САЙРАМ ТҰРҒЫН АЛАБЫНДА 15 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ЖАБЫНДЫСЫ ТӨСЕЛДІ

Биыл Шымкент қаласына қарасты шағынаудандар мен елді мекендердің ішкі орамдық көшелеріне жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын жазған болатынбыз. Қазіргі уақытта аталған бастаманың арқасында елді мекендердегі бірқатар өзекті мәселелер шешімін тапты. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек. Айта кетерлігі, қазіргі уақытта бірқатар өңірлерде құрылыс жұмыстары аяқталған. Тарқатайық…

2021 – 2025 жылдарға бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес биыл Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабында 15 көшеге асфальт жабындысы төселді. Тиллаходжаев көшесіне асфальт жабындысының екінші қабатын төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Көшенің жалпы ұзындығы 2,5 шақырым, ені 6 метрді құрайды. Сала мамандары құрылыс-монтаж жұмыстарын тексеріп, санаулы күндерде көлік қозғалысы үшін пайдалануға берілетін болады. Жалпы Сайрам шағынауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып өз жобаларын ұсынған болатын. Нәтижесінде биыл 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылады. Қазіргі сәтте шағынаудандағы №№7,10 көпқабатты үйлердің ауласындағы ойын алаңшасы балалардың игіліген берілген болса, №6,9 үйлердің ауласында жұмыстар жалғасуда. Өндірістік кестеге сәйкес өзге үй аулаларында да жұмыстар басталғалы тұр. Сайрам шағынауданында көпқабатты 29 үй орналасқан. 2013 жылы шағынаудандағы барлық үй аулаларына абаттандыру жұмысы жүргізілген. Уақыт өте келе балалар ойын алаңшаларының бірқатары көнеріп, қайта құруды қажет еткен. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасына сәйкес, шағынауданындағы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату 2022-2025 жылдарға жоспарланып, іс-шара жоспары бекітілген. Өткен жылы бұқаралық спортты дамыту мен тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы үшін ықшам ауданда 2 ашық спорт алаңшасы орнатылды.