ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДЕ ӨРТТІҢ БЕЛГІЛЕРІ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Құтқарушылар өрттің көбі түн мезгілінде тіркелетінін алға т артады. Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Асқар Сейсенов uakit.kz-ке берген сұхбаты кезінде де бұл тұжырымды құптаған.
Сала мамандары әрбір үйде түн тыныш өтуі үшін келесідей өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұранады.
Әдетте үйдегі өрт кішкене алаудың пайда болуынан басталады. Оқыс оқиғаларды алдын алу үшін ең алдымен ұйқыға кетпес алдын тұрақты жұмыс істеуге арналмаған барлық электр құралдарын тоқ көзінен ажыратылғанына көз жеткізіңіз. Барлық газ құрылғыларын да ажырату керек. темекі тартқан кезде оның тұқылының толық сөнгенін тексеріңіз.
Тұрғын үйде өрттің белгілерін тану тану өртті дер кезінде анықтауға және оны жою шараларын қабылдауға көмектеседі. Мысалы,түтіннің жеңіл иісі болуы, оның бастапқыда білінер – білінбес болуы, одан кейін түтін қоюланып, көзге әсер етуі – бұл өрттің алғашқы анық белгілері.
Резеңкеге тән иістің шығуы электр сымдарының қызғандығын білдіреді. Резеңке иісінің шығуымен қатар жарықтың немесе электр шамдарының сөнуі бұл жартылай жанудың орын алғанын білдіреді. Құбырдағы күлдің жануын оның гүрілдеп жанған дауысынан немесе күлдің смола тәріздес иісі арқылы анықтауға болады.
Өрттің болып жатқаны белгілер анық байқалған кезде ең бастысы дүрлікпеу керек. Тез арада қалалық немесе мобильді телефон арқылы 101 немесе бірыңғай кезекші – диспетчерлік қызметтің 112 шұғыл нөмірлеріне қоңырау шалып, өрт сөндіру қызметіне хабарлау қажет. Өрт туралы толық және дұрыс ақпарат беру өрт сөндірушіге ықтимал жағдайды алдын ала болжауға және тиісті шешім қабылдауға, аз уақыт ішінде өртті жою бойынша күш пен құралдарды жұмылдыруға мүмкіндік беретінін есте сақтау қажет.
Өрттің жаңа тұтанып, енді жана бастағанын байқасаңыз, оған су шашып, қалың көрпе, жамылғы жауып немесе топырақ, құм сеуіп, тез сөндіре аласыз. Оттегі өрттің тез өршуіне мүмкіндік береді. Сондықтан жанып жатқан бөлменің терезесін сындыруға, көрші бөлменің есігін ашық қалдыруға болмайды.
Маңызды ақпарат!
Қандай жағдай болмасын, жанып тұрған кернеулі электр сымдарын және электр құралдарын сумен сөндіру өміріңіз үшін қауіпті.