ШЫМКЕНТ: «ШЫМСАЯ» ШАТҚАЛЫНА 8378 АҒАШ КӨШЕТІ ЕГІЛЕДІ
Шымкенттегі «Шымсая» шатқалы жаңа көшеттермен толықпақ, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкент жасыл қала мәртебесіне лайықты болу үшін 2018 жылдары «Шатқал» бағдарламасы жүзеге асқан болатын. Бағдарлама аясында бірқатар шақталдар ашылып, сай-салаларды көгалдандыру шаруасы қолға алынғаны қашан. Бүгінде шатқалдарды жасыл желекке айналдыру үшін жаппай көшеттер де егілген. Осы мақсатта Шымкенттегі Тассай тұрғын үй алабының маңында орналасқан шатқалда көгалдандыру жұмыстары қызу жүруде. Қазіргі таңда шатқалда күзгі маусымдық ағаш егу жұмыстары өз жалғасын тауып келеді. Ағаш көшеттерін отырғызу, яғни дайындық жұмыстары 5 қарашадан басталған, қазіргі күнге дейін «Шымсая» шатқалына 500-ден аса терек отырғызылды.
Жоспарға сай бұл аумаққа 8378 ағаш көшеті егілмек. Оның ішінде жиде, глядичия, жабайы өрік және айлант көшеттері бар. Бұл жұмысқа Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы «Жасыл белдеу» КММ-нің қызметкерлерімен қоса, 20 маман мен 3 тракторды жұмылдырып отыр. Саябаққа егілген ағаштарды қорғау, күтіп-баптау және әрі қарай ағаш егу жұмыстарын «Жасыл белбеу» КММ айналысатын болады.
Айта кету керек, Қала басшысы Мұрат Әйтеновтың қала аумағындағы жасыл желек көлемін ұлғайту тапсырмасына орай, көшелерге, аулалар мен саябақтарға ағаш көшеттерін егу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, Орталық, Абай, Тәуелсіздік саябақтарына және Чернобыль құрбандарын еске алу мен А.Асқаров атындағы дендрологиялық паркіне жалпы саны 250-дей туя, арша, жай жапырақты ағаш көшеттері отырғызу жұмыстары қолға алынды. Алдағы уақытта қала аумағында орналасқан саябақтар мен гүлзарларға 4000 түп ағаш көшеттері егілетін болады. Жуырда ғана ашылған жаңа гүлзарларға қала әкімі Мұрат Әйтенов бір қатар азаматтармен ағаш көшеттерін отырғызып, қаланың жасылқ аймаққа айналуына өз үлестерін қосты.