ТАБИҒАТТЫҢ ТОСЫН МІНЕЗІНЕ ТӨТЕП БЕРУ ҮШІН ҚЫРУАР ІС ҚОЛҒА АЛЫНУДА
Шымкент қаласында ирригациялық жүйелер салу мен оларды тазалау ісі қарқын алып келеді. Табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру мақсатында жыл басынан бері қыруар іс қолға алынды. Жалпы жер асты сулары мен өзен-көлдер кейде адамдар факторынан бөлек табиғаттың әсерінен де ластанады. Ал жер асты сулары мен өзен-көл суларының ластануы жалпы адамзат және қоршағ ан орта үшін зиян.
Лас су адамның денсаулығын бұзып қана қоймай қоршаған ортадағы флора мен фаунаға да кері әсерін тигізеді. Сондықтан қала, елді-мекен ішіндегі арық-атыздардың тазалығы мен жағдайын дұрыстау кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Бұл президенттің бастамасымен қолға алынған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында да көзделген. Осы ретте Шымкент қаласында тоқтамай жауған жауынан арық-атыздар толып қалуда. Салдарынан тасыған су автокөліктер мен жаяу жүргіншілердің жүріп тұруына кедергі келтіріп жатыр. Келеңсіздікті қалыпқа келтіру мақсатында аудан әкімдіктері өздеріне тиесілі аумақтағы ирригациялық жүйелерді қоқыстан тазартып, су басқан көшелерде арнайы техниканың көмегімен сору жұмыстарын атқаруда. Абай ауданында 160 шақырымға жуық ирригациялық жүйе бар. Қазіргі таңда арық-атыздар күл қоқыстан тазартылып, судың кедергісіз ағуына жағдай жасалған. Абай ауданында су алу қаупі бар 45 көше анықталса, оның бесеуі 112 орамда. Қазіргі таңда мұнда жауын суы ағатын жерасты құбыры жүргізіліп жатыр. Аудан бойынша 21 көшеде ирригациялық жүйе қалыпқа келтіріліп, екеуі жаңартылуда. Мұндағы арық-атыздарды ретке келтіру мақсатында қала бюджетінен 279 миллион теңге қаржы қаралған. Айта өтейік, Шаһарда ұзындығы 100 шақырымға жуық өзен-көлдер мен 600 шақырымға жуық ирригациялық жүйе бар. Бүгінгі таңда қаланың 4 аудан әкімдігі өз аумақтарындағы тазалық жұмысымен өздері айналысуда. Бұдан бөлек, Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының мамандары тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізіп, жалпы 26 мекен-жайға ирригациялық жүйелерді орнату бойынша бюджетке өтінім берілген болатын. Нәтижесінде 19 жоба 24 көшеге ирригациялық арықтарды салу бойынша ұсыныс қолдау тапты. Бүгінгі таңда, мердігер мекеме тарапынан жұмыстардың 85% орындалды. Мұрат Дүйсенбекұлы қараша айының 15 дейін жұмыстарды толық аяқтауды тапсырды.