519 АБОНЕНТ КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТЫЛДЫ
Үшінші мегаполисте инженерлік инфрақұрылым саласында қыруар іс атқарылып жатыр. Күні бүгінге дейін қалаға қарасты шалғайда жатқан елді мекендердің ішкі орамдық көшелеріне шағал тас пен асфальтбетон төселіп, жалпы жолдардың сапасы жоғарылады.
Табиғи газ, жарық, ауыз тарту жұмыстары да қарқын алған. Бүгінде құрылысы аяқталған өңірлердің тұрғындары қуанышқа бөленіп, өзекті мәселелерінің шешіліп жатқанына дән риза. Мәселен, Қаратау ауданына қарасты Азат шағын ауданы тұрғындарының газ мәселесі шешімін тапты. Қала әкімі Мұрат Әйтеновпен бірге халық қалаулылары, “ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент филиалы директоры С.Исмайлов және халық қалаулылары, “Қоғамдық кеңес” төрағасы Б.Әлтеев пен жергілікті тұрғындар, сондай-ақ, БАҚ өкілдері бүгінгі қуаныштың куәсі болды. Мұнда 8,9 шақырым газ құбыры тартылып, жұмыс толық аяқталды. Нәтижесінде 519 абонент көгілдір отынмен қамтылмақ. Қазіргі уақытта «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент филиалы тарапынан абоненттеу жұмысы жүргізілуде. Биыл қала бойынша 15 нысанда газбен қамту құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңында Батыс, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Нұртас, Тұран 2 кезек, Сәуле елдімекендері және Ақтас магистралды жүйелердің құрылысы аяқталады. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйелеріне қосылмақ. Қала басшысы күн суытпай абоненттеу жұмысын аяқтауды тапсырды. Жуырда Қаратау ауданына қарасты Достық шағын ауданының халқына да көгілдір отын берілген болатын. Ол үшін шағынауданға 2021 жылдың желтоқсан айында 46,06 шақырымға газ жүйесі тартылған болатын. Дегенмен көгілдір отынмен қамтуда АГРС-3 нысанының іске қосылғанын күтуге тура келді. Енді міне, көптен күткен жұмыс толық аяқталып, газ да беріліп жатыр. Құжаттары дайын үйлерге газ қосылды. Жалпы Достық шағын ауданында 2686 үй, нақты 15 750 тұрғын бар. Абонемент саны: 2 625. Мердігер мекеме «ГХ Шымкентгаз» ЖШС-гі жобаны 957,838 млн. теңгеге атқарып, жұмысты мерзімінде аяқтады.