажет. Сол сияқты мемлекет құраушы қазақ ұлтының әлеуетін мақсатты түрде жаңғырту, оның қазақстандық қоғамдағы шоғырландырушылық рөлін көтеру өте маңызды. Этносаралық және дінаралық келісім саясатының кешенді сипат алатындығын оның әлеуметтік, экономикалық және мәдени-білім, сол сияқты мемлекеттік саясаттың басқа да салаларымен тығыз байланыста қаралатындығын ескерген абзал.

Елімізде қолға алынған саяси модернизациялау үдерісі жергілікті елді мекендердегі этностық және діни қауымдастықтардың мәселелерін мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін өзі басқару жүйесін жетілдіру негізінде тиянақты және өміршең етіп шешкен жөн. Бұл міндеттердің қатарына азаматтардың ұлттық намысын құқықтық қорғауды, олардың тілін, мәдениетін және діни наным-сенімдерін сақтауды қамтамасыз етуді де жатқызуға болады. Ол үшін, әрине этносаралық қақтығыстарға жол бермеу мақсатында осы бағыттағы ахуалды зерттеп, оны болдырмауға арналған ғылыми ұсыныстар дайындап, халықпен жұмыс істеудің жаңа жолдары мен оларға әлеуметтік қызмет көрсетудің заманауи әдіс-тәсілдерін қарастырып, ұлтаралық келісім мен этносаралық байланыстың тәжірибесі мен мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын ескеру қажет.

Жиынға қатысушылар семинарда пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Семинар-тренинг соңында кофе-брейк ұйымдастырылып, қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.