ШЫМКЕНТТЕ ЭКОЛОГИЯ МИНИСТРІ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

72
0

Экология министрі Серікқали Брекешев республиканың оңтүстік өңірлеріне жұмыс сапары барысында Шымкент қаласының тұрғындарымен және үкіметтік емес ұйымдардың, қауымдастықтардың өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Uakit.kz. 

Бүгін ҚР Экология министрі Серікқали Брекешев М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесті.
Тұрғындар алдында сөйлеген сөзінде министр жалпы республика және қала бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндап, министрліктің алдағы жоспарлары туралы айтты.
«Шымкент қаласының экология ахуалын жақсартуға арналған жол картасында 29 іс-шара қамтылған болса, оның 10-ы орындалды. Мәселен, жасыл екпелерді паспорттау жүргізілді, кең таралған пайдалы қазбалардың карьерлерін өңдеу кезінде бұзылған 3 кен орнының жерлері қалпына келтірілді, қоғамдық көліктердің басым көпшілігі газға көшкен. Тұрғындарды табиғи газбен және кәріз жүйесімен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Ауаны ең ірі ластаушы болып саналатын Шымкент мұнай өңдеу зауыты толық модернизациядан өтіп, өндіріске қоршаған ортаны қорғайтын технологиялар енгізілді. Мұның бәрі қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға көмектеседі», — деді С.Брекешов.
Кездесу барысында қала тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелер қозғалды. Мәселен, Шымкент қаласының шеткі шағынаудандарын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету, тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару мен қайта өңдеу саласы және атмосфералық ауаның сапасы секілді проблемалар талқыға салынды.
Қалдықтарды басқару саласында Шымкент қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі ағымдағы жылдың 9 айында 26,7% -ды құрады, бұл орташа республикалық деңгейден (24%) жоғары.
Сонымен қатар, космомониторингтің көмегімен 45 заңсыз қоқыс орны анықталған, алайда әкімдіктің ақпараты бойынша олар толығымен жойылды.
«Жалпы, аталған мәселелерді шешу үшін әкімдік өңірдегі коммуналдық қалдықтарды басқару жағдайы туралы халықты хабардар ете отырып, шағын және орта бизнес субъектілерін коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу саласына белсенді түрде тартуы қажет. Сонымен қатар, кешенді жұмыс үшін әкімдік коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеп, бекітуі қажет», — деп түйіндеді С.Брекешев.
Есеп беру кездесуінен кейін министр азаматтарды жеке қабылдап, олардың сұрақтары мен өтініштерін тыңдады.