САУДА ОРНЫНДАҒЫ ӨРТ СӨНДІРІЛДІ
Ағымдағы жылдың 24-қазанында Түркістан қаласындағы «Юг-Сити» сауда орталығында өрт шығады.
Бұл туралы uakit.kz Түркістан қаласында орналасқан №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.
Қаладағы Тәуке хан даңғылы №226 мекен жайдағы сауда орталығының үшінші қабатынан шыққан өрт туралы хабарлама бойынша оқиға орнына №1 МӨСБ құтқарушылары күндізгі сағат 12:36-да шығады. Оқыс оқиға орын алған жерге сағат 12:39-да жетеді. Айналасы он үш минуттың ішінде шарпыған оттың беті қайтарылады. Сағат 13:02-де өрт толық сөндіріледі.
Өз кезегінде №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Және өрт кезінде үрейге бой алдырмай, 101 немесе 112 шұғыл нөмірін теріп, құтқарушыларды шақыруды тағы да ескертеді. Өрт кезінде тілсіз жаудың құрбаны болмас үшін келесідей ережелерді есте сақтауды ескертеді.
Атап айтқанда, нысанға кірген жолды естен шығармау;
– Қабырғадағы шығу жолдарының сызбасын назарда ұстау;
– Өрттің қайдан шығып жатқанына назар аудару;
– Түтіні аз жолдармен сыртқа шығу;
– Түтіннен уланып қалудың алдын алу үшін дымқыл матамен тыныстау;
– Шығар жолға жете алмай қалған жағдайда балконға шығу;
– Дымқыл киім мен мен сулы көрпелер өрттен қорғануға көмектеседі;
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар үшін өзіңнің қайда екеніңді ескертуді (айқайлап, қабырғаларды ұрып және т.б) ұмытпау;
Өрт кезінде жалын ауқымды болса оны өзіңіз сөндіруге, бағалы заттарды ойлап, оларды алып шығуға жанталасуға, электрқұрылғыларды сумен өшіруге, шкаф іші, қойма мен қуыс бөлмелерді паналауға, лифтіні қолдануға, терезеден мата байлап, арқанмен, көрпе жаймасымен түсуге болмайды.
Егер, сіздің үйіңіз өртке оранса, ол жерде қалмауға тырысыңыз. Мүмкіндік болса, тоқ көзін, газды өшіріп, есік-терезені мұқият жауып, сыртқа шығып, көршілерге де хабарлаңыз. Тысқа шығатын кезде, есікті ақырындап ашыңыз. Себебі оттегінің әсерінен жалын шарпып өтуі мүмкін.
Егер, үйден шыға алмай қалсаңыз, түтін жоқ жерді тауып алыңыз. Жасырынған жеріңізді қолыңызда бар заттармен (сулы болғаны дұрыс) бітеңіз, терезені ашпаңыз. Ашық тұрған терезе оттегінің тұтанып, өрттің өршуін үдетеді. Су алуға мүмкіндігіңіз болса, есік-терезені, айналаңызды дымқыл шүберекпен сулап, сүртіп отырыңыз. Егер, түтіннен тынысыңыз тарылса, шүберекті сулап, мұрныңызға басып демалыңыз. Бір орыннан екінші орынға ауысу керек болса, еңкейіп не еңбектеп қозғалғаныңыз дұрыс. Себебі, еден жақта оттегі көп.
Өрт сөндірушілерге қоңырау шалып, жасырынған жеріңізді айтыңыз. Адамның үстінде киім өртеніп жатса, оның үстіне жамылғы тектес затты жабу керек. Жалын адамның үстіне шарпыса жерге жатып, әрлі-берлі аунау қажет. Жанұшыра жүгіру көмектеспейді.