ҚАЛА ӘКІМІ ЖАУАПТЫЛАРҒА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН ТЕЗ АРАДА ШЕШУДІ ТАПСЫРДЫ

54
0
Қала әкімі бүгін кезекті қабылдауын өткізді. Біріңғай қабылдауға 200 ден астам тұрғын, түйткілді мәселелерін арқалай келген. Олардың басым көпшілігі оқу жылы қарсаңында балаларының мектеп формасына, оқулықтарға қатысты қажеттіліктерін жеткізді. Осы ретте білім басқармасының қызметкерлері азаматтар тарапынан түскен өтініштерді бір- бірден тыңдап шешімін табуға тырысты. Сонымен қатар, тұрғындарға мемлекеттік қолдаулар туралы толығырақ түсіндірді.
Сондай-ақ, қабылдаудан кәсіп бастап, қаланың әлеуметтік дамуына үлес қосамын деген азаматтар да табылды. Олар, өз бизнесін дөңгелетіп, шағын және орта кәсіп ашпақ. Осыған орай, тұрғындарға шағын несие алудың жаңа шарттары, қайтарымсыз грант талаптары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Тіпті, мамандар қала аумағында табысты саналатын кәсіп түрлері бойынша пайдалы кеңестер де ұсынды. Бұдан бөлек, инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы сұрақтар да назардан тыс қалмады. Яғни, газ, су, кәріз желілерін тарту, жол жүргізуге қатысты талап-тілектер бойынша тиісті басқармаларға тапсырма берілді. Қала әкімі ай сайын бірыңғай қабылдау өткізгенімен, тұрғын үй, жер телімі мәселелерімен қатар әлеуметтік көмек бойынша өтініштер күн тәртібінен түскен емес. Аталған мәселелер бойынша тиісті басқарма мамандары түрлі бағдарламалармен таныстырып, мемлекеттік қолдауларды жан-жақты түсіндіріп берді. Десе де, қала әкімі Мұрат Әйтенов, жауаптыларға азаматтардың талап-тілектеріне қатысты шешімдерді шұғыл түрде шығаруды тапсырды. Сонымен қатар, кейбір өзекті мәселелерді дер кезінде өзі реттеп берді. Мұрат Дүйсенбекұлы орынбасарларына, басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне қабылдауда көтерілген барлық өтініштер бойынша тиісті зерделеу жұмыстарын жедел түрде жүргізіп, азаматтармен кері байланыс жасауды тапсырды. Сондай-ақ талап-тілектерді заң шеңберінде қарастырып, халықтың тұрмысын түзеу, өмір сапасын арттыру жолында бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.