ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМ ЖЕТЕКШІЛЕРІ БАС ҚОСТЫ

100
0

Шымкент қаласында үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері бас қосқан «Жаңа саяси реформалардың перспективалары» атты дөңгелек үстел отырысы өтті.

Басқосудағы негізгі мақсат – үкіметтік емес ұйым өкілдері қарапайым халықтың талап-тілегін тыңдап, жауапты органдар тарапына жеткізу. Осы орайда азаматтық қоғамның дамуында үкіметтік емес ұйымдардың қосар үлесі мол екенін айрықша айта кету керек. Олардың қызметі қоғамның әртүрлі саласын қамтиды. Тарқатар болсақ, адам құқығын қорғау мен халықтың әлеуметтік жағынан аз қозғалған тобын қорғау секілді шаралармен айналысады. Жалпы үкіметтік емес ұйымдар айналысатын салалар өте көп.

«Халық пен биліктің арасында «алтын көпір» рөлін атқаратын үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жақсартуға, ел дамуына қажет ұсыныстарды талқылауды көздеп отырмыз. Алда бірлесіп атқаратын жобалар көп. Барлығымыздың көздегеніміз – халықтың тұрмысын жақсарту» дейді Шымкент қалалық Азаматтық Альянс төрағасының орынбасары Жанетте Жазықбаева. Жиын соңында Конституция күніне және Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің 30 жылдығына орай бірқатар ардагер әскери қызметкер мерекелік медальмен марапатталды.

Айта кету керек, жуырда азаматтық қоғамның дамуына арналған халықаралық «BARCAMP–2022» іс-шарасы үшінші мегаполистен басталып, күнгейдің табиғат аясында жалғасқан болатын. Алғаш рет қызықты форматта қолға алынып отырған 3 күндік іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен бөлек көрші Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінен үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік орган делегаттары мен қоғам белсенділері қатысты. Шымкенттегі «Азаматтық ресурстық орталық» алаңында еліміздің әр өңірінен келген және шетелдік үкіметтік ұйым өкілдері бас қосып, өзара танысты. Бұдан кейін іс-шараға қатысушылар Төлеби ауданына аттанды. Сонда екі күн бойы табиғат аясындағы тимбилдингте азаматтық қоғамды дамыту туралы талқылады. Басқосуға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, ҚР Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Айгүл Қапбарова мен Ғани Ташқараев, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары мен ірі бизнес құрылымдардың өкілдері қатысады.