ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ ҚАНДАЙ?

117
0

Шымкенттегі елді мекендерді кәріз жүйесіне қосу үшін құрылыс жұмыстары жалғасын табуда. Қазіргі таңда шаһардың 54% кәріз жүйесімен қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 60-ға жеткізу жоспарланған.

Осыған байланысты ағымдағы жылы 20 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарға қойылған. БАҚ өкілдеріне өткізген брифингте Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков осылай деді. Оның мәліметінше, жыл соңына дейін Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік шығыс, Хлопзавод-Шолохов, Жұлдыз елдімекендері кәріз жүйесіне қосылады. “Осы арқылы 64 мыңға жуық тұрғын кәріз жүйесімен қамтуға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, Арғынбеков коллектор, Тұран ішкі магистрал, Достық КНС (қайта құру), 74 га құрайтын Бозарық шағын ауданының магистралдық кәріз жүйесінің құрылыс жұмысы аяқталады,”-деді басқарма басшысы. Жалпы Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75%-ға артатын болады.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал қалған 3 елді мекен ауыз суды кестемен тұтынуда. Бұл туралы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Б.Булатбеков айтты. «Көрсеткішті арттыру мақсатында биыл барлығы 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Олар: Құрсай 1,2 – кезек, Асар-2 екінші кезек, Текесу е/м, Қайнарбұлақ е/м, Еңбекші ауданының жаңақұрылыс аумақтары және Нұртас су жинақтағыш имараты» деді ол. Айта кетейік, Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Сонда шымкенттіктердің 99% сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Жалпы Шымкент қаласындағы инженерлік-инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатыр. Жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.