ИНВЕСТИЦИЯ — ЭКОНОМИКАНЫҢ ТҰРАҚТЫ ӘРІ САПАЛЫ ӨСУІНІҢ НЕГІЗІ

93
0

Жыл өткен сайын елімізге инвестициялар тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Инвестиция – табыс алу, меншікті капиталын молайту, елдің материалдық байлығы мен материалдық емес сипаттағы қоғамдық құндылықтарын еселей түсу үшін шаруашылық жүргізуші субъектілер салатын инвестициялық қаражат.  Экономиканың нақты секторларының дамуы Қазақстанның болашағына зор ықпал eтeтiнi анық.

Оның ішінде елдiң экономикалық өcуi жаңа ірі масштабты жобалардың көмегiнсiз, инвестиция және инновация, саяси тұрақтылық және ұлттық өндiрiстiң тиiмдi дамуынсыз қалыптасуы мүмкін емес. Сон­дық­тан да Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бас­тап экономикалық жағдайды тұрақтандыру, ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және инвестициялар тарту жөніндегі саясатты белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айқындалған мақсат-міндеттердің маңызды бір тобы – экономиканың нақты секторын дамытуға бағдарланған болатын. Мемлекет басшысы арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, ондағы салықтық жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдау шараларын сараланған түрде ұсыну, экономиканың нақты секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру туралы сөз қозғады. Осы ретте бүгінде Шымкентте 5 өндірістік аймақ жұмыс істеп тұр. Ондағы кәсіпорындарда 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

Индустриалды аймақтардың дамуының нәтижесінде биыл қаладағы өнеркәсіп өнімінің мөлшері 850 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға жоғары. Бүгінде қаладағы 5 өндірістік аймақ та толып қалған, онда жаңа кәсіпорындар ашатын жер жоқ. Сол себепті Президент Жолдауын жүзеге асыру мақсатында әкімдік тарапынан жаңадан «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» жеке индустриалды аймақтарының инженерлік-инфрақұрылымы жүргізілуде. Онда 111 жоба жүзеге асып, тағы да 10 мың жұмыс орны ашылады. Яғни, нақты секторды дамыту халықты жұмыспен қамту мәселесін жүйелі түрде шешеді. Екіншіден, Жолдау жүктеген міндеттерді орындау аясында Шымкенттің экономикасына алдағы 5 жылда 6 триллион теңге инвестиция тартылмақ. Инвестиция – игіліктің бастауы. Соның айғағы ретінде Шымкентте тек құрылыс саласына тартылған инвестициялардың нәтижесінде жыл сайын 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп жатқанын айтуға болады. Жалпы, Шымкент қаласының республикалық мәртебеге ие болуы инвестициялық белсенділіктің артуына септігін тигізген. Соңғы 5 жылдың ішінде 1,8 триллион теңге айналымға енді. Биылғы 9 айда Шымкентке 327,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға жоғары.