ТҮРКІСТАН: ВИРУСТЫ ГЕПАТИТТЕРДІҢ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ ТҰРАҚТЫ

Түркістан қаласы вирусты гепатиттердің эпидемиологиялық жағдайы бойынша тұрақты.

Бұл туралы Түркістан қаласындағы санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов департаменттің фейсбуктегі парақшасында өткен эфир барысында мәлімдеді, -деп хабарлайды uakit.kz.

Ол  «Біздің тәжірибемізде гепатиттің А, В, С, D, Е деген бес түрі бар. Негізі аурудың түрлері одан көп. Бірақ біздің тәжірибеде осы бес түрімен күрес бойынша жұмыс істейміз»,-деді.

Вирусты гепатит — бауыр жасушаларының  вирустармен зақымдалуы. Вирусты гепатитті тудыратын  бірнеше вирустар бар. Олардың әрқайсының өз ерекшеліктері бар. Белгілері де әртүрлі. Вирусты гепатит энтеральды және парэентеральды гепатиттер болып екі топқа бөлінеді.

Энтеральды  тобына вирусты гепатиттің А және Е түрлері кіреді. А, Е энтеральды гепатиті адамнан адамға инфекция, вирус түскен су, тағам арқылы жұғады. А гепатиті көбінесе көктем, жаздың аяғы, күз айларында кездессе, парэентеральды гепатит жыл бойына кездесе береді. А гепатитінің дамуы бірнеше кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңі — инкубациялық кезең. Ол 5-45 күнге дейін созылса, одан кейін 4-7 күнге созылатын программалды кезең (немесе сарғаю алды деп те атайды) басталады. Одан әрі сарғаю, жазылу кезеңдері. А гепатитін жұқтырған адамда сарғаюдың алдында әртүрлі белгілер байқалады. Мысалы, тұмау ауруымен ауырып қалған тәрізді дене қызуы көтеріліп, құсуы мүмкін. Не болмаса ішек ауруы тәрізді басталып, іші өтіп, не буындары сырқырап, басы айналуы мүмкін. 5-6 күннен кейін денесі, көзі сарғая бастайды.  Кіші дәреті қою қоңыр түсті болады да, үлкен дәреті ағарып кетеді. А гепатиті жедел түрде өтеді. Сондықтан ол созылмалы түріне айналмайды, толық емделсе, ауру жазылып кетеді. Е гепатиті, әсіресе, жүкті әйелдерде кездессе, ол қауіпті.

Ал вирусты гепатиттің парэентеральды тобына В, С, D түрлері жатады. Парэентеральды гепатит қан арқылы жұғады (мысалы, адамға гепатитпен ауырған науқастың қаны құйылса немесе стоматологқа барғанда дәрігерлер ауырған адамға қолданған құрал-сайманын басқа адамға қолданатын болса, сонымен қатар, маникюр, педикюр, денеге татуировка сурет салатын жерлерде де жұғуы мүмкін). А гепатиті көбінесе көктем, жаздың аяғы, күз айларында кездессе, парэентеральды гепатит жыл бойына кездесе береді.

Ал парэнтеральды, В, С гепатиттеріне келсек, оның инкубациялық кезеңдері 6 айға дейін созылады. Сарғаю алды білінбейді. Науқас күннен-күнге шаршап, біраз уақыттан кейін өзінің сарғайғанын біледі.Қашан ауырғанын айта алмайды. Сондықтан оларға эпидемиялық анализ жинап, клиникалық көріністеріне мән берсек, қандай гепатит екенін білуге болады. В, С гепатиті біраз уақыт созылмалы түрде өтеді. Ауру ауырғанын сарғайғанда ғана болмаса, бірден біле қоймайды. Мұндай жағдайда анализдік талдау жасап, эпидемиологиялық анамнездері міндетті түрде сұралады.  Науқас сырқаты жасырын өткен 6 айдың ішінде тіс емдеген болса, не болмаса бір аурумен ауырып қан құйылған болса, т.с.с. гепатитті басқаларға да жұқтыруы мүмкін деп ойлауымызға негіз бар. В, С, D гепатиті секілді қан арқылы жұғатын гепатиттердің 30-40 пайызы созылмалы түрге айналып кетуі мүмкін. Жедел емделмесе, цирроз аурына, тіпті әрі қарай бауыр обырына апарып соғуы мүмкін.

Вирусты гепатиттен емделгеннен кейін, міндетті түрде бауырға ерекше күтім қажет. Дәрігер айтқан тағамды ғана тұтыну керек. Қуырылған және жартылай дайын тамақтарды, шикізаттарды, ұзақ сақталатын консерванттар қосылған тағамдарды жемеу керек. Ішімдік, кока-кола, т.б. газдалған, химиялық заттар қосылған сусындар ішуге болмайды. Сонымен қатар, дәрілік заттарды да қолданған күнде, бауырға әсері аз түрін қарастыру керек.

Айта кетейік, вирусты гепатит тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде емделеді, яғни мемлекет есебінен қаржыландырылады. Ал Медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттері бойынша  үкімет белгілеген шеңберде тұрғындар үшін қызметтерді сатып алушы қаржы операторы болып табылады.