САҚТАНҒАН САУ ЖҮРЕДІ

Ағымдағы жылдың 15 ақпанында Түркістан қаласындағы «Жаңа қала» мөлтекауданында нөмірсіз үй маңында автокөліктің жанып жатқаны туралы 101 өрт қызметіне хабарлама түседі. Келіп түскен хабарламаға сәйкес Түркістан қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары оқиға орнына жедел жетеді.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде «ВАЗ 2114» маркалы жеңіл автокөлігінің алдыңғы мотор бөлігінен түтін шығып бықсығанын анықтаған. Оқиға өртке ұласпаған. Зардап шеккендер де болмаған.

Орын алған оқиғаға байланысты құтқарушылар жүргізушілерге көлікті күтіп ұстауды, және темір тұлпар әрдайым тізгінде болуы үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ескертеді.

Және көліктегі өрт оқиғасының алдын алу шараларын үнемі пысықтап жүруге кеңес береді. Атап айтқанда, аязды ауа-райы кезінде оталмай қалған көлік қозғалтқышына ашық отты жағып жылытуға болмайды. Аккумуляторды тікелей көлік құралдарына зарядтау да өрттің болу қаупін тудырады. Сонымен қатар автокөлікке жарық түсіру үшін ашық отты пайдалану да қате. Ең басты қауіпсіздік шараларының бірі – жанар-жағармай құятын багтың аузын ашық тастап кетпеу. Темір тұлпарыңыздың электрлік жабдықтарын жүйелі түрде арнайы мамандарға тексерту қажет. Оқыс жағдайлар кезінде яғни, электр сымдарының қысқа тұйықталуы болған кезде оқиға өртке ұласпай, бықсыған түтінді тез оқшаулау үшін көлікте өрт сөндіру құралын алып жүрген абзал.