ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖАҢА ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСУДА

Қазақстан Үкіметі бүгінде экономиканың басты бағыттарының бірі ретінде импортқа тәуелділікті төмендету және ішкі өндірісті арттыру міндетін нақты күн тәртібіне шығарып отыр. Осы орайда Түркістан облысында да жүйелі жұмыстар қолға алынып, өндірістік және агроөнеркәсіптік салада терең талдау жүргізілуде. Бұл бағыттағы іс-шаралар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланып, нақты шешімдер қабылданды.
Түркістан облысы — еліміздегі аграрлық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі ғана емес, соңғы жылдары өндірістік салада да айтарлықтай серпін ала бастаған аумақ. Облыс әкімі өз сөзінде бұл әлеуетті толық пайдалану керектігін баса айтып, жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Өз сөзінде «Жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласында Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Әр саладағы жағдайды терең зерделеп, нақты жобалар мен бастамаларды ұсыныңыздар. Біздің міндетіміз – импортты азайтып, өз өндірісімізді күшейту. Онымен қоса, кейбір тауарлар бойынша экспортқа шығуға да мүмкіндігіміз бар» деді өңір басшысы. Бұл сөздерден-ақ облыс әкімдігінің импортты алмастыру саясатын тек тұтынушылық деңгейде емес, өңірлік экономикалық өсімді қамтамасыз ететін стратегиялық бағыт ретінде қарастырып отырғаны аңғарылады.Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың мәліметінше, импортты алмастыру мақсатында қазіргі таңда 6 негізгі сала мен 31 өнім түрі бойынша терең талдау жүргізілген. Нәтижесінде, 65 инвестициялық жобаның тізімі бекітіліп, олардың жалпы құны 707 млрд теңгені құрап отыр. Жобалар үш кезеңге бөлінген. 2025 жылы – 28 жоба, 2026 жылы – 26 жоба, 2027 жылы – 11 жоба жүзеге аспақ. Бұл жобалар тек экономикалық тиімділікті арттырып қана қоймай, жұмыспен қамту, экспорттық әлеуетті ұлғайту және технологиялық жаңғыру тұрғысынан да елеулі рөл атқармақ.
Аталған жобалардың ішінде ел нарығын толығымен қамтуға қауқарлы өндіріс орындары бар. Мысалы, алюминий профильдері өндірісі — құрылыс және өнеркәсіп салаларында кеңінен пайдаланылатын өнімдер арқылы ішкі сұранысты толық өтеу көзделуде. Жиһаз өндірісі – сапалы отандық жиһаз шығарылып, ішкі нарыққа ұсынылуымен қатар, көрші елдерге экспорттау да жоспарда. «Жасыл Суық Қазақстан» компаниясы – толық қуаттылыққа шыққанда, өнеркәсіптік тоңазытқыштар импортының көлемі 48 пайызға дейін төмендейді. Бейнебақылау құрылғылары өндірісі – жаңа зауыт іске қосылғаннан кейін еліміздің осы саладағы 100 пайыз қажеттілігі ішкі нарық есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, жеміс-жидек пен көкөністі терең өңдеу, ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру, жылу құбырлары өндірісі сияқты жобалар арқылы да импорт үлесі төмендейді. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі бойынша республикада алдыңғы қатарда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев айтып өткендей, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, өңірде 10 негізгі бағыт бойынша импортты алмастыратын агроинвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Түркістан облысының импортты алмастыру бағытындағы жүйелі қадамы – жаңа экономикалық модельдің айқын көрінісі. Облыс басшылығының тікелей бақылауымен қолға алынған 707 миллиард теңгені құрайтын 65 жоба – тек облыстың ғана емес, ел экономикасының дамуына үлес қоспақ. Экономикалық тұрақтылық пен технологиялық жаңғыруды мақсат еткен бұл бастамалар сәтті жүзеге асса, Түркістан өңірі индустриялық және аграрлық қуаты үйлескен үлгілі аймаққа айналатыны анық. Импортқа тәуелділіктен арылып, отандық өнімге басымдық беру – уақыт талабы ғана емес, ел тәуелсіздігін бекемдей түсетін стратегиялық міндет.