БIРЛIК ПЕН БЕРЕКЕНIҢ БАСТАУ АЛАР ОРДАСЫ

528
0

 

Қайрат БАЛАБИЕВ, саясаттанушы, заң ғылымдарының докторы.

«Отаным десе ойыма – шалқыған шалқар көл түсер» деп жыр сүлейi Жамбыл баба жырлағандай, бүгiнгi тәуелсiз Қазақстан жайлы ойланғанда, ең әуелi еске түсерi де, санаға оралары да – Астана қаласы десек, сiрә, артық болмас. Ол – бiрлiк пен берекенiң, ақыл-ойдың ордасы екендiгiн әлем мойындап үлгерген әсем қала, ару қала, сыры мен сымбаты үйлескен, парасат пен пайымдаудың сенiмдi орталығына айналған шаһарлардың бiрегейлерiнiң қатарында.

Астанаға жиiрек жол түсетiн қазақтардың бiрiмiз. Соның өзiнде әр барған сайын оның жасампаз келбетiнiң жақсара түскенi, жаңа ғимараттар санының арта түскенi, жайнаған бейнесiнiң жаныңды жадыратқаны жүрегiңдi ерекше бiр сезiмге бөлендiрiп, нұрлы, гүлдi, әсем орданың өзгелерге ұқсамайтын ерекшелiгi енжар қалдырмайды. Шiлiңгiр шiлденiң басында Елбасының, ұлы халықтың ұлт көшбасшысының туылған күнiмен тұстас тойланатын Астана күнi мерекесiн тек астаналықтар ғана емес, бүткiл Қазақстан халқының үлкен қуанышпен, шадыман салтанатпен тойлап жатуы өз Отаныңа, оның салиқалы ордасына деген ерекше махаббатпен ұштасып жатуы өзiнше бiр ерекшелiк пен биiк мәртебенiң асқақ көрiнiсiн алдыңа көлденең тартады.

Астана жайлы сәл де болса қызығушылық танытатын әрбiр жанның есiнде болса, осыдан тұп-тура 15 жылдан сәл кем уақыт бұрын, яғни 1998 жылдың 6 мамырында Елбасының Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшiру жайлы жасампаз Жарлығына қол қойылды. Атауы Астана ныспысын иемденiп, елдiң нағыз ресми астанасы мәртебесiн иемденгенiнiң 14 жылдығын ел халқы, туыстас  көршi елдер мен достас халықтар соншама уақыттан берi әр жылы 6 шiлдеде айшықты салтанатпен атап өтiп келедi. Тағы бiр ерекше нәрсенi арада талай жылдар өтсе де  елжiрей еске алудың артықтығы бола қоймас деп ойлаймыз. Дәл, сол 1998 жылы ЮНЕСКО-ның шешiмiмен Астана қаласына «Бейбiтшiлiк қаласы» деген мәртебелi атақ берiлiп, ұйымның арнайы медалiмен марапатталған болатын. Сол мәртебелi ат пен атақтың тұғырын ел Астанасы күнi бүгiнге дейiн бiр сәтке де төмендеткен емес, қайта қастерлi тұғырын тұлғаландыра түсуде.

Кешегi күнi «Астана күнi» мерекесi өзiнiң дәстүрлi мейрамын тағы да атына заты сай келер жаңаша серпiнмен, үлкен қуанышпен, мәңгiлiкке ұласар мерейлi сәнiмен атап өттi. Елiнiң дәулетi ортаймай, сән-салтанаты кемiмей, әлемнiң жарты елi, небiр алпауыт мемлекеттер дағдарыстың дал-дұлыңды шығарар шиырланған проблемалары кежегесiн кейiн тартқан кезеңде, бiрлiгi мен бiлiгi, татулығы пен тыныш өмiрi бiр-бiрiмен ұштасқан Қазақстанның көп ұлтты халқы қаймағы бұзылмаған, сенiмiне селкеу түспеген күйде, мерекелiк көңiл-күймен Астана күнiн бүкiл ел болып атап өттi. Мiне, мұны Елбасының дана басшылығы, сара саясатынан қалай бөле-жара қарауға кiмнiң де көңiлiнде сенiмсiздiк ұялатар селкеулiк жоқтығын өмiрдiң өзi көрсетiп отыр емес пе?

Еуропа ынтымақтастығы мен қауiпсiздiк ұйымының араға 11 жыл үзiлiс салған форумы жаңаша серпiлiс пен сенiмдi серiк етiп, Астанада төрткүл дүниенiң кiл сайыпқыран саясаткерлерiнiң басын қостырды. Жаһанды жаңаша жаңғыртудың жасампаз шешiмдерiне қол қойдыру мәртебесiне ие еттi. Мұндай ынтымақтастықтың символы болған мәртебелi кездесу мен жүздесулердiң боларына сын көзiмен қарап, сенiмсiздiк бiлдiргендердiң кейбiр терiстеу пиғылдарына Астана айбынды шешiмдерiмен тұсау салды. Астана саммитi осылайша дүниенi тағы бiр дүр сiлкiндiрдi.

Аты мен затын әлем бiлмейтiн жас қалаға қазiр мұхит асып, осы ордаға табан тiреген, ауызымен құс тiстеген небiр жақсылар мен жайсаңдар өз бағамы мен бағасын берiп те үлгердi. Iлiмi мен билiгi артқандар бас түйiстiретiн ортаға айналған Астанада айтулы тоқайласулар мен алқалы жиындар әр жылы өтiп жатыр. Дүниежүзi қазақтары құрылтайының бiр өзiнiң кезектi жиындары қандас халықтың содырлы замандардан болған олқылықтарының орнынын толтырып, түбi бiр туыстардың басын Арқаның төсiнде тоқайластырып жатуының өзiндiк құны мен құдiретiн қалай айтсақ та жарасады. Дүние жүзiндегi  дiн өкiлдерiнiң ақылдасар орнына айналғандығын қазiр бүкiл әлем қай жағынан болмасын мойындағанына заманның өзi куә болып отырғандығын қалай марапаттап, мақтана айтса да артықтық етпейдi.

Төл мерекенiң тура аталып өтер қарсаңында төрткүл дүние тағы бiр айтулы алқалы жиынның куәгерi болды. Астанада үлкен жиын – V экономикалық форум болып өттi. Саясат пен экономиканың майын iшiп, сүйегiн мүжiген әлемнiң сарабдал саясаткерлерi, қоғам қайраткерлерi, мемлекет басшылары Астана төрiнде жүз көрiсiп, адамзат қауымын iзгiлiкке, қайғы мен қасiреттен аулақ болуға, экономикасын тұралудан сақтап қалуға шақырған ортақ ниеттi үнi, бiрлiкке деген үндеуi Сарыарқаның сары төсiнен  алты құрылыққа тарап жатқаны қазақ елiнiң абыройын асқақтатып, мерейiн үстем еттi. Бұл Астана күнiне арналған арнайы бiр тарту iспеттi болғаны хақ. Экономиканың қуатын арттырып, бейбiтшiлiктi нығайтуды көздеген форум көп нәрсеге көз жеткiздi, көп мiндеттi саралап бердi.

Жасампаз жаңалықтар Астана мерекесi қарсаңында мерейленiп, үстемелене түстi. Жаңа кәсiпорындар пайдалануға берiлiп, оның қуанышты үнi тiкелей байланыста Алтай мен Атырау, Жетiсу мен Арқа арасында қуаныш атойымен астасып жатты. Мерекеге бұдан артық қандай мерейлi тарту болмақ?!

Астана мерекесiнiң шаттығы тек Елордада ғана емес, елдiң барлық өңiрлерiнде шаттық мейрамына айналды. Басты қалалардың барлығы да ортақ той ретiнде атап өттi. Ал, Астананың өз салтанаты анау «Бәйтерегi» секiлдi асқақ көңiл-күймен шадыман шаттықтың мерейi мен салтанатын асқақтата түстi. Тың бағдарламаларға сай Есiлдiң екi жағалауы той мерекесiнен мерейi аспандап тұрды.

Мерекеден соң көтерiңкi көңiл-күй бiздiң де мерейiмiздi үстем етiп, барша бiрлiк пен келелi берекенiң бастау алар ордасы болған – Астана жайлы шағын ой түйiндеп, көңiлдегi қуанышты көппен бөлiсуге ұмтылдырып, ынталандырып тұрды. Бұл асқақ көңiлдiң асқақ мәртебесiне толы көтерiңкi ойдың парағы ғана. Сол тойлар, тамаша сәттер таусылмағай деп тiлейiк тәңiрден сөз соңында.