ТҮРКІСТАНДАҒЫ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҮШІН ЖАҢА КУРС БАСТАЛДЫ

19
0

Қазақстан Республикасының Тіл саясатының маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді күнделікті өмір мен кәсіби қызметтің негізгі тіліне айналдыру. Осы мақсатта еліміздің әр өңірінде түрлі ауқымды іс-шаралар, курстар мен жобалар жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік тілге деген сұранысты арттыру мен оның қолдану аясын кеңейту тек заңнамалық талаптармен ғана емес, нақты практикалық жұмыстар арқылы да жүзеге асуда.
Осы орайда Түркістан қалалық Мансап орталығы филиалы қызметкерлерінің бастамасымен қолға алынған қазақ тілі курсы – осы бағыттағы игі істердің бір мысалы. 2025 жылдың шілде айында басталған бұл курс тіл үйренушілер үшін тек білім беру емес, сонымен қатар тіл арқылы кәсіби қабілетін арттыруға арналған маңызды алаң болып отыр. Биыл басталған қазақ тілі курсы B1 (орта) деңгейінде ұйымдастырылып отыр. Бұл деңгей тіл үйренушілерге өмірлік және қызметтік жағдаяттарда мемлекеттік тілді еркін әрі сауатты қолдануға мүмкіндік береді. Курстың жалпы көлемі 92 академиялық сағатты құрайды. Бұл – тілдік білім мен дағдыны жүйелі түрде дамытуға жеткілікті уақыт. Курсты Айкерім Жұмабай Мұхтарқызы жүргізуде. Ол – тәжірибелі тіл маманы ретінде сабақ мазмұнын тек грамматикалық жаттығулармен шектемей, коммуникативтік әдістерге негіздей отырып ұйымдастыруда. Бұл тәсіл – тыңдаушылардың тілді өмірлік жағдаятта қолдану қабілетін жетілдіруге бағытталған. Курс аптасына 4 рет өткізіледі. Бұл – тыңдаушылардың тілді жүйелі түрде үйреніп, сөздік қорын белсенді түрде байытуына, сөйлеу дағдысын қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Курстың алғашқы сабағы «Отбасылық қарым-қатынас – өмірдің маңызы» тақырыбына арналды. Бұл таңдау кездейсоқ емес. Өйткені отбасы – қазақ халқының басты рухани тіректерінің бірі. Сабақ барысында қатысушылар отбасылық құндылықтар, дәстүрлер мен қарым-қатынас үлгілері туралы пікірлесіп, осы бағыттағы терминдер мен сөз тіркестерін меңгерді. Сонымен қатар тыңдаушылар өз отбасылары туралы қазақ тілінде әңгімелеп, еркін сөйлеу тәжірибесін арттырды. Мұндай тақырыптар тыңдаушыларды қызықтырып қана қоймай, тіл үйрену процесін жандандыра түседі. Олар үшін қазақ тілін тек қызметтік қажеттілік емес, рухани және әлеуметтік байланыс құралы ретінде қабылдауға жол ашады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет пен қоғамдық қызмет көрсету салаларында қазақ тілін қолдану деңгейі айтарлықтай артқанымен, кейбір аймақтарда бұл үдеріс баяу жүріп жатқаны байқалады. Көп жағдайда қызметкерлер тіл білудің жеткіліксіздігінен немесе еркін сөйлеуден қысылатындықтан, ресми құжаттар мен күнделікті қарым-қатынаста орыс тілін қолдануға бейім. Түркістан қалалық Мансап орталығы филиалы қолға алған бастама – осы кемшілікті жоюға бағытталған нақты қадам. Бұл курс арқылы қызметкерлер қазақ тілінде ресми сөйлеуді, сұхбат жүргізуді, іс қағаздарын толтыруды, мемлекеттік қызмет көрсету барысында тілді еркін пайдалануды үйренеді. Бұл – қазақ тілінің кәсіби тілге айналуына бағытталған маңызды бастама. Курс тек тілдік білім беріп қана қоймайды, сонымен қатар коммуникативтік дағдыны дамытуға, яғни тыңдаушылардың сөйлесім, тыңдалым, жазылым және оқылым қабілеттерін жетілдіруге бағытталған. Сабақ барысында түрлі рөлдік ойындар, пікірталастар, сұхбаттар ұйымдастырылады. Бұл әдістер – тілді нақты жағдаятта қолдану қабілетін арттырып, қызметкердің сенімді сөйлеуіне жол ашады. Сонымен қатар сөйлеу мәдениетіне де ерекше назар аударылады. Мемлекеттік қызметкерлер үшін орынды, сыпайы және кәсіби тілмен сөйлей білу – өте маңызды дағды. Сабақтарда осыған қатысты жаттығулар да қарастырылған.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту – тек лингвистикалық мәселе емес, ол – ұлттық тұтастықтың негізі. Бір тілде сөйлейтін қоғам – біртұтас идеологиямен, ортақ мақсатпен өмір сүретін қоғам. Сондықтан мұндай курстарды ұйымдастыру – мемлекеттік саясаттың негізі болып саналады. Мансап орталығы – тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін мекеме. Онда жұмыс істейтін мамандардың қазақ тілінде еркін сөйлей білуі – халықпен тиімді әрі сенімді байланыс орнатудың кепілі. Сонымен қатар бұл – азаматтардың мемлекеттік тілде қызмет алу құқығын толыққанды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мансап орталығы қызметкерлеріне арналған бұл курс – тек жеке бір бастама емес, ол ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан тіл саясатының бір бөлшегі. Егер осындай курстар жүйелі түрде өтіп, мекеме қызметкерлері тарапынан қолдау тапса, қазақ тілі нағыз қызметтік қатынастың басты тіліне айналады. Алдағы уақытта курстың тиімділігі бағаланып, қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады.