ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ БАСТЫ НАЗАРДА

43
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың қыркүйек айында жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қоғамдық қауіпсіздік мәселесі сөз болған еді. Нақтырағы, ел Президенті «Біз қаңтар оқиғасынан сабақ алып, қоғамдық қауіпсіздікті едәуір күшейту қажеттігін түсіндік. Соңғы кезде адам өлтіру, қарақшылық жасау сияқты ауыр қылмыстар көбейіп барады. Аса қатыгездікпен жасалатын мұндай әрекеттер бүкіл қоғамға қатер төндіреді» деген болатын.

Осы орайда, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қыруар іс атқарылуда. Мәселен, цифрлық дәуірде инфрақұрылымды тиімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін Шымкент қаласында 2023 жылы 1500 дана бейнекамералар орнату көзделген. Бүгінде ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында биылғы жоспар бойынша арнайы қаражат бөлініп, мемлекеттік тапсырыс арқылы жеңімпаздар анықталуда. Жалпы бұған дейін «Қауіпсіз қала» жобасы бойынша орнатылған бейнекамералардың арқасында мегаполисте қылмыс деңгейі әлдеқайда төмендеген. Бейнекамераларға байланысты шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қаладағы тәртіптің тұрақты болуына аса мән беру керектігін қадап айтқан болатын. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы деректерді өңдеуге, әртүрлі ситуацияда тиімді жұмыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қала қауіпсіздігін қамтамасыз етуден басқа, бұл жоба мегапоистің тыныс-тіршілігіне талдау жүргізуді оңайлатып, автоматтандырады. Сондай-ақ жобаны іске асыру қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырады. Тәулік бойы қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған. Айта кету керек, биылғы орнатылатын бір жарым мың камераның 500-і жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Бұдан бөлек, 2024 жылға 2000 дана бейнебақылау камераларын орнату жоспарланып отырғанын да айта кеткеніміз жөн.