КӨП КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕ ЖУЫҚ АРАДА ШЕШІМІН ТАБАДЫ

88
0

Инженерлік-инфрақұрылым саласы қоғам үшін қашан да маңызды. Сапалы ауыз су, жарық пен жол, қала берді көгілдір отын мен кәріз жүйесі толық шешілгенде ғана халықтың көкейін тескен түйткілдер азаяды. Өз кезегінде, Шымкент қаласында аталған салада атқарылып жатқан жұмыстар орасан.

Мәселен, қазіргі уақытта 7 560-тан астам тұрғыны бар Құрсайда аумақты сапалы ауыз сумен қамту үшін құрылыс жұмыстары 2 кезеңмен атқарылуда. 1-кезеңде 185,5 шақырымға су құбыры тартылып, бітуге жақын. Нәтижесінде 4 900 абонент сапалы ауыз сумен қамтылады. 2-кезеңде тартылатын су жүйесінің жалпы ұзындығы 151 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстарының 92 пайыз орындалды. Жоспар бойынша, қараша айында 3 436 абонент немесе жыл соңына дейін барлығы 41 680 тұрғын таза суға қол жеткізбек. Құрсай шағынауданы электр жарығымен 100 пайызға қамтылған. Дегенмен қуат көзінің сапасын арттыру мақсатында 110/35/10 кв электр желілерін тарату станциясының құрылысы жүргізілуде. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып, тағы 600 үй сапалы электр жарығына қосылады. Бірінші талаптың сапа, одан соң әр істің мерзімінен кешіктірілмей ел игілігіне берілуіне тоқталған қала басшысы, іске жауапкершілікпен қарауды еске салды. Жалпы 2021 жылы Құрсай шағынауданын сапалы интернетпен қамту мақсатында мобилді операторлармен базалық станция орнату үшін тиісті келісімдер жасалған болатын. Бүгінге дейін, Құрсай шағынауданына «Кар-Тел» компаниясы тарапынан коммерциялық нысан иелерімен келісу арқылы Жылысай көше маңына базалық станция орнатылды. Сонымен қатар жеке инвестормен келісім жасасып, №49 мектептің маңына антенна-матчталық құрылғы орнатылды. Бүгінде аталған құрылғыға мобилді байланыс операторларының базалық станциясын қондыру ғана қалды. Тиісті жұмыстар 1 ай көлемінде атқарылса, шағынаудан сапалы интернетпен қамтылады. Одан бөлек шағын ауданды жеке инвестор қаражаты есебінен талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары да жоспарға енгізілген. Қазіргі таңда, инвестор тарапынан шағын ауданды сапалы интернетпен қамтуға қажетті құрал жабдықтар алынған. Бүгінгі таңда Құрсай елді мекені тұрғындары ауыз суды кестемен тұтынуда. Жыл соңында Құрсайдағы 8 336 абонент, яғни 41 680 адам сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. 2022 жылдың қорытындысымен  Құрсай,  Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде, қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 98% –дан – 99%-ға өспек. Бекітілген жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.