ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛЫНА 250 ТОННА БАЛ ӨНДІРЕТІН ОМАРТА КООПЕРАТИВІ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Шымкент қаласында өндірілген бал өнімдері Ресей, Араб елдеріне экспортталуда, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкентте биылғы жылы бал өндіретін 13 шаруашылық бірігіп «BEE-PROM» кооперативін құрды. Кооператив құрамында 8000-ға жуық бал ара ұясы бар. Ең ірісі — ЖК «Нормухамедов», бүгінде 13 адамды жұмыспен қамтып, асыл тұқымды «Карника» арасын селекциялық асылдандыру арқылы өнім өндіруде.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов аталған шаруа иелігіне арнайы барып, жұмыстарымен танысты. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасына сәйкес, бал араларының селекциялық асылдандыру жұмыстары 2018 жылдан бері 45,8 млн. тг субсидяланып келеді. (2018 жылы 5,8 млн.теңге, 2019 жылы 15,0 млн.теңге, 2020 жылы 25,0 млн теңге субсидия берілген). Биылғы жылы 12,5 млн. теңге субсидия беріледі деп жоспарлануда. Аталған қолдаудың нәтижесінде биыл шаруашылығын кеңейтіп, қосымша ара балын құю, қаптау қондырғыларын орнатып, өндірілген өнімдерін Ресей, Араб елдеріне экспорттауда.
Қала басшысы бал арасын өсірудің маңыздылықтарына тоқталып, кластерлі бағытта жобаны дамытып, кооператив мүшелерін ара пакетімен қамтамасыз етіп, өндірілген өнімді бір орталық арқылы өткізу жұмыстарын ұйымдастыру бойынша тиісті тапсырмалар жүктеді.
Бұдан бөлек, шаһар басшысы Сайрам тұрғын алабында модернизациядан өткен «Аянат» шаруақожалығының жұмысымен танысты. Қазіргі таңда шаруа қожалық жылына 500-600 тонна қызанақ өсіруде. Қожалықтың жалпы аумағы 4 гектарды құрап, онда бүгінде 26 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Айта кету керек, Шымкент қаласында 2022 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша 101 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді (заңды тұлғалар – 19,1 мың бірлік, жеке тұлғалар – 77,5 мың бірлік, шаруа қожалықтары – 4,3 мың бірлік), өткен жылдың сәйкес кезеңіне бұл көрсеткіш 39%-ға өсім көрсетті. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 179,9 мың адам жетіп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,4%-ға өскен.