ТҮРКІСТАН – ТҰРАҚТЫ ДАМУ МЕН СЕНІМДІ СЕРІКТЕСТІК АЙМАҒЫ

Соңғы жылдары Түркістан облысы еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Экономиканың барлық саласында оң серпін байқалып, өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс және туризммен қатар, инвестициялық сектор да ілгерілей түсті. Түркістан – тарихи орталық қана емес, бүгінде инвестиция үшін тартымды аймақ ретінде де қалыптасып келеді.
Мұндай жетістік кездейсоқ емес. Бұл – жүйелі мемлекеттік саясаттың, қолайлы іскерлік климат пен шетелдік және отандық инвесторларға жасалған нақты қолдаудың нәтижесі. 2018 жылы облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 314,1 млрд теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1335,0 млрд теңгеге жетіп, 4,2 есеге артты. Бұл – Түркістан облысы үшін тарихи рекорд. Инвестиция – экономиканың негізгі қозғаушы күші. Ал оның өсуі – өңірге деген сенім мен сенімділіктің нақты дәлелі. 2025 жылдың алғашқы жартысында облысқа 387,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде жеке инвестиция – 199,3 млрд теңге, бюджеттік инвестиция – 128,7 млрд теңге. Бұл қаржы аймақтың өнеркәсіп, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік нысандарын дамытуға бағытталуда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысына тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 144,2 млн АҚШ долларын құрады. Бұл – жылдық жоспардың 245%-ға орындалғанын білдіреді. Мұндай көрсеткіштер Қазақстанның инвестициялық картасында Түркістанның алдыңғы қатарға шыққанын аңғартады. Шетелдік капиталдың құйылуы – өңір экономикасының тұрақтылығы мен ашықтығына берілген баға. Бұл бағыттағы табыс сыртқы саясаттағы келіссөздер мен нақты жобалардың нәтижесі ретінде қарастырылуы тиіс.
2025–2028 жылдар аралығында жүзеге асырылуы жоспарланған 110 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Жалпы құны – 2,3 трлн теңге. Бұл жобалар жүзеге асқанда 19 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биылдың өзінде 321,8 млрд теңгеге бағаланған 57 жоба іске асырылып, 6 908 адамға жаңа жұмыс орны ұсынылмақ. Түркістан облысы халықаралық деңгейде өз әлеуетін танытып, түрлі форумдар мен ресми сапарлар арқылы шетелдік инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Қытайға жасалған ресми сапар кезінде туризм, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобалар бойынша келісімдер жасалды. Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» ІІ форумы аясында 5 ірі жоба бойынша меморандумға қол қойылды. Бұл шаралар тек хаттамалық деңгейде қалмай, нақты жобаларға айналып жатқанын көріп отырмыз. Облыста бизнес-форумдар тұрақты түрде өткізіліп, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері кәсіпкерлер мен инвесторларға кеңінен таныстырылуда. Әр жоба үшін әкімдік тарапынан «бір терезе» қағидаты бойынша жедел және кешенді қолдау көрсетілуде. Бұл тәсіл инвестордың уақытын үнемдеп, бюрократиялық кедергілерді барынша азайтады. Түркістан облысы бүгінде инвестициялық белсенділік бойынша елдегі алдыңғы қатарлы өңірлердің біріне айналды. Шетелдік және отандық капиталға ашықтық, іскерлік инфрақұрылымның дамуы, кадрлық әлеует және саяси тұрақтылық – өңірдің басты артықшылықтары. Инвестициялардың артуы тек экономиканың өсуі емес, бұл – жаңа жұмыс орындары, әлеуметтік нысандар, инновациялық өндірістер мен халықтың өмір сүру сапасының артуы. Яғни, Түркістан – бүгінде инвестицияға құнарлы алаң, ал болашақта – Орталық Азиядағы экономикалық орталықтардың біріне айналуға толық мүмкіндігі бар аймақ.