ШЫМКЕНТ: ЕҢБЕКШІДЕ АУЫЗСУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЙЕЛІ

72
0
Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек 2022 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары бойынша БАҚ өкілдеріне берген баспасөз брифингінде айтты, деп хабарлайды Uakit.kz.
Аудан әкімі Досбол Күздікбайұлының айтуынша, ауданда ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 94,5 %. Аудандағы жалпы абонент саны – 66 283. Қалаға қосылған 6 елді мекеннің жаңақұрылыс аймақтарын яғни Қарабастау-1590, Жұлдыз-484, Қаратөбе-144, Тоғыс-61, Жыланбұзған-16, Айнатас-17 жалпы 2312 абонентті ауыз сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і жүргізеді. Қазіргі таңда Қарабастау тұрғын алабының жаңақұрылыс аймағында құрылыс жұмыстары басталды. Құрылыс 2023 жылға өтпелі. Жобаның құны бүгінде 1,7 млрд.теңгені құрап отыр.
Сонымен қатар, Бадам тұрғын алабының жаңақұрылысында — 340 учаскесінде орналасқан 3 үй, Оңтүстік-Жаңақұрылыста — 989 учаскедегі 15 үй жобалау сметалық құжат 2023 жылы әзірленеді.
Сондай-ақ, жаз мезгілінде ауыз судын шамадан тыс шаруашылық мақсатта пайдалануына байланысты Елтай, Тоғыс, Айнатас, Базарқақпа елді-мекендерінде ауыз су тапшылығы орын алған болатын. Бүгінде аталған елді-мекендерде ауыз су тапшылығын болдырмау мақсатында Базарқақпа және Тоғыс тұрғын алаптарынан қосымша ұңғыма қазу жұмыстарын мердігер мекеме «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і жүргізуде.
Айта кету керек, бұдан бөлек Еңбекші ауданында  бүгінде ұзындығы 702 шақырымды құрайтын 611 даңғылдар, көшелер мен өткелдер бар. Жолдардың 502 шақырымы асфальт болса, 181 шақырымы тас жол, сондай-ақ 19 шақырым жерді құрайтын топырақты жолдың бар. Жолдардың жағдайын жақсартуға жылдан жылға жақсы көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда 132 көшеге жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның ішінде, 131 көшеге асфальт қабаты төселіп, бүгінде пайдалануға берілді.
Естеріңізде болса, Досбол Күздікбайұлы тұрғындармен есептік кездесуінде Еңбекші ауданының бюджеті 2017 жылдан бері 11 есеге ұлғайып, 17,5 млрд теңгеден 78,5 млрд теңгеге жеткенін хабарлаған болатын. Ауданның негізгі қаржы көздерінің бірі — ауыл шаруашылығы мен орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері боп табылады.