ШЫМКЕНТ ӨНІМДЕРІ АЛЫС-ЖАҚЫН ШЕТЕЛДЕРДІҢ НАРЫҒЫНА ШЫҒУДА

96
0

Шымкентте соңғы жылдары кәсіпкерлік сала қанат жайып келеді. Қала аумағында бір емес бірнеше индустриалды аймақ бар. Олардың қатары жуырда тағы толыға түспек. Бұдан бөлек, үшінші мегаполисте шетелдерге өнімдерін шығарып, бәсекеде бәсі биік болып отырған кәсіпорындар жетерлік. Олардың өнімдері алыс-жақындағы 15 мемлекеттің сауда сөрелерінен орын алып үлгерген.

Жалпы үшінші мегаполистегі 60 кәсіпорын 573 миллион АҚШ долларының өнімін шетелге сатып отыр. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың қыркүйек айында жариялаған жолдауында кәсіпкерлік саланың әлеуетін арттыруды тапсырған болатын. Осының негізінде, яғни, маңызды құжатта айтылған міндеттерді орындау мақсатында экспорт география 25 елге дейін, ал өнім көлемі 1,5 есе артады. Мұндай экономикалық өсім халықтың табысының артуы мен әл-ауқаттының жақсаруына әсер ететіні сөзсіз. Бүгінде қаланың жалпы өңірлік ішкі өнімінің 40 пайызын – кәсіпкерлік, 23 пайызын – өнеркәсіп, 25 пайызын – сауда мен қызмет көрсету және 4 пайызын құрылыс саласы құрайды. Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында өндірілетін тауарлардың 23,1 пайызы Шымкентте жасалады. Бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғая түсуде. Мәселен, Шымкентте биыл жылдың 8 айында жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 22 миллиард 401 миллион теңге болды. Өткен 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 миллиард 342 миллион теңгеге артқан. Шымкенттен шығатын өнімнің 3,8 пайызын жеңіл өнеркәсіп саласы құрайды. Мегаполисте, әсіресе, тоқыма бұйымдары кең өріс алған. Нақтысын айтсақ, республикада өндірілетін мақта-мата өнімдерінің 98 пайызы, шұлықтың 68 пайызы, ал кілемнің 100 пайызы Шымкенттен шығады. Осылайша үшінші мегаполис отандық текстиль өндірісінің ірі орталықтарының біріне айналды. Мемлекет басшысы Жолдауда отандық экономиканың шикізатқа тәуелділігі, еңбек өнімділігінің төмендігі және инновацияның жеткіліксіздігі секілді аса күрделі проблемаларымен таныс екенін атап өтті. Бұл мәселелерді шешу үшін макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландырудың жүзеге асатынын атап өтті. Қорыта айтқанда, Шымкенттегі шағын және орта кәсіпкерліктің әлеуеті жоғары, мүмкіндігі кең. Алдағы уақытта да аталған салаға жасалар қолдау жалғаса бермек.